Міндет – Ұлттық жоспар әзірлеу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 200224171043a3618001dКоронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шұғыл шараларды қабылдаумен бірге, коронавирус пандемиясының ұзақ мерзіміне дайындықты бастауды жүктеді. Осыған байланысты Үкіметке орта мерзімді келешекте қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеу тапсырылды.
«Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарап, қажетсіз шығындардың бәрінен – конференциялардан, дөңгелек үстелдерден, салтанатты шаралар мен консалтингілерден, PR-қызметтерден бас тартуы керек. Бұл ақшаның бәрі де эпидемиямен күреске жұмылдырылуы тиіс», – деді Президент.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы халық үшін азық-түліктің тұрақты бағасы мен қолжетімділігін, экономикалық белсенділікті сақтауды, цифрлық технологияларды дамытуды жүктеді. Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар жоспарлы әрі толыққанды жүзеге асырылуы керектігін міндеттеді. Президент бұл мәселелер әкімдердің жіті бақылауында болуы тиістігін ескертті.
«Иә, бұл қауіпті ауру. Оның еміне әзірге вакцина жасалған жоқ. Алайда дүрбелеңге берілмеу керек. Бәрінен бұрын заңға қайшы әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзбау керек. Науқастар үрей мен селқостыққа берілмеуі тиіс. Ем-доммен бірге адамның физикалық және рухани жай-күйі оның тезірек емделіп кетуіне септігін тигізеді. Денсаулық сақтау министрі мен дәрігерлердің талаптары мен кеңесін ұстануды сұраймын. Біздің күш-жігеріміздің бәрі де біздің елдің басты байлығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ете алмағанын кесіп айтты.
«Осы жылдың 11 мамырында шектеу шаралары алынған сәттен бастап коронавирус инфекциясы жағдайларының саны 7 есе артып кетті. Көп жағдайда бұл бірқатар мемлекеттік органдар жұмысындағы кемшіліктерге байланысты. Орталық және жергілікті деңгейде мемлекеттік басқару жүйесінің төтенше жағдайдан тыс режимде тиімді қызмет етуге дайын болмағандығын атап өткен орынды. Ведомствоаралық комиссия өздеріне жүктелген міндеттерді атқара алмады. Мұны мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ете алмады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстардың рөлі маңызды екенін, бұл жұмыстар көңіл көншітпейтінін айтты.
«Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда»,- деді Президент.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓