Кинофестиваль үздіктері анықталды
Қостанайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық кинофестиваль өтті. Еліміз бойынша үшінші рет ұйымдастырылып отырған кино додаға қатысушылар бұған дейінгі екі кезеңде (аудан-қалалық және облыстық) іріктеуден өткен.
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың акт залында өткен бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кинофестиваль барысында көрерменге бірқатар облыстардан келген 134 оқушының туындылары ұсынылды.
Балалар өз қиялдарын қойылымдар арқылы шебер суреттей білген. Айта кететін жайт, жасөспірімдер көбіне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балалардың тұрмыстық тауқыметіне, жасөспірімдерге арналған гаджеттің әсеріне, достық, жалғыздық тақырыптарына ерекше назар аударыпты. Сонымен қатар өз туындылары арқылы өлкетану бағыты бойынша туған жерге үлес қосуға ұмтылыстары мен сананы жаңғыртуда ұлттық кодты басымдықта ұстанатындарын да байқатты. Жас өскіннің бұл байқау арқылы шығармашылық ой-қабілеті дамып, кино мәдениетіне деген қызығушылықтары артатыны сөзсіз. Сол себепті үміткерлер деректі фильм, әлеуметтік жарнама, ойынды кино, видео арт-бейнеролик, анимация, музыкалық клип, stop-motion-видео, «Ералаш», киножурнал сынды 9 жанрды құрайтын ереже бойынша цифрлы технологиялардың көмегімен түсірілген 3 минутқа дейінгі қысқаметражды фильмдерін ұсынды.
ҚР БҒМ республикалық қосымша білім беру, оқу-әдістемелік орталығының сарапшысы Әсемгүл Нұрланова өз сөзінде кино кез келген мемлекеттің мәдениет айнасы іспетті екенін атап өтті.
– Негізгі мақсат – балалардың шығармашылық деңгейін, олардың танымдық кеңістігін, ой ұшқырлық деңгейін анықтау. Бұл жерде балалар өздерінің еліндегі, жергілікті жерлеріндегі әртүрлі мәселелерді экран арқылы, номинациялар арқылы жеткізе алады, – деп жас таланттарға сәттілік тілеп, оларға жігер берді.
– Елу жылдық еңбек өтілі бар мен секілді педагог үшін бұл байқау шынымен де маңызды. Өйткені, жан-жақтан жиналған дарындылар бас қосып, бір-бірімен сөйлеседі, тәжірибе алмасады. Бір жағынан олар өздеріне ұнайтын іспен айналысып, айналадағы кейбір жағымсыздықтардан бойларын аулақ ұстаса, екіншіден, өнердегі шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік, – дейді Мүслима Үсенбаева.
Айта кетейік, қазыларға екі күн қатарынан еліміздің түкпір-түкпірінен келген 134 оқушының еңбегін сараптап, бағалау оңай болған жоқ. Көбі кино жанрды таңдауда, оны түсіру кезінде қателескен. Мәселен, кейбірі кино, телевизия саласында жүрген кәсіби шеберлерге еліктеп түсірген. Тіпті, кейбірі студиялардың кәсіпқой киногерлерін жалдап фильм түсіргендерін де мойындап жатты. Сондай-ақ, «Ералаш» әзіл-сықақ бейнеролигінде еңбектенбестен, дайын орысша каналдарда қойылып жүрген дүниелерді көшіре салғандар да бар. Қалай дегенмен, балалар байқауындағы туындылар сол кіршіксіз баланың ой-қиялы желісі арқылы жүзеге асырылу керек еді.
Екі күнге созылған байқау қорытындысына облыстық білім басқармасының басшысы В.Цымбалюк қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Жалпы командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Түркістан облысы, үшінші орынды Қостанай облысы иеленді. Сондай-ақ, видео-арт-бейнеролик, анимация, музыкалық клип, stop-motion-видео, «Ералаш», киножурнал номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал жүлдегерлерді баулыған жетекшілер де сый-сияпатпен қайтты.
Төменде әр номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімі ұсынылып отыр.
Деректі және ойын киносы номинациясы:
1 орын: Ақерке Куандык, Түркістан облысы;
2 орын: Жанна Ғалиева, Ақмола облысы;
3 орын: Алмат Қызырбек, Алматы қаласы.
Ойын киносы номинациясы:
1 орын: Глеб Яровицын, Алматы қаласы;
2 орын: Аруана Мәлік, Қарағанды облысы;
3 орын: Әйгерім Тұрғанбаева, Түркістан облысы.
Киножурнал номинациясы:
1 орын: Бекзат Балтабай, Түркістан облысы;
2 орын: Кирилл Кистанов, Алматы қаласы;
3 орын: Ділназ Әмірбекова, Қостанай қаласы.
Ералаш номинациясы:
1 орын: Мұстафа Ихсан, Маңғыстау облысы;
2 орын: Нұрдәулет Дауылбай, Қызылорда облысы;
3 орын: Дінмұхамед Болғабек, Түркістан облысы.
Музыкалық клип номинациясы:
1 орын: Қайратқызы Шұғыла, Алматы қаласы;
2 орын: Виктория Панкова, Қостанай облысы;
3 орын: Ақжол Несір, Алматы облысы.
«STOP-MOTION – видео» номинациясы:
1 орын: Сайд Қараменов, Атырау облысы;
2 орын: Николай Борщевский, Қостанай облысы;
3 орын: Нұрбала Төребек, Түркістан облысы.
Әлеуметтік жарнама, әлеуметтік ролик номинациясы:
1 орын: Арай Сейдахметова, Алматы қаласы;
2 орын: Ерқанат Сайранбеков, Ақмола облысы;
3 орын: Далида Бейскенова, Павлодар облысы.
Видео арт номинациясы:
1 орын: Екатерина Абузова, Ақмола облысы;
2 орын: Артур Пан, Қостанай облысы;
3 орын: Сұлтан Дәуіт, Шымкент қаласы.
Анимация номинациясы:
1 орын: Арсен Жанияров, Батыс Қазақстан облысы;
2 орын: Диас Зиябек, Түркістан облысы;
3 орын: Балауса Жармағамбет, Алматы қаласы.