ЖАЗБА АЙТЫС: Тоба мен Алтынай

"Құтты мекен – Қостанай!" республикалық жазба айтысының үшінші айналымы басталды. Бұл кезеңге қазылар шешімімен төрт жұп, сегіз ақын жолдама алған еді. Бүгін қостанайлық Тоба Өтепбаев пен алматылық Алтынай Қанапия айтысады. Ендеше, үлгілі аға мен ізетті қарындастың арасындағы жарасымды өлең-сұқбатқа назарыңыз аусын, құрметті оқырман!
Тоба-Алтынай
Тоба:
Жас едім, жанып тұрған жалын едім,
Айтарым таусылған жоқ әлі менің.
Айтыстың алаңына атой салып,
Сөйлейтін сәтім туды тағы менің.
Тобылдың толқыныңдай жар кеміріп,
Мен де бір жағаны ұрған арын едім.
Қостанайым, тамаша табиғатың,
Бойыма содан шабыт алып едім.
Ассалаумағалейкүм, қарағайлы
Қалың орман секілді қалың елім.
 
Қостанай – құтты мекен, зиялы ордам,
Қазақтың ұл-қызына ұя болған.
Тәтіқара ақынның текті сөзі,
Жаугершілік заманнан мұра болған.
Ахмет, Міржақып пен Ыбырай, Шоқан,
Қазақты бастап шыққан қия жолдан.
Бейімбет бір дәуірдің дүлділі еді,
Қақ жарып қара жерді тұяғы орған.
Ұлытаудың ұлары Омар Шипин,
Обаған тұғырына сірә қонған.
Мәриямның осында мөлдір жыры,
Елубай, Серкелерім – сыңар олжам.
Кәмшат қыз орақ салып сары күзде,
Егін орған сары алқап, құба жоннан.
Мұхамеджан Сералы, Елдес Омар,
Судың көзі бұлақ пен тұма болған.
Нұрхан, Нұржан, Сәт, Құтжан ақындары,
Шандатып топтан озған құла жорғаң.
Соларға қоныс болған бұл кең дала,
Сыңсыған қалың жыныс мынау орман.
 
Алтынай, амансың ба, қарындасым?
Біл, қалқам, мендей аға табылмасын.
Паспортын бүгін алған қыз екенсің,
Келіп тұр 16-ға қазір жасың.
Өлеңнің өлкесіңде, өрімдей қыз,
Өнерің арындасын, жалындасын.
Жаралған жаның нәзік қыз бала едің,
Ағаңнан бүгін тауың шағылмасын.
Мен өзім қазақ тілдің маманы едім,
Ұстаз тірер мектептің қабырғасын.
10-шы сыныпта оқып жүр екенсің,
Садағыңның сайла енді адырнасын.
Абайдың атында екен мектебіңіз,
Сондықтан басқалардан бағың басым.
Ендеше, Абай жайлы сұрақ қойып,
Ағаң сенен емтихан қабылдасын.
 
Адамзаттың Абайы – кемеңгері,
Хакімнің ұлтқа ақыл дегендері.
Қай ақынның атынан жарық көрді,
Абайдың ең алғашқы өлеңдері?
 
Абайдың кең болыпты керегесі,
Екінші сұрайтыным сенен осы.
Неше рет неке қиған ұлы Хәкім,
Шариғатқа сай болып өнегесі?
 
Өзі ұнатып алғаны қай жары еді?
Махаббатқа желпініп делебесі.
Құнанбай құда түсіп алып берген,
Алшынбайдың кім еді немересі?
 
Алтынай:
Жаңылмаймын, бастысы, білім десем,
Дұрыс болмас тереңге үңілмесем.
Алдымда екі сынақ күтіп отыр,
Оқушының осылай күнін кешем.
Келер жылы ҰБТ емес пе еді,
Жөн болар мұны ойлап түңілмесем.
Екіншісі – ағамның емтиxаны,
Сын емес пе назарға ілінбесем.
ҰБТ-ның сынағы түкке тұрмас,
Ағамның сынағынан сүрінбесем.
 
Жауабымды ағама топтай келем,
Жүйріктер шынығады көп бәйгемен.
Абайдың өлеңдері жарық көрген,
Шәкіртінің атынан Көкбай деген.
 
Жан-жағына жақсыны жиған екен,
Інілерге ақылын құйған екен.
Шариғаттың жолымен Хәкім Абай,
Үш рет ақ некесін қиған екен.
 
Ақын деп орын берген xалық төрден,
Ақ-қараны жырына танып терген.
Алшынбай немересін Ділдә деген
Құнанбай құда түсіп алып берген.
 
Аңсаумен ауырлайды жан салмағы,
Абайдың да болған ғой аңсар бағы.
Ұнатып алған жары – Әйгерім ғой,
Тоғжанына ұқсайтын ән салғаны.
 
Сөйлейін асыл сөзге сан мәнді үйіп,
Біздерде тұр емес пе арман биік.
"Қостанайдың таңына" қайта шықтық,
Байқасақ, оқырманда талғам биік.
Бейімбет, Омар, Аxмет, Міржақыптай
Бұл өлке талай нарды алған жиып.
Жәукедей батырды да сен туғансың,
Қашан да елін қойған жаннан биік.
Жырлай бергім келеді бұл өлкені,
Жырымның әрбір сөзін балдан құйып.
Бабасын ұлықтаған ұлы күні,
Алашым, аманбысың, заңғар биік?
 
Тобадай ағамыздың жаны нұрлы,
Жаратқан сарқылтпасын сабырыңды.
Мен сізді тым ерекше құрметтеймін,
Сыйлаймын өнеріңді, дарыныңды.
Біріншіден, айтыскер ақынсыз ғой
Білмейтін құр мақтау мен жағынуды.
Екіншіден, ұстазсыз ұлағатты,
Шәкіртіне берері – анық үлгі.
Екі ұлы қызметті арқалаған,
Тобадайын ағамның бағы құнды.
Абайдың жүрген жолын білсін деген,
Мен сенің бағалаймын тәліміңді.
Текті елдің сіңірген тәрбиесін
Қарындастар арттырсын қадіріңді.
 
Аузында болса адамның Жаратқаны,
Үмітпенен атады әр ақ таңы.
Төтесінен қойылған сұрағыңды,
Алтынай ақылменен сараптады.
Сауалыңа жауабы дайын болды,
Өйткені ақын жайлы мол ақпары.
Адамдардың барлығы, ау, ағатай,
Бес күндік бұл жалғанның қонақтары,
Хәкімше сөйлесеңші тыңнан дерек,
Десін жұрт ел үмітін Тоба ақтады,
Біреуді сынаймын деп. сыбаймын деп,
Кетіп қалып жүрмегін ағат тағы.
Айтыста қарсыласын бұл ағамыз,
Отыр ма окушыға балап тағы?
Абайдай айтпаса да әрбір сөзін,
Апайдай айтады екен сабақтағы.
 
Тоба:
Аңдысып, сөз қағысып байқадық бір,
Қылықты қарындассың айтар ұтқыр.
Гуглше жауап бердің сауалыма,
Тіліңнен бал тамып тұр, май тамып тұр.
"Кетіп қалма, – деймісің, – ағат тағы?"
Бұл сөзің уәж болмады айталық бір.
Апайға теңеп мені жібердің-ау,
Қоймасам болмас бұны тойтарып бір.
"Ағай" деп айтқаныңда жөн болар ед,
Ағат кетіп қалғаның байқалып тұр.
 
Ұстаз – сенің тәрбиешің, мектеп – ортаң,
Өзіңе үміт, сенім көптеп артам.
Абайша айтпады деп әрбір сөзін,
Апайларды тыңдамай кетпе, қалқам.
 
Бұны бірақ кемшілік санамаймын,
Өзіңді ерке қыз деп аялаймын.
Мектепте жүргеннен соң білім алып,
Ол жағы түзелер деп жобалаймын.
Ағаның сынағынан сүрінбеуді,
Ойлаған қарындасты бағалаймын.
ҰБТ-ға дайындық осы болсын,
Сабағыңа мен бейжай қарамаймын.
Тағы да бірер сауал қойып көрем,
Іздеді деп ойлама қарадай мін.
"Қарындас қара жерге тыға алмай жүр", –
Деген сөзі бар еді дана Абайдың.
Осыны түсінесің сен қалайша? –
Тарқатып береді деп жобалаймын.
 
Алтынай:
Нашар қылық, әдеттен қашық адам –
Ағамның ұнап отыр xошы маған.
"Қарындас" –ағайын жұрт деген сөзі,
Алдымен мағынасын ашып алам.
"Қарындас жерге тықты" деп Абайым
Туысына налы еді шашыраған.
Абайды қадірлемей ағайыны,
Айлаларын асырған пасық, арам.
"Бейімбет жау болса, мен де жаумын", – деген
Ғабиттей аз болған ғой асыл адам.
Қамшының астына алып, ішқұса қып,
Өлтірді жақын деген қасы надан.
Сұрағыңның жауабы осы, аға,
Айтқанымыз болсыншы рас ұнаған.
Не дегенмен, қоғамның кінәсі ғой,
Әз жақсыға жандары ашымаған.
Кезінде Маxамбеттің басын алып,
Сократқа у ішкізген – осы қоғам.
 
Қазағым, отқа қидың сан дүріңді,
Айтайын осы жайлы жан жырымды.
37 жылдары зұламатты
Небір азаматтарды алды құнды.
Маңдайалды көп жандар Сталиндік
Саясат шеңгеліне қанды ілінді.
Әлиxан, Аxмет, Тұрар, Міржақып пен
Ілияс, Сәкендерге жау жұмылды.
Бейімбет, Мағжандарым мақсат қылды
Ұрпаққа азаттықты қалдыруды.
Ұлтым деп шырылдады зиялылар,
Атыруы қиын боп таңды нұрлы.
Арыстар-ай, зымиян бұл саясат
Қуғынға ұшыратты барлығыңды.
Он бес минут ішінде шыққан шешім
Бейімбеттей ел деген нарды қырды.
Ұмыту мүмкін емес құрбандардың,
Халқы үшін мерт болған қанды күнді.
Әр қазақ жаныменен сезінсе екен
Жалғыз оққа байланған тағдырыңды!
 
Ағамыздың жүрегі тұр-ау жылып,
Осындайда көрейін сұрау қылып,
Еркелігін көтеріп қарындастың,
Таныттыңыз бәріне шыдамдылық.
Шаш бояп, сырға таққан осы күні
Айналада есірген мың әңгүдік.
Бір ауыз ақыл айтып жарытпайтын
Жігіттер шақырмайды ұнамдылық.
Сіз сияқты үлгілі ағаларға
Кішіге ақыл айту – сыңар қылық.
Қарындасқа айтасыз қандай ақыл,
Сақтап жүрер жадында тұмар қылып?!
 
Тоба:
Алтынай, аспандағы айым-күнім,
Белгілі болды маған жайың бүгін.
Абай жайлы сұрақтан сүрінбедің,
Жақсы екен әдебиеттен дайындығың.
 
Алтынайым, елігім, аяулы айым,
Саған қамқор болудан аянбайын.
Ол рас, заман азып бара жатыр,
Бұл сөзіңе мен қалай оянбайын?!
 
Сырға тағып сызылған жігіттер көп,
Құрт-құмырсқа, бақа мен шаяндайын.
Кешегі Бұқар бабам жорып берген,
Абылай xанның түсін баяндайын:
 
Құс ұйқыда түс көріп xан Абылай,
"Өзің жар бола гөр, – деп, – пана құдай",
Бас жыршысы Бұқарға жорытқанда,
Былай деп берген екен жауабын-ай:
 
"Көрген түсің – ұрпағың, ұрым-бұтағың,
Арыстан болады екен бір ұрпағың.
Арыстанның ішінен шыққан көкжал,
Құлатпай сақтайды екен бұның тағын.
 
Көкжалдан соң салса егер түлкі бұлаң,
Заманы келген екен қырсығынан.
Ұрпағың ұсақтала бастайды екен,
Көндігіп көңіліңнің ырқы бұған…"
 
Абылай құс ұйқыда шошыған-ды,
Бұқар жырау жорыпты осыларды.
Сырға тағып, шаш бояп сызылғандар,
Бақа-шаян болмаған несі қалды?
 
Қуғаны шаяндардың жалған дақпырт,
Қазақтан қазір кеңдік қалған мәрттік.
"Уақыттың талабы, – деп, – заман солай"
Өзімізді өзіміз алдарқаттық.
 
Айтып мен түсіндіремін кімге нені?
Ірі еді бабаларым, іргелі еді.
Заманның заңы солай дегенменен,
Бәріне есеп берер күн келеді.
 
Ағадан жөн сұраған алтыным-ау,
Ақ адал құрметіңе шалқыдым-ау.
Көңілімнің көп еді күйік-шері,
Арылып аспан көкте қалқыдым-ау!
 
Айтатын ақылыма құлақ түрсең,
Болашақ кілтісің ғой жұмақтың сен.
Қыз дегенің – ұяты әрбір ұлттың,
Білесің не екенін ұяттың сен.
 
Абай сүйген Әйгерім, Тоқжандай,
Жүзіңнен төгілсін нұр шуақ, күлсең.
Ұлжандай ұжданы бол ұлтымыздың,
Мөп-мөлдір бастауысың бұлақтың сен.
 
Бейімбеттің жан жары Гүлжамалдың
Ар-намысы – қасиет үлгі алар мың.
Арысы қайыс ноқта киген кезде,
Өзінен қорықпаған бұл зауалдың.
 
Түрменің төрт баламен торып маңын,
Ерлікке жатқызамын қорықпауын.
Сертке берік сүттей ақ аналар-ай,
Кеттіңдер ұлтқа үлгі болып бәрің!
 
Дәстүрді бұзар іске бет алмаған,
Ұяттан, ардан аттап өте алмаған.
Осындай аналардың арманының,
Жалғасы болшы, ботам, жете алмаған.
 
Қыз бала сұлу нәзік қалпыменен,
Ағаң да саған сенім артып елең.
Қыз да болсаң, мен саған мұңымды айттым,
Мұқағали ақынның салтыменен.
 
Алтынай:
Кішілерге беретін батыл үлгі,
Қашан да ағалардың аты нұрлы.
"Ақ жүректі ағамның айтқаны" деп,
Сақтап жүрем есімде ақылыңды
 
Ақынын xалқы демеп қостаса мың,
Қадамды алға қарай рас басарың.
Қоштасатын сәтіміз кеп жетіпті,
Осымен, аға, сізбен қоштасамын.
 
Руxыменен ешкімге берілмеген,
Алға қарап жылжыған сенімменен.
Бейімбет, Омарлардай азамат бол,
Қашан да ұлтым деген, елім деген!
 
Халқымызда көбейсін батыл жандар,
Көшбасшылар, батырлар, ақылмандар.
Ақындарға тілекші боп отырған
Сендер де қош болыңдар, оқырмандар!
 
Жолықтырмай Жаратқан қара шаққа,
Маxаббат, жылу берсін әр ошаққа.
Еліміз тек бақытты күндер кешсін,
Сеніммен қадам басып болашаққа!

You may also like...

3 Responses

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Алматылық Алтынай сұлудың басымдығы көрініп тұр. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт деген осы шығар. Тек алға! 

  2. Батырхан айтты:

    тек алға бауырым

  3. Магжан айтты:

    Тоба  басым болды,сөз салмағы  басым екені көрініп тұр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓