Ғасыр сазын тербеген

«Шертер» Қазақстандағы фольклорлық-этнографиялық ансамблдердің әкесі
Нұрғиса Тілендиев, Халық қаһарманы 
 
Арқалық қаласындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының Өнер секторы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің 45 жылдығына орай «Ғасыр сазын тербеген» тақырыбында сазды қонақжай өтті. Сол кездері өз өнерлерімен көрерменін тәнті еткен, әйгілі «Шертердің» белді мүшелері болған өнер тарландары: 1974 жылдан ансамбльдің әншісі болған Отаркүл Оразбайқызы Мұқатова, 1975 жылдан ансамбльде қазақтың қара домбырасында күмбірлетіп күй шерткен Әбжан Сәрсенбаев, 1987 жылдан ансамбльде қобыз аспабында ойнаған Жақсыгүл Ибрагимқызы Бөлтірікова кітапхананың құрметті қонақтары болды.Безымянный
          Торғай облысы филармониясының жанынан республикада тұңғыш 1974 жылы құрылған «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ұлт-аспаптар ансамбліне кезінде Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков сирек аспаптармен және оларда ойнай алатын, жақсы дауысы мен орындаушылық қабілеті бар өнерпаздарды іздеп жүріп жинаған екен. Алғашқы директоры кәсіпқой музыкант Төкен Елтебаев, тұңғыш көркемдік жетекшісі Қайыржан Мақанов болған.
       Ансамбльде қазақ ортасында сол кезде қолданысында ұмыт бола бастаған көне музыкалық аспаптар – шертер, жетіген, сырнай, шаңқобыз, асатаяқ, қамыс сырнай, тұяқтастар қайта жаңғырған еді. Шертер ансамбліндегі басты аспап болатын. Репертуарда қазақтың сирек орындалатын халық музыкалық шығармалары – терме, күй, әндер, билер, тіпті монолог, көркем сөздерге дейін болыпты.
Алғаш ансамбль құрылғанда негізгі құрамында – Айжан Настаева, Қазымгүл Бозанова, Сапар Әбенов, Қыпшақ Қойғарин, Қайыржан Мақанов секілді өнерпаздар болған. Екі ай өткен соң ансамбльге Отаркүл Оразбайқызы қабылданады. Келе-бара құрамы Жақсылық Қазықанов, Қадамша Баймурзин, Сапарғали Қодаров, Шотпай Жолдасбеков, Сайлау Ордабаев, Әбжан Сәрсенбаев, Кеңес Бірмағамбетова, Ғалымжан Құрманов, Дариға Құрманова, Молдаш Файзуллин, Тойған Ізімова, Тұрсынбек Әлмағамбетов, Жақсыгүл Бөлтірікова, Мейрамғали Жұмабаев, Жарылқасын Әбілтаевтармен толығып отырған ансамбльдің ел арасынан шыққан өнерпаздар бұл өнер ұжымының шабытын шарықтатып, абыройын асқақтатты.
         Торғайдай киелі топырақтан түлеген «Шертердің» өнеріне ансамбль құрылған 1974 жылдан бастап-ақ өнер сүйер халқы ризашылықпен қол соққан!  1974 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы – Алматы қаласындағы "Торғай өнерінің күндеріне" қатысқан «Шертердің» Қазақконцерт залында бағдарламасы аншлагпен өткен екен. Күніне 2 концерттен беріп отырған 3 күнде де залда ине шаншар орын болмаған деседі… Алматыға келесі өнер сапарымен барғанда,  Опера театрында өткен концертте көрермендер арасынан сахнаға көтерілген композитор Латиф Хамиди мен Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев сияқты өнер тарландары халық қазынасын, ұлттың рухани асыл мұраны елеусіз қалдырмай, жаңаша түр мен сипат берген Торғайдың «Шертеріне» жүрекжарды алғыстарын білдіргені жас өнер ұжымы үшін үлкен баға еді. Қазақстанның барлық облыс, қала, ауылдарын аралап, өнерлерімен сусындатқан «Шертер» Республикадан тыс Үндістан, Иран, Польша, Болгария, Вьетнам, Корея, Филиппин, Жапония сияқты шет елдерде өнер көрсеткен…
      Өкініштісі, 1997 жылдың мамыр айында халықты өнерімен сусындатып жүрген фольклорлық-этнографиялық ансамбь өз жұмысын тоқтатты.
     45 жылдығын атап өткен  «Ғасыр сазын тербеген» сазды қонақжайға қала, облысымыздың құрметті азаматтары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Жұмағали Сүлейменұлы, Боранбай Қазыбекұлы қатысып, «Шертер» жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бүгінде сол Шертердің көзіндей болып ортамызда жүрген әнші Отаркүл Оразбайқызы шырқатып ән айтса, күйші Әбжан Сәрсенбайұлы күмбірлетіп күй тартып, өнер сүйер қауымға шашу шашты.
 
 
                                                           Әлия Қарсақбайқызы,
 Арқалық. Кітапхана.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓