ЖАЗБА АЙТЫС: Абылай мен Аслан
Төл жобамыз – "Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысы шарықтау шегіне жетті. Бүгін көз алдарыңызда қостанайлық қос тұлпар – Абылай Мауданов пен Аслан Қанғожин айтысады. От ауыз, орақ тілді ақындар сөз өнерінің көрігін қыздырып, жазба айтыстың жарқын үлгісін көрсетеді деп сенеміз. Жыр-жарысқа түскен жүйріктердің қайсысы қара үзіп келер екен? Тақымымызды қыса түсейік, ағайын!
Абылай:
Өлеңнің ерттеп мініп кер дөненін,
Өнердің қиясы еді өрлегенім.
Армысыз, тай күнімнен тілектес боп,
Жырыма бар назарын бөлген елім.
Сіздерге белгілі ғой талай-талай
Топ жарып мүшайрада төрлегенім.
«Ақын» деп атақ алып жүргенменен,
Айтысқа әсте көңіл бөлмеп едім.
Байқасам, былтыр-биыл бағым сынап,
Қып-қызыл «майдан» екен ол дегенің.
Қазылар Қанғожинге қарсы салып,
Өзінше көрсеткендей «қол көмегін».
Биылғы «Шабытты» алған шалқұйрықтың,
Ағайын, білесіздер зор беделін.
Ізетті інім санап Асланға
Өмірі қатты сөйлеп көрмеп едім.
Ал, енді тура кеп тұр «шарпысуға»,
Кім білген қол берерін, жол берерін?
Тап мұндай «тосын сыйды» күткен кім бар,
Көп екен көргенімнен көрмегенім.
Қазылар жұптаса енді қашайын ба,
Бір қызық естен кетпес жасайын да.
«Болған соң өзім ақын кімді аяйын?»
Аслан, атайын ба, асайын ба?
Жоқ әлде шашайын ба, басайын ба?.
Тойында Омар Шипин, Би-ағаның,
Ойынға құмар қанар басайын да…
«Белгісі жүйрік аттың шашасында»,
Аслан, алды деме аса сынға.
Шашаңа шаң жұқтырма шама келсе,
Біреудің қалмау үшін тасасында.
Арманда кетпе енді, кезек бердім,
Өзің біл, атасың ба, асасың ба,
Жоқ әлде шашасың ба, басасың ба?
Жаңылтпаш емес мұным, жұмбақ та емес,
Өзіңді санағаным хас асылға.
Аслан:
Түсініп Тәуелсіздік, теңдік құнын,
Сыналар шаққа, міне, келдік бүгін.
Ассалаумағалейкум, арда қазақ,
Кернеген көкейіңді шерді ұқты ұлың.
Арыстың оқиғасы ойлантып тұр,
Десек те талай апат көрдік бұрын.
Салдары салғырттықтың деп білемін,
Келтірген қараша елге дерлік шығын.
Жазасын жауаптылар алсын деймін,
Жетсе егер нысанаға мендік бір үн.
Үрейден үйін тастай босқандарға,
Көмек беріп, таппады ел-жұрт тыным.
Әйтсе де тасадан тас атқандар көп,
Еңкейтіп алмайықшы елдік туын…
«Ар ма» деп Әбекеме бұрылайын,
Осылай ойды өзінше желдіртті інің.
Өлеңнің бір сардары өзің едің,
Көрсетер жыр-майданда ерлік түрін.
«Қу ілген айдын көлдің сұңқарындай»,
Біріне кез болыппын ең мықтының.
Жолымыз тоғысарын сезген едім,
Әрдәйім бола бермес өз дегенің.
Тәтті айтса, дәру болар жаныңызға,
Қатты айтса, қару болар сөз дегенің.
Алдыма салып жүрген аға-доссың,
Жаныңды жараламау – көздегенім.
«Өзің біл, асасың ба?» деп қалыпсың,
Әбеке, жоқ еді ойым өзге менің.
«Тыныш жүрсең, колхоздан шығармайды»,
Мен осылай түсіндім сөз бедерін.
Би-ағаң шығармасы – «Қызыл жалау»
Білетін сонау ерте кезден елім.
Сондағы кейіпкердің сөзін жазып,
Жұмбақтап бұл ініңнен не іздеп едің?
«Жұмбақ емес» депті де, жұмбақтапты,
Әбекең бүгін өзге ырғақ тапты.
«Қызықты естен кетпес жасаймын» деп,
Байқаймын, бұл додаға жыр баптапты.
«Ашайын жолыңды інім» деп айтпайды,
«Асайын» деп көздеп тұр бір мақсатты.
Абылай:
Жігітсің жас күнінен жыр құраған,
Бергейсің сөздің іші, сыртына мән.
Екеуміз бір өрістің төлі едік ғой,
Көріссек сағынысып шұрқыраған.
«Атайын ба?» дегенде, Аслан-ау,
Деп әсте ойлағам жоқ «мылтық алам».
«Асайын ба?» деген де тойға сақтар
Сүр етті айттым қазанда бұрқыраған.
«Шашайын ба?» дегенім шашу еді,
Түсінбесең, боп тиер түрпі маған.
Бауырыма бассам деп құмарландым,
Мен едім татулыққа ынтық адам.
Аслан, айналайын, жан бауырым,
Жараспас маған сені алдау, інім.
«Өзің біл, асасың ба?» дегенімде
Алдыңа қойған едім таңдау, інім.
Әр сөзге астар қағып шегеледім,
Ойыма бойламадың неге менің?
«Шашаңа шаң жұқтырмай, менен асып
Кетуге шамаң бар ма?» деген едім.
Жарармын кеңейтуге керегеңді,
Алаған қолым әркез береген-ді.
Алдыңа пейілімді жайып салдым,
Айтшы, қандай «жол ашу» керек енді?
Деп сенген «топтан торай шалдырмайды»,
Сайысты ақын қалай жандырмайды?
«Тыныш жүрсең колхоздан шығармайды»,
«Тыныш жүрсең» айтыста қалдырмайды.
Сол үшін сөзбен сені түрте бердім,
Сен болсаң сақтық жасап үрке бердің.
Енді аянар жерің жоқ, Асланжан,
Дәл бүгін нөсерлетіп жыр төгер күн.
Ақыннан жыр қалады белгі болып,
Көңілмен көргенімді келдім өріп.
Аңырдым мен де сендей, бейбіт күнде
Босыған бомба түсіп елді көріп.
Ұшқанда қоймамыздың күлі көкке,
Жалындым Жаббар Ие Құдіретке:
«Қазақтай қаруы кем қамсыз елді,
Дұшпанға пенде қылып күңірентпе!».
Жұлдызға қолын созар ғарыштағы,
Емеспін даурықпаның «данышпаны».
«АЭС саламыз» деп жүрген елге,
Жарылыс сабақ болсын Арыстағы.
Бақытты ұлтқа айналу – ойдағы арман,
Не пайда құр уайымға бойлағаннан?
Пейілді түзеп енді тәуба дейік,
«Мұнан да жаманымда тойға барғам».
Сенгесін азат елдің ақ таңына-ай,
Қақым жоқ езілуге шақта мұндай.
Босаған бомба түспей үштен бірі,
Арқалық кешкен күйден сақта, Құдай.
Бірліксіз қонып еді қашан бақыт,
Туды енді ел елдігін жасар уақыт.
Қираған қала қайта гүлдемей ме,
Бәріміз үлес қоссақ асарлатып.
Аслан, мінген күннен сөз дөненін,
Елдіктің қамы дәйім көздегенім.
Арыста төрт жүз елу пәтер салмақ,
Көрсетті Қостанай да өз көмегін.
Береке тұрақ таппас пейіл кетсе,
Қуанам жырым жұртты мейірлі етсе.
Көтеріп елдік туын биіктерге,
Жырлайық Омарларша, Бейімбетше.
Аслан:
Тізгінді жібер, аға, бір қызып ап,
Бұл інің шабысыңа шын қызығад.
«Сөйлеткен» құмалақты балгерлердей,
Жұмбақтап «жол ашқаның» тым қызық-ақ.
Маған мәлім талабың, талғамың да,
Әлеуетің, сырларың, арманың да.
Алайда, «бұл қалай?» деп түсінбедім,
Сынаққа бауырыңды салғаныңда.
Айтысып жатқанымыз еске түсіп,
Содан соң келе қалдым сәл сабырға.
Алғаусыз пейіліңді танытқанмен,
Айтыссаң дайын екен қармағың да.
«Алайын да шалайын» жатыр ма екен,
«Ашайын-шашайынның» ар жағында?
Бітсе егер Әбекеңнің жұмбақтары,
Жырлайын мәселені біз жақтағы.
«Жалғыз қазақ мектебі жабылмақ» деп,
Жаңсақ ақпар бар елді тулатқаны.
Мәнісін мәселенің түсінбестен,
Желіні даурықтырды шулап бәрі.
«Қазаққа қауіп төнді» деп біреулер,
Жараны ушықтырды улап тағы.
Көшеді деген мектеп қалдырылды,
Әкімнің бізге айтқан бір ақпары.
Қазақша тағы мектеп ашылады,
Ұлт рухын жүрген жоқпыз құлатқалы.
Деп жүрсек жақсыға жұрт қуанады,
Аз болды бастаманы ұнатқаны.
Жақсылыққа келгенде «сыншылардың»,
Естімей қала ма осы құлақтары?
Бірлікпен кеңге жайсақ керегені,
Ұрпаққа сол іс болар өнегелі.
Ырыс-құт қашып жатса өзге елдерден,
Ынтымақ болмағаны себеп еді.
Әлгі жайт Әбекеңе таңсық емес,
Ойымды керек боп тұр шегелеуі.
Би-ағаң бұл жағдайды қалай көріп,
Ол жайлы Омар ақын не дер еді?
Ініңе жарасады бағыт берсең,
Жолыма самаладай жарық берсең.
«Шашуды шашайын ба?» депсің өзің,
Шашарсың шаршы топты жарып келсем.
«Асатын сүр етім бар» депсің және,
Асарсың мен жүлдені алып келсем.
Абылай:
Мен саған жасап едім айла қай күн,
Кейпіңді дәл көрсетер айнадаймын.
Кездессе өзің сынды өрелі ақын,
Неліктен лайықты сөз сайламаймын?!
Даудың басы болды ма тұспалдарым,
Көк сиыры секілді Дайрабайдың?
«Алайын, шалайын» деп ойладым, рас,
Қалайша тағдырыңа жай қараймын?!
Томағаңды алайын осы айтыста,
Қыранға айнал екпіндеп жайған айбын.
Ақсарбасым шалайын шаттығыңа,
Өзіңді соңыма ерген тай балаймын.
«Жұмбақтап жол ашты» деп уайымдама,
Жолыңды мен ешқашан байламаймын.
Алдына түсіп бірақ қазылардың,
Аузыңды құр уәдемен майламаймын.
«Сөйлетер құмалақты» «балгер» солар,
Олардан асып бекер сайрамаймын.
Соны ұққын, мен сияқты ағаң барда
Қиядан деп ойлама тайғанаймын.
Қостанай жайлы айтсам халқыма ептеп,
Бар еді қазақ тілді алты мектеп.
«Жалғыз мектеп» деп айтқан қай оңбаған?
Жазалау керек оны жалпы көптеп.
Бұл жайлы қала әкімі айғақ берді,
Айғаққа ермей ел бірақ, ғайбатқа ерді.
«Жетінші мектеп ашсаң, ал, міне» деп,
Лайықты ғимарат та сайлап берді.
…Пілге үрген қандендер қайдан ғана,
Түсінсін Қайрат сынды қайраткерді.
Жылт етсе өтірік сөз, жалған ақпар,
Желінің «жапалағы» қалбалақтар.
Өтетін өлексе аңдып, тышқаншылап,
Сауысқан, өңкей құзғын, жарғанаттар.
Қоғамды іштен әбден ірітті ғой,
Аққа күйе боп түскен таңба, дақтар.
Мәз болып жұрттың басқан "лайыгына",
Бармайтын мәселенің байыбына,
Пиғылы тап тартысын елестетер,
Өшіккен кедей-кепшік бай ұлына.
Көбейді шуылдақтар желідегі,
Тік қасық бола қалар дайыныңа.
Имандай иланады фейктерге,
Сенбейді Әсиядай шайырыма.
Әкімге әмір қылсам деп армандар,
Сөзі өтпей жүрген жандар зайыбына.
…Солардың кесірінен Тәуелсіздік
Тұр қазір тәуекелдің қайығында.
«Ол жайлы «Омар ақын не дер еді?»
Аслан сауал қойдың өнегелі.
Омар бабам Сардардың досы емес пе,
«Жауабын» лайықты қып берер еді.
«Диванның батырларын» жинап алып,
Дұрыстап май құйрықтан тебер еді.
Ал Би-ағаң биязы жан болған соң,
Бұл іске сәл басқаша келер еді.
«Ай, Мырқымбай, бай-бай-ай» деп басын шайқап,
Өлтіріп әжуәмен шенер еді.
Аслан, жүрегіңнен жыр ақтардың,
Жайларды білгің келген сұрап қалдың.
Білгесін бел қайыспай шыдарыңды,
Оспақтап, салмақ салып сынаққа алдым.
Түсінсең, бұл да саған бір көмегім,
Жан едім көзін ашқан бұлақтардың.
Өмірде, өнерде де биік те бол,
Ақ адал пейіліңді ұнатқанмын.
Жыршысы бол Омардай Қостанайдың,
Жаршысы бол мәңгілік мұраттардың!
Аслан:
Жаныма шуақ берген көктемдейсің,
Бағыма көңіл гүлін еккендейсің.
«Өзіңнен досың артық болсын» деген,
Бір нақыл көкейге ой сепкендей шын.
Сенің де мерейің ғой асып тұрсам,
Биікте болсам, сен де көкке өрлейсің.
Қостанай – құтты мекен, гүл бағымыз,
Жетерміз бұдан жарқын күнге әлі біз.
Әбеке, екеуіміз осы өлкенің
Үкілеп топқа қосқан ұлдарымыз.
«Ақырса су шығарған қара тастан»,
Атақты асылдардың жұрнағымыз.
Кешегі Омар, Нұржан, Нұрхандардай
Жетсе екен жалпақ жұртқа жырларымыз.
Тілшілік қызметте жүрген жанбыз,
Дей алман Би-ағаңдай тұлғалымыз.
Жұрт үшін қылдай ғана қылғанымыздай,
Қалса екен соңымызда бір қалың із.
Осы елді мен де сендей сүйіп келем,
Деп жүрмін жүректегін жиып берем.
Домбыра күні, ағайын, құтты болсын,
Өнер аласармасын биіктеген.
Домбыраның үні бар өр кеудемде,
Сол үн елді жұбатқан шерленгенде.
Мұңы, шыны, жан сыры – домбырада,
Қазақ оны досынан кем көрген бе.
Қасиетіне бас иген бұл аспаптың
Есігімнен еңкейіп енгендер де.
Қуанышты бөлісіп қос ішекпен,
Көңілін де жеткізген көрген жерде.
Құрманғазы қолынан тастамапты,
Түрме көріп, талай жыл тергелгенде.
«Ел айрылған» – қазақтың қасіреті,
Тебіренесің «Қосбасар» тербелгенде.
«Қайран шешем», «Көкіл» мен «Көроғлы»,
Көңіліңді салады сергелдеңге.
Әуелі күйін тыңдап алсын деймін,
Қазақты танығысы келгендерге.
Қазақтың алда әлі абат күні,
Күн болар барша әлемге тарап нұры.
Елорда күніғ, міне, кеп жетіпті,
Елімнің мәңгі болсын азаттығы.
Өнерді дәріптеушілерге рахмет,
Шыңдаған топқа қосып талаптыны.
Әбеке, саған дағы ризамын,
Кешерсің кетсе ініңнің ағаттығы.
Соза бермей осымен доғарайын,
Кешкі алтыдан ауыпты сағат тілі.