ЖАЗБА АЙТЫС: Таңжарық пен Злиха
Құрметті өлеңсүйер оқырман! "Құтты мекен – Қостанай!" республикалық жазба айтысының 2-айналымы басталды. Елдің бірнеше өңірінен өнерпаз жинаған жыр жарысы барған сайын қыза түспек. Өйткені 22 үміткердің ішінен 13 ақын іріктеліп шығып, келесі кезеңге жолдама алып отыр. Айта кету керек, бұған дейін сіз бен біз куә болған айтыстың қорытындысын қазылар алқасы шығарды. Олар – Алашқа аты мәлім ақын, Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, қаламгер-журналист, әдебиет сыншысы, облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, танымал дарынды ақын, поэзияның белді өкілі Нұрқанат Құлабаев. Ендеше, осы төрешілердің көңілінен шыққан үздік өнерпаздардың өлең сайысына кезек берелік. 2-айналымның алғашқы жұбы – астаналық арынды ақын Таңжарық Ержан және Қостанай облысының үкілі үміті Злиха Кенжеғозина. Қос қатысушыға қошемет-қолдау білдіріп отырғайсыздар!
Таңжарық:
Қолыма қалам алдым дәптер менен,
Ақын деп бекер бізге ат бермеген.
Абылай Маудановтай ағамызбен,
Айтысып ақ тер боп ем, көк тер боп ем.
Екінші айналымға жолдама алып,
Жұпталдым Злиxадай әпкемменен.
Азулы ақындардың бірі едіңіз,
Айтыста қарсыласы шақ келмеген.
Сәттілік тіледім мен өзіңізге,
Іні едім жасы үлкенді жат көрмеген.
Бірі өтер ақындардың бірі қалып,
Аз болсын сәттеріміз "әттең" деген.
Жеңіске толы өмір жоқ ешкімде де,
Өмір ғажап жеңісті сәттерменен.
Ойымның мен айтайын орамдысын,
Бойыма қуат дарып, толар күшім.
Қадірін сөздің ұғар қайран елім,
Осынша текті xалық болармысың?!
Аңсаған азаттықтың арқасында
Еңсеңді түзеп бүгін, оңалды ісің.
Ақынын ардақтаған арда қазақ,
Ұмытпас Бейімбет пен Омарды шын.
Қос бабамның атына айтыс қылған,
"Қостанайдың таңына" зор алғысым.
Өкілі болғандықтан ізгі өнердің,
Ой қозғап әрқашанда ізденермін.
Тәуекел деп бел будым бұл айтысқа,
Ер сынды "үйде туып, түзде өлермін".
Жақсыменен өткізген сәтке тұрмас,
Жаманменен өткізген жүздеген күн.
Мақтанып айтатындай айтысайық
Ақындары сондай деп біздегі елдің.
Елім деген ақынның бірісіз ғой,
Ендігі сөз кезегін сізге бердім.
Злиха:
Адал боп елге берген ант, ұраны,
Қызыңның басылған жоқ қарқыны əлі.
Армысың, қабырғалы қазақ елі,
Ғаламдық додаларда бол қырағы.
Оразаң қабыл болсын, иманды елім,
Ақ болсаң, құтыңды Аллам толтырады.
Кешегі кеңестіктер салып кеткен,
Саясаттың кеткен жоқ салқыны əлі.
Бейімбет, Омар сынды аталарым,
Арыстай заманында арқырады.
Орыстың озбырлары құртпақшы боп,
Жолына Қазекемнің тор құрады.
Ахаң, Жақаң, Шоқан мен Əлібилер,
Шырылдап шындық үшін шарқ ұрады.
Сайлау да келіп қапты салып-ұрып,
Патшасын сайлаған жоқ халқым əлі.
Жартысы Нұрсұлтанды жақтағанмен ,
Мін тағып даттап жатыр жартылары.
Əйтсе де Нұрағамның еңбегі зор,
Артпайық бір өзіне бар кінəні.
Ал, енді тақырыпқа ойысайық,
Толғайық замананы толқымалы.
Қазылардың шешімі шыққан кезде,
Əр ақын оны өзінше талқылады.
"Жеңіс" деген əрдайым алма-кезек,
Несіне оған ақындар алқынады.
Басқа – басқа, Злиха қыздарыңыз
Жазба айтыста лағылдай жарқырады.
Көңілді көтермесе кір басады,
Теңіз де тасымаса тартылады.
Жырлары жүрегінен орын тепсе,
Ақынын алаш өзі-ақ хан қылады.
Қарамай алды-артына күн зырлайды,
Құлпырған қырдың гүлін кім жұлмайды?!
КСРО-ң "ақиқатты айтпаңдар" деп,
Аяғын аталардың шынжырлайды.
Бейімбет ерек туған ерен тұлға,
Даңқы мен еңбектері мың жылға əйгі.
Кедейді қалай сəтті суреттесе,
Дəл солай сипаттаған мылжың байды.
Омар атам байлардан зорлық көріп,
Қорықпай озбырлығын тың жырлайды.
Жасынан əділдікті аңсаған соң,
Қазақтың қасіретін шын жырлайды.
Омар мен Бейімбеттің ұрпағы боп,
Оларды мен жырламай кім жырлайды?
Армысың, талантты інім таңда туған,
Ақын ең ойың озық, арда туған.
Қыз болсам да қылышын көкке сермеп,
Алдыма жан салмаушы ем жамбы атудан.
Қостанай – құт дарыған құтты мекен,
Ақын, батыр, уəзір, хан да туған.
Ең тұңғыш ағартушы Ыбырай мен
Ұлт ұстазы – Ахмет ол да туған.
Рақымды Рамазанда жұптасыппыз,
Талдырмас қанатты Аллам самғатудан.
Оразада у-шусыз айтысайық,
Аулақ бол бұл əпкеңді зарлатудан.
Таңжарық:
Жырыңыз ұнаса да өте еліме,
Сөзіңіз сүйегімнен өтеді ме?!
Аулақпын өзіңізден "зарлатудан",
Қасқырға қасқыр қастық етеді ме?
Кір келтірер деп сізді ойламаймын,
Би аға мен Омардың мекеніне.
Жетесіз, тәрбиесіз бала емес ем
Үлкеннің жармасатын етегіне.
Рамазан айында жолығыппыз,
Ермейік онда ашудың жетегіне.
Екі кісі ұрысса бір-бірімен,
Кінәлі демек бұған екеуі де.
Айтыспен жазылады дерті елімнің,
Өлеңмен ел-жұртыма шертемін мұң.
Төбедегі келеді демейді ме,
Барлығы түгел болса төртеуіңнің.
Бір ауыздан қазағым басшы сайлап,
Әлемге көрсетілсін көркем үлгің.
Асқақтап әділдіктің ақ жалауы,
Аспанға атылса екен бөркі елімнің.
Бүгінгі жасап жатқан дұрыс таңдау,
Кепілі болмас па еді ертеңіңнің.
Жел бағытын өзгертіп ала алмайсың,
Бағытын өзгертпесең желкеніңнің.
Ақын мен батыр әр кез күндес еді,
Шипин Омар бабамды дүр деседі.
Аманкелді батыр мен Омар атам
Ерліктің тұлпарына мінгеседі.
Орысқа қарсы шықты қаймықпастан,
Елінің болғандықтан шын көсемі.
Отанын отарлауға жол бермеді,
Ұлтына болады деп бір кеселі.
Омарлар өлең қылып қалдырмаса,
Ерлігін келер ұрпақ білмес еді.
Батырлардың ерлігі мәңгі-бақи
Ақындардың жырында күн кешеді.
Жатқанда айтыс жасап қос алыпқа,
Ортаға ойымызды қосалық та.
Көз тігіп отырғандар жерімізге
Қоспасын қазағымды осал ұлтқа.
Сайлаудың да мерзімі таяп қалды,
Мәлім боп үміткерлер кеше жұртқа.
Кімге дауыс бересіз, Злиxа әпке,
Тоқаев па, жоқ әлде Қосанов па?
Злиха:
Даңғыл ғой даналардың іздері шын,
Тарих қой өткен күннің тізбегі шын.
Ала жаздай аянбай еңбек етсең,
Аямай бермейді ме күз жемісін.
Аналарым өсіріп ел ұрпағын,
Əкелерім атқарсын түздегі ісін.
Оң таңдау жасап біздің ойлы қазақ,
Əрдайым жарқын болсын жүздері шын.
Екінші айналымға шығып тұрып,
Екі сөйлеу жөн болмас біздер үшін.
Азаттық боп алладан сыбағамыз,
"Өткенге салауат" деп жұбанамыз.
Іріткі сала бермей ел ішіне,
Қашан біз қамқорлықты құп аламыз?
Рухымыз құлаған жоқ отарлаудан,
Қос ғасыр Ресейге де шыдағамыз.
Ашаршылық кезінде қойша қырған,
Əлі де сайрап жатыр сұлаған із.
Теңдік алып, Тəңірге тəубе қылып,
Намазға жығыламыз жұмада біз.
Бет бұрып бес уақыт намазға да,
Болып жүр жамағатқа жұмақ аңыз.
Ойланбай дауысымды берер едім,
Сайлауға түссе тағы Нұрағамыз.
Айта бер ақиқатты, ал, саңлағым,
Мен де айтайын, кеудемде болса арманым.
Қайсысын таңдасақ та қос тұлғаның,
Аңсаймын елдің қамсыз əн салғанын.
Естідік үміткерлер үгіт айтып,
"Үйтемін, бүйтемін" деп жар салғанын.
Бəрінен де қалаймын елбасының,
Торғайыма тақтайдай жол салғанын.
Эконмикасына ауыл жақтың,
Қалар ем инвестиция мол салғанын.
Субсидия, қайтарымсыз несие мен,
Қалар ем қазақ үшін жан салғанын.
Қорыққаннан емес халық басшыларды
Қалар ем сыйлағаннан қарсы алғанын.
Атан түйеге жүк болар сөз айтайық,
Оқырман сезіне алар нар салмағын.
Жігітті өсіретін бата емес пе,
Халықты өркендетер сапа емес пе?
Сөзіңнен селдің күшін сезгенім жоқ,
Байқасам, түсе берді-ау мақал еске.
Сұрақ-жауап жазыпсың анкета қып,
Құр мәжіліс айтысқа жат емес пе?!
Айтыс елдің айызын қандыратын
Мықтылардың алысқан сəті емес пе?
Мен сенен жойқын жауап күтіп едім,
Шешеннің сөзі өлмес хат емес пе?
Айтыс пен мүшəйраны шатастырып,
Бауырым, сөз саптауда қателеспе.
Таңжарық:
Жазыпсыз жауапты да жылдам ғана,
Айтысып жүрген жандай күнде аулада.
"Нұрағама даусымды берер ем" деп,
Патшаға жасадыңыз бір жарнама.
Еңбегі де аз емес жасап кеткен,
Оныңыз рас, ер ғой ол туған дара.
Алайда бізге алға жылжу керек,
Бәріміз сене бермей нұрлы ордаға.
Кері тартып жүр бізді жағымпаздар,
Әңгімесін бастайтын "нұрдан" ғана.
Астананы өзгертті "Нұр-Сұлтан" деп,
Көкелер де қуыпты қуғанда да.
Қырық қала салса да Димаш атам,
Қалаға атын бермепті тұрған жаңа.
Бір адамның меншігі болмау керек,
Халықтың бейнетімен тұрған қала.
Деген бар "батыр таққа таласпайды",
Нағыз ер тура жолдан адаспайды.
Бүгінгі ағалардың түрі мынау,
Сөздері шындықпенен жанаспайды.
"Ай, Абылай, Абылай" деп жырлаған,
Бұқардың толғаулары алашқа әйгі.
Қайсар дүр руxты болу керек бізге,
Жағымпаздық ақынға жараспайды.
Қателігін көрсе де бастығының,
Біздің жантық көкелер жақ ашпайды.
Бастың қамын ойлайтын ақын ғана
Басшысын мақтағаннан әрі аспайды.
Мен сізді ойлап едім шын адал деп,
Шындықты шың басына шығарар деп.
Скандворд шешіп отқан адамға ұқсап,
Сөз қозғайсыз анадан, мынадан кеп.
"Кімді басшы сайлайсыз?" деп сұрап ем,
Жауапты бердіңіз ғой "Нұрағам" деп.
Лайықты жауап сізден күтіп едім,
Оныңыз мүлдем маған ұнаған жоқ.
Бір сөзіміз бір сөзге қайшы келсе,
Жүргеннен пайда бар ма тірі адам боп?!
Сұрақ-жауап анкета қылатындай,
Мен сізден атыңызды сұрағам жоқ.
Оттай боп бұл айтыста маздаймысыз?!
Озсаңыз ақылменен озбаймысыз?!
Өзіңіздің түзеп ап қатеңізді,
Содан соң мінімізді қазбаймысыз?!
Алланы кіші әріппен жаза сапсыз,
Сауаттылық болмаса азбаймысыз?!
Аxмет, Ыбырайдың еліненсіз,
Білімсіз бұл заманда тозбаймысыз?
Адамды бас әріппен жазған кезде
Алланы бас әріппен жазбаймысыз?!
Злиха:
Кеткен соң Нұрсұлтанды даттадыңдар,
Кезінде сөзін сөйлеп жақтадыңдар.
Өздерің ғой "Нұр-Сұлтан" деп атайық деп,
Елге еткен еңбегін мақтадыңдар.
Нұрағам өлген жоқ қой, əлі тірі,
Өлмей жатып көмдіңдер, жоқтадыңдар.
Өз ойларын айта алмай жүрген жандай,
Ызаланып қаруды оқтадыңдар.
Ниеттерің белгілі болып қалды,
Адал болып алысқа шаппадыңдар.
Ол тұңғыш елбасы боп қала берер,
Елге іріткі салмасын сотқар ұлдар.
Ерлері батыр болса, ел жасымайд,
Елі азат болса егер, ер жасымайд.
Менен гөрі билікке жақындаусың,
Шындықты мынау елге сен де ашып айт.
Үкіметті айтасың жағымпаз деп,
Айтарыңды бүкпестен елге ашық айт.
Бұл деген үкіметтің осалдығы,
Деп жүрсек бұл үкімет елді асырайд.
Билік бізді қараусыз қалдырса егер,
Жаратқаннан жәрдемді пенде сұрайд.
Анасы тастап кеткен жетімекті,
Иманы бар болса егер жеңге асырайд.
Ал, Торғайды билік те, заң да емес,
Ұлдары беріп жатқан теңге асырайд.
Ел алдында жағынып, жылы сөйлер,
Əйгілі Таңжарық деген сен бе суайт?
Сыныңды маған емес , айналайын,
Қасқайып, мықты болсаң елбасыға айт.
Қырандар қанат қомдап алға ұшатын,
Тəңірім сөз сөйлеудің салды сəтін.
Əйтеуір, аңдығаның мен болдым ғой,
Абысын-ажынға ұқсап аңдысатын.
Аузымнан шыққан əрбір сөзді аңдыма,
Жасыңа жеткен кезде жар құшатын.
Нұрсұлтанға шындықты айта алмай жүр,
Нұр-Сұлтанда жүрсе де алпыс ақын.
Айтыссам, арғымақтай арындадым,
Белдессем, палуандай бабымдамын.
Біз жақта туған жандар ешқашан да,
Өзінің ойламайды қарын қамын.
Көріңдер қазағымның мəз-мейрам боп,
Қарыны ақ түйенің жарылғанын.
Осылай көңіліңді таба берсін,
Өзіңнен түлеп ұшқан нар ұлдарың.
"Тәуелсіздік" дегенің осы емес пе?
Бар ұндарың, аш емес қарындарың.
Отаным бар, тілім де, дінім де бар,
Жүректен шыға берсін жағымды əнім.
Босып жүрген жоқпыз ғой сығанға ұқсап,
Сондықтан да сөнбесін жалындарың.
"Біссіміллə" қашанда сөз басы екен,
Жырларым жүрек қылын қозғаса екен.
Əуес боп арақ, шылым, темекіге,
Ұрпағың қызық қуып, қозбаса екен.
Өз -өзіне қол жұмсап ұл мен қызың,
"Анашым, кешірші" деп жазбаса екен.
Көлігіңнің сынғаны ештеңе емес,
Рухың сынып, ұрпағың азбаса екен.
Көйлегіңнің тозғаны ештеңе емес,
Қазағым тоз-тоз болып, тозбаса екен.
Сен олай шаруаңды бітірмесей,
Елорданы берекем, құтым десей.
Артық сөйлеп қайтесің , бауырым-ау,
Осы көрген күніңе шүкір десей.
Еліңнің кемшілігін көре бермей,
Ер болсаң, жыртығыңды бүтіндесей.
Нұрсұлтан ғой сүйреген алға бізді,
Су ішкен құдығыңа түкірмесей.
Таңжарық:
Айтысқым келіп еді дабырасыз,
У-шудың кірістіңіз қамына сіз.
Бастарын ауыртпайық оқырманның,
Мәні жоқ өлең айтып мағынасыз.
Адам сөзін бұрмалап, арандатар
Әдеттен қашан, әпке, арыласыз?
Осындай ақындарды көрген кезде,
Омар мен Бейімбетті сағынасыз.
"Алпыс ақын жүрсе де Нұр-Сұлтанда
Шындықты айтпады" деп қағынасыз.
Астанада жүр елге қызмет етіп,
Қарап жүрген ақын жоқ шаруасыз.
Шындықты айтпайсыңдар дейсіз дағы,
Сөйте тұра Патшаға жағынасыз.
Өзіңіз қойып отқан қойылымнан
Өзіңіз әлі-ақ бүгін жалығасыз.
Көпшіліктің бірісіз өзіңіз де,
Топырақ шашып көпке не қыласыз?!
Ақтардық елге жайып сырымызды,
Біріміз сынамайық бірімізді.
"Елбасыны даттадың" деп жатырсыз,
Мен сіздің түсінбедім бұныңызды.
Даттаған ешкім де жоқ Елбасыны,
Билікке айтпасақ тек сынымызды.
Үндемей отырмаймыз, намыссыздар
өлтіріп жатса дәстүр, тілімізді.
Қолымыздан келгенше ел алдында
Шырылдап айтып жүрміз шынымызды.
Елі сүйген бір басшы керек дедім
Төменге түсірмейтін туымызды.
Жақсы сөз шықпайды екен аузыңыздан,
Төккенмен елге арнап жырыңызды.
"Суайт" деп қасиетті Рамазанда,
Біреуге тигізесіз тіліңізді.
Биіктерге ұмтылу керек бізге,
Түсіріп не қыламыз құнымызды.
Қазақтың балалары қырылыспай,
Болсыншы бір-біріне жылы жүзді.
Жақсыға қабағымды суытпаймын,
Жаныма жамандарды жуытпаймын.
"Батырды "бәрекелді" өлтіреді" –
Нәпсімді қай кезде де құрықтаймын.
"Су ішкен құдығыңа түкірмесей"
Дегеніңді, әпкетай, дым ұқпаймын.
Су ішкен құдығыма түкірмедім,
Шәй ішкен шәйнекті де ұмытпаймын.
"Сипағанды білмейді сиыр" деген,
Шама келсе, Патшамды ұлықтаймын.
Он екі айдың сұлтаны Рамазанда
Сұлтанымды жамандап түк ұтпаймын.
Ақындар елге жырын арнаса екен,
Қанаты жыр қыраны қомдаса екен.
Халқыма тілегімді мен арнайын,
Бұл айтыс дәстүрімнің жалғасы екен.
Ырыс-құт, бақ-береке дарып әр кез,
Тыныштық мәңгі елімде орнаса екен.
Ұлтыма еш қажеті жоқ жиын жасап,
Басшылар елге салмақ салмаса екен.
Еңбекқор елдің нанын тартып алып,
Аяғынан Үкімет шалмаса екен.
Тілсіз жау қатерінен Құдай сақтап,
Қасіреттер даламда болмаса екен.
Адамдары панасыз, қазағымның
Аналары баласыз қалмаса екен.
Келген соң бұл фәниге қонаққа біз,
Болған жөн жаны жайсаң, жомарт нағыз.
Айтысымды осымен аяқтайын,
Артымыздан сіз бірақ оқ атпаңыз.
Ақындық абырой ол өз алдына,
Адамдық құныңызды жоғалтпаңыз.
Злиха:
Бұл айтыс – еркін сөйлер жыр алаңы,
Алашым ниетімді ұғады əлі.
Бейбіт елміз, Алладан қолын жайып,
Сол емес пе елімнің сұрағаны.
Қанша дұшпан біздерге ор қазса да,
Қазағым сүрінбеді, құламады.
Айтыс жасап, еске алдық, жырға қосып,
Омар мен Бейімбеттей ғұламаны.
Маған басқа тағатын мін таба алмай,
Жақтадың деп сөктің ғой Нұрағаны.
Қасқырдай қарсы шаптық көшбасшыға,
Қатайтып алғаннан соң бұғананы.
Патшаны жақтағам жоқ сендейлердің,
Сыртынан сөз қылғаны ұнамады.
Демеймін мен өзіңе бөтен едім,
Сондықтан да сілкінбе бекер, ерім.
Бауырым, өкпелеме өрттей болып,
Кеудеңді күйдірсе егер от-өлеңім.
"Айтысымыз тартысты өтсе екен" деп,
Өзіңді жырмен біраз төпеледім.
Əпкеңе ауыр сөздер айтсаң-дағы,
Жасым үлкен болған соң көтеремін.
Бүгінгінің жастары үйренсе екен
Қалай сайлау керегін тəтелерін.
Кісімсініп сөйлеген тентектердің
Көзіне көрсеткенмін көкелерін.
Жігітсің жуымайтын жамандарға,
Қол созбайтын арам ас, харам нанға.
Оразада ойымыз орындалып,
Оң қыла берсін əркез қадамды Алла.
Қасиетті бұл айда тілек тілеп,
Бет бұрайық тек ізгі амалдарға.
Өмір бойы басымды иіп өтем,
Өр тұлға – Бейімбет пен Омарларға.
Алаштың арқа сүйер ақыны боп,
Айтыста айналғайсың тағы, арланға.
Алшаң басып жүргейсің тіршілікте,
Алдыңда əкең менен анаң барда.
Пəтуалы патша кеп ел басына,
Шын көңілмен сүйретсін қоғамды алға.
Қасиетті айында Рамазанның,
Бақ берсін саған да Алла, маған да Алла.