ҮЗДІКТЕР ҮШІНШІ АЙНАЛЫМДА
Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" бірлесіп ұйымдастырған "Құтты мекен – Қостанай!" республикалық ашық жазба айтысының екінші айналымы қорытындыланды. Бұл жыр додасы Қостанай қаласының, халық ақыны Омар Шипиннің 140 және көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналғанын айта кетейік.
Сонымен, жазба айтыстың екінші айналымына 12 қатысушы жолдама алған еді. Қазылар алқасының жұптауы бойынша, Алмат Кенжебеков (Қызылорда) пен Аслан Қанғожин (Қостанай), Алтынай Қанапия (Алматы) мен Жауынбай Жылқыбайұлы (Қостанай), Абылай Мауданов (Қостанай) пен Батырлан Сағынтаев (Қостанай), Злиха Кенжеғозина (Қостанай) мен Таңжарық Ержан (Нұр-Сұлтан), Дания Сәтбек (Қостанай) пен Еркеғали Бейсенов (Нұр-Сұлтан), Тоба Өтепбаев (Қостанай) пен Бауыржан Ерман (Қарағанды) сөз бәсекесіне түсті.
Қадірлі оқырман, енді осы жұптардың айтысына қысқаша ғана шолу жасап өтпекпіз. Ақындардың жазба жырларын өздеріңіз де оқып шыққан боларсыздар. Сондықтан, өлеңдерді тармақтағаннан гөрі, олардың мән-мазмұнына байланысты қазылардың ортақ пікірін ортаға саламыз…
Айтысты Злиха мен Таңжарық бастады. Бұл жекпе-жекте Таңжарық басымырақ деп танылды. Злиха үміт күттірген ақындардың бірі еді. Алайда, алдыңғы айтыста жақсы өнер көрсеткенімен, осы жол өлең, ұйқас құрай отырып, ойын шашыратып алған секілді. Жүйесіздікке жиі бой алдырған. Одан кейін: "Оразада у-шусыз айтысайық, Аулақ бол бұл əпкеңді зарлатудан", – деп "уәделескен" соң, әпкенің өзі бастап сыпайылықтан аттамай айтысуы керек пе еді. Сөзбен шалу бір бөлек, бас-көзге қарамай төпелей беру тіпті басқа нәрсе. Таңжарықта да "ақын мен батыр әркез күндес еді" деген секілді орынсыздау тіркестер кездеседі. Дегенмен, өлеңдері анағұрлым сауаттырақ, салмақтырақ. Сондықтан қазылар жеңісті нұрсұлтандық ақынға берді.
Аслан мен Алмат жақсы айтыс шығарған. Қазылар алқасы екеуінің сөз саптасы, уәж қайтаруларына қарап, тең ұпай берді. Ал Тоба Өтепбаев Бауыржан Ерманнан әлдеқайда басым түскен. Тоба қарсыласының сөз қолданудағы кемшіліктерінен ұстап, саралап, санап тұрып айтып берген. Бауыржанның тағы бір ең үлкен қателігі – Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романын М.Мағауиндікі деуі. Тоба бұл ағатын да бетіне басқан. Бірақ Бауыржан қайтарған жауабында қатесін аса елең қылмағандай сыңай көрсетті. Жеңіс, сөзсіз, Тобада.
Сарапшылар Абылай мен Батырланды ең шоқтығы биік айтыс жасады деп танып отыр. Шынымен де, көркемдік, мағыналық жағынан бірінен бірі асады. Бәлкім, бірін-бірі сөзден ұстамауға, іркісіп-тартыспауға тырысқандықтан да, қайсысының қай жерден олқылық жібергенін тап басып айту қиын болған шығар. Дей тұрғанмен, екеуі де поэтикалық сұлулықты көрсете алды. Екеуі де нағыз ақындық шеберліктерін тең дәрежеде дәлелдеп берген. Сондықтан қазылар алқасы қос ақынды да келесі айналымнан көргісі келеді.
Еркеғали мен Данияның айтысында қазылар бірауыздан Данияға бауыс берді. Өйткені, арқалықтық ақын жауаптасу барысында қарсыласын екі-үш жерде сөзден ұстаған. Айтысты бастай салысымен елдің жайын сұраған Еркеғалиға Дания:
"Елдің жайы оңар ма, елім дейтін
Ерлері жақын келмей, жырақ жүрсе,
Әлеуметтік желіден әрі аса алмай,
Жағдайын қыз-қырқыннан сұрап жүрсе"
немесе
"Әу дейтін ақсақалдар жоқ па?" дейсің,
Намысты солай жасқа жіктедің бе?
Елім деп еміреніп шығу үшін
Шығуын сақалыңның күткенің бе?" –
деп жауап береді. Тұтастай алып қарағанда, бұл айтыс аса жоғары деңгейде өтті дей алмаймыз. Өйткені, қос ақынның әлеуетін білеміз. Бұдан да жақсы өнер көрсетуге болар еді…
Бірақ, Еркеғали мен Данияның айтысы соңғы жұптың бәсекесімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өйткені, 2-айналымды түйіндеген Жауынбай мен Алтынайдың айтысы қай тұсынан алып қарағанда да шикілеу шыққан. "Әттеген" дегізетін әлсіз жерлері көп. Әйткенмен, алматылық Алтынайда аз да болса сәтті жолдар бар. Жыр додасына қатысып жатқан ақындарды телебағдарламаға теңеп көруі, жігітке бойжеткендік наз білдіруі, қалжыңмен қағытып өтуі қазылар назарына ілігіпті. Келесі айналымға Алтынай жолдама алды.
Қазылар 3-айналымға өткен ақындары да жұптады. Бұл кезеңде Тоба Өтепбаев пен Алтынай Қанапия, Аслан Қанғожин мен Таңжарық Ержан, Абылай Мауданов пен Дания Сәтбек, Батырлан Сағынтаев пен Алмат Кенжебеков айтысады.
Естеріңізге сала кетейік, жазба айтысқа Айтыс ақтаңгері, Ы.Алтынсарин атындағы АрМПИ деканы, Филология ғылымдарының кандидаты Айбек Қалиев, қаламгер-журналист, әдебиет сыншысы, облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, танымал ақын, поэзияның белді өкілі, облыстық "Қостанай таңы" газетінің журналисі Нұрқанат Құлабаев қазылық жасап жатыр.
Алмат Кенжебеков өткен жоқ! Қазылар жеңілдік жасады немесе бұра тартты.