Жат бала болмайды
Қамқоршы күні елімізде 2010 жылдан бастап ҚР БжҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің бастамасымен мерекеленіп келеді. Рудныйлық балалар үйі де жылдағы әдетінен жаңылмай, Қамқоршы күнін ескерусіз қалдырмады. Алдымен, мекеменің психолог мамандары жетімдерді қамқорлығына алған азаматтарды арнайы шақырып, олармен түрлі тренингтер ұйымдастырды. Кейін балалар үйінің акт залында үздік өнер ұжымдарының қатысумен концерттік бағдарлама ұсынды. Шараның салтанатты бөлімінде қамқоршы отбасыларды мерекелерімен қалалық ішкі саясат басқармасы мен білім бөлімінің өкілдері және колледж басшылары, балалар үйінің директоры әрі мұндағы 181 тәрбиеленушінің ресми қамқоршысы Павел Коваль құттықтады. Ол өз сөзінде соңғы бес жылда балалар үйінің 133 тәрбиеленушісі отбасын тапқандығын және тағы 219 бала қамқорлыққа алынғандығын атап өтті.
–Бүгінде еліміз бойынша 30 мыңға жуық бала асырап алушы, қамқоршы отбасына мұқтаж. Жыл сайын мыңдаған бала қамқорлыққа алынып жатқанымен, одан да көбі балалар үйіне келіп түсуде. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамай, бүкіл қоғам елімізде, жетім, тастанды балалардың болмауына күш салуы керек, – деді ол.Павель Коваль балалар үйіне үнемі қамқорлық көрсетіп келе жатқан бірқатар мекеме-ұйым басшылығына өз ризашылығын білдіріп, 9 қамқоршы отбасын алғыс хаттармен марапаттады. Солардың ішінде – Рүстем мен Әлия Ғалиевалар да бар. Меңдіқара ауданы, Боровское ауылының тұрғындары жетімдер үйінің 5 баласын бауырына басқан. Үйдің үлкені Аиданы 1993 жылы небары 2 айлығында Қостанайдың «Дельфин» сәбилер үйінен асырап алса, 20 жасар Ринат – Арқалықтағы балалар үйінің тәрбиленушісі. Одан кейінгі Мансұр мен Адияны «Дельфиннен», ал Надяны Рудныйдың балалар үйінен өз қамқорлығына алған.
(Ғалиевалар отбасы)
– «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп қазақ айтпай ма? Тағдырдың жазуымен бала сүйе алмадық. Алайда бұған мойыған жоқпыз. Жағдайымыздың көтеруіне қарай балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығымызға ала бастадық. Бауырымызға басып, туған баламыздай көрдік. Бесеуінің ұлты әр түрлі. Аидада орыс пен қазақтың қаны бар, Ринат – украин, Мансұр – поляк, Надя – орыс, тек Адияның ұлты ғана – таза қазақ. Барлығы үшін қазақ тілі ана тіліндей болып кеткен. Ұлдар жағы маған қолғабыс жасап, техникаға жақын өсті. Қыздар болса, үй шаруасына ширақ, егін ексек, жайнатып жібереді, – дейді отағасы Рүстем.Ғалиевтар жанұясының көпке үлгі боларлық сауапты ісіне сүйсінбеске болмайды. Қазіргі қазақтың жас отбасылары өздері туған 1-2 баласын асырауды қиямет көрсе, кейбір безбүйрек аналар бауыр етін көрінген жерге тастап кетіп жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл масқара жағдай еліміздегі отбасы институтының, жалпы қоғамның құлдырауға ұшырағанын байқатса керек.– Бір отбасылар жалғыз балаға зар болып жүрсе, енді бірі одан құтылуға асығады. Бірақ түптің түбінде сол бала жаңа отбасын тауып жатса, керемет емес пе? Жат бала болмайды. Баланың қадірін түсінбеген жат ана болады. Мен шетелдіктерге бермей, Қазақстанның әрбір жүзінші жанұясы бір баланы асырап алса, елімізде балалар үйі қалмас еді. Не дегенмен қарапайым отбасында тәрбиеленген баланың болашақта жақсы азамат болуына толық мүмкіндік бар,– дейді Әлия Ғалиева.Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Ешкімі жоқ жетім балаларды өз асырауына алған адам, менімен жұмақта екі саусақ сияқты көрші болады» деген екен. Балалар үйіндегі бүлдіршіндер мына жарық дүниеге тағдырдың тәлкегін тарту үшін келмегені белгілі. Олар да аналық мейірімді, әкелік қамқорлықты аңсап жүр. Көздері жәутеңдеп Сізді күтіп отыр. Егер жағдайыңыз көтерсе, әлеуметтік ахуалыңыз мұрша берсе, балалар үйіндегі тастанды сәбилерді асырап алуға, бейкүнә балақайларға ата-ана болуға асығыңыз!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ