Президент жүктеген міндеттер

Назарларыңызға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген негізгі 10 міндетті ұсынамыз. Керек деректерді әр қазақстандықтың біле жүргені абзал. Сонымен…f9ab30d026f2f1659a2e12b45e7f075a
1. Халықтың табысын арттыру
Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.
 
2Сыбайлас жемқорлықты жою
Бірінші қыркүйекке дейін  жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.
 
3. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау
Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет.  Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу. 
 
4. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту
Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.
 
5. Тұрғын үй мәселесін шешу
Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын.   Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.
 
6. Әділетті әлеуметтік саясат
Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет?  Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз.  
 
7. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары
Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан.
Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.
 
8. «Рухани жаңғыру»
«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.  Қазақстанды болашаққа бастайтын –  жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. 
 
9. Сыртқы саясат
Қазақстан әлемде үлкен беделге ие. Біз, әлемге бейбіт, ашық, халықаралық істерде сенімді әрі жауапты мемлекет есебінде танылдық. Біз сындарлы, теңдестірілген, көпвекторлы сыртқы саяси бағытты жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүдделерді нық ілгерілететін және қорғайтын боламыз. Елдің сыртқы саяси қызметі елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа нақты пайда әкелетін болады.
 
10. Жастар мәселесі
Жастар ел дамуында шешуші рөл атқаратын, прогрестің қозғаушы күші болуы тиіс. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Осыған сәйкес "Жастар – ел тірегі" арнайы жобасы іске қосылды. Біз "Жас кәсіпкер" жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдайтын боламыз. Жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламасын енгіземіз. Жас талантты басқарушыларды Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлеріне жылжыту үшін "президенттік кадрлық резерв"құрылатын болады. Біздің жастарымыз мақсатты, еңбекқор, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓