Құлақтан кіріп, бойды алған…
«Дегдар» қайырымдылық қоры қостанайлықтарға классикалық керемет музыка кешін сыйлады. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өткен мәдени шарада Динара Базарбаева-Сахаман, Тимур Урманчеев, Мұрат Нарбеков, Медет Шотабаев секілді елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер өнерлерін көрсетті.
Бұл қор Қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен республикада "Уақыт тіні" ("Времен связующая нить") атты қайырымдылық жобасын 8 жылдан бері өткізіп келеді. Бүгінге дейін әртістер 30-дан аса қаланы аралап, 52 концерт берген. Бұрын-соңды болмаған жобаның мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тың еңбеккерлеріне, еңбек ардагерлеріне, азат елде өмір сүріп жатқан баршамызға бейбіт күн сыйлаған барлық жандарға құрмет білдіру.
Жиылған қауым концертті айрықша ықыласпен қабылдады. "Құлақтар кіріп, бойды алар" әсем әуен, классикалық музыкамен жан тербеуге қариялар мен студенттер қауымы көп жиналған. Әртістер скрипка, виолончель, фортепианомен қазақ, орыс және шетелдік танымал туындыларды орындап, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Өнерпаздарға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жылы лебіз білдіріп, халық атынан алғыс айтты.
Айта кетейік, «Дегдар» гуманитарлық қоры бұған дейін Рудный қаласында дәл осындай концерт қойып, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат-үйде болып, мекемеге кәсіби музыкалық жабдықтарды сыйға тартқан еді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев