Арқалағаны – абырой

Полиция – тек погон тағу емес, бұл өмірдің ең қаупті сәттерінде әділдікке араша түсу. Сондықтан, тәртіп сақшыларының арқалаған жүгі ауыр екені рас. Полиция күніне орай өз қызметін қалтқысыз атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Қостанай облысы ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Жандос Қалиев туралы сөз қозғауды жөн көрдік.IMG_9478
Бала күнінен полицей болуды армандаған ол А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-ін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған соң, 2009 жылы Қостанай қаласы ПБ тергеуші болып жұмысқа орналасады. 2017 жылдан бері Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі. Арада он жыл өткеннен кейін Жандос кәсіп таңдауда қателеспегендігін айтады.
"Кішкентайымнан полицей формасын киюді армандадым, әсірсесе, тергеуші болғым келетін. Отбасыда екі баламыз, ағам екеуміз де осы мамандықты сүйіп, 2009 жылы жұмысқа бірге орналастық. Бірақ ағам кейін басқа салаға ауысты, мен бала күнгі арманымнан айнымадым. Түрлі түйіткілді қылмыстарды тергеу, оларды ашу өзіме ұнайды, тіпті шешімін тапқанда ерекше қуанышқа бөлетеніміді де жасырмаймын", – дейді Жандос.
Кәнігі ізкесушінің көмегімен облыстағы талай қылмыстың беті ашылған. Жандос соның бір парасын бізге айтып та берді.
2015 жыл – Қостанайда «қара риелторлардың» қаптаған кезі. Басшылық сол жылы Жандосты Қостанай облысытық прокуратурасының арнайы прокуратура мекемесіне іссапарға жібереді. Ол бір жылдың ішінде 12 адамнан тұратын қылмыстық топтың ісін зерттеп, сотқа бұлтартпас айғақтар көрсеткен.
Қылмыстық топ қарт кісілердің пәтерін тартып алып, тіпті өлтіріп отырған. Жандос жүргізген тергеу амалдарынан соң қанішерлер тиісті жазасын алған. Екеуі өмір бойы бас бостандығынан айрылыса, қалғандары 17-18 жылға сотталды.
Бұдан бөлек Әулиекөл ауданынындағы кісі өліміне қатысы істі ашуға Қалиевтің қырағылығы көмектескен. Аталмыш аудан тұрғыны өзінің Арқалық қаласында тұратын танысына көлік сатпақ болып, оны Әулиекөлге шақырады. Кейін оған қол салып, ақшасын алып тайып тұрады. Тергеу барысында Жандос күдіктінің үйнінен ұрланған соманың жартысын тауып алады, бірақ күдікті қылмысын мойындамаған. Айғақтарды ақтарып отырып, Жандос купюралардың бірінен марқұмның қолын байқап қалады. Зерттей келе марқұмның өз ақшаларына қол қоятын әдетін аңғарып, сотқа айыптының кінәсін дәлелдеген.IMG_9482
Әрине, бұл кейіпкеріміздің ерліктерінің бірі ғана, әйтпесе оның жұмысының әр күні шытырманға толы. Осындай азаматтардың арқасында қылмыскерлер жазасыз қалмайтыны анық, ол үшін Жандос күні-түні жұмыс істейтінін де жасырмайды. Бірақ ол тұрғындармен қатар өз отбасын да қорғауды ұмытпақ емес.
"Бүгіндері бір ұлым бар. Жұмыстан тыс уақытта отбасыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Кейбіреулер бізді тасжүрек көретіні белгілі ғой, бірақ олай емес екенін айтқым келеді. Біз де ет пен сүйектен жаралғанбыз, біреудің ұлы, біреудің жары, біреудің әкесіміз. Сондықтан отан және отбасы алдымыздағы борышымызды адал атқаруға барымды саламын", – дейді тергеуші Жандос.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓