Білім іздеп…
Елімізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастады.
Жаңа жобаға сәйкес Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының талапкер жастарына мемлекет қосымша екі мыңдай білім грантын бөлді. Сондықтан да білім гранты оңтүстік өңірінің жастарына еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуларына зор мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерінде демографиялық көрсеткіш жоғары, алайда жұмыс орындары тапшы. Ал, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай сияқты аймақтарда кері-сінше, зауыт, фабрикалар көптеп салынғанымен, кадр жетіспейді. Бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады. Бұл мақсатта биылғы жылы бағдарлама аясында жеті жоғары оқу орны үшін педагогикалық мамандықтарға – 1000, жиырма үш колледж үшін отыз бес мамандық бойынша соншама грант бөлінді. Грантпен білім алатын жастарымыз сол секілді бағдарлама бойынша стипендиямен, өңірлерге бір рет барып қайту жолақысы және жатақханамен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Ал, колледждерге түскендерге үш мез-гіл тамақ және оқу киімі де қаралған. Облыстық білім басқармасы жетекшісінің техникалық және кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары К.Ибрагимовтың айтуынша, оңтүстік өңір-ден грант бойынша білім іздеп келген жүз жас облысымыздағы атап айтқанда, Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінде кәсіптік оқыту, Жітіқара политехникалық колледжінде маркшейдер, Қарабалық ауданындағы Қазақстан агротехникалық колледжінде техник-электрик, Рудный тау-кен коллед-жінде токарь мамандықтары бойынша оқитын болады.
Гүлназым
САҒИТОВА