Бірыңғай нұсқа таныстырылды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын таныстырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. "Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда "бір әріп – бір дыбыс", "бір әріп – екі дыбыс" және "бір дыбыс" принципі қолданылды. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсындық" , – деді Тілешов.
«Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды», – деді ол.
Е. Тілешовтің айтуынша, жаңа әліпби қабылдау, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы реттен келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс.
«Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді», – деп атап өтті тілдерді дамыту республикалық орталығының директоры. Жаңа нұсқада "ә" дыбысы "ae" деграфымен берілсе, "ө" – "oe", "ү" – "ue" деп таңбаланды. Мәселен, "әлем" – "aelem", "өркен" – "oerken", "үкімет" – "uekimet" болмақ. "Мұндағы айрықша тұрған дыбыс – "ң". Ол қазақ тіліне тән дыбыс, басқа тілдерде де бар. Біз оны "ng" деграфымен бердік. Осындай деграфпен беру ағылшын тілінде де, басқа бірнеше дыбыстарда кездеседі. Оны қабылдау да оңай болады", – деп атап көрсетті Тілешов.
Бұдан бөлек, "ғ" – "gh", "ч" – "ch", "ш" – "sh" және "ж" "zh" болып белгіленеді. Ал "ц", "в", "ф" сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарды мүлдем алып тастау туралы ұсыныс болған.
"Тура осындай мәселе 1920 жылдары әліпби тақырыбы көтерілгенде айтылған болатын. Жат дыбыстарды кіргіземіз бе, жоқ па, осы мәселе қаралды. Аxмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, білімпаздар сьезінде Аxмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сақталуына аз да болса ақысы бар "һ" дыбысы жайында айтқан болатын. Өйткені "һ" дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар дейді. Яғни, Аxаң бастаған зиялылар егер сөздік қорымызда олардың орныққан белгілі бір сөздік қоры болса, ондай дыбысты сақтау қажет деп санайды. Біз де осы принципке келісіп отырмыз. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасында осындай дыбыстарға орын бердік", – деп атап көрсетті Тілешов.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа нұсқаға апробация жасалды. Оған қатысқан азаматтар аталған әліпбиді қолдап отыр.