Олимп шыңына аттанды
Енді санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында қысқы ХХІІ олимпиаданың алауы тұтанады. Қазақ елі осы дүниежүзілік додада спорттың тоғыз түрі бойынша сынға түспек. Ұлттық құрама сапында біздің облыстың үш спортшысы бар.
Конькимен сырғанауда ел намысын ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Денис Кузин қорғайды. Денис осымен олимпиада ойындарына үшінші рет қатысқалы отыр. Ол 1000 және 1500 метрлік қашықтықта жарысады.
Шорт-тректе халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анастасия Крестова айдынға шықпақ. №3- облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі 500,1000 және 1500 метрлік қашықтықтарда бағын сынайды.
Ал, тағы бір жерлесіміз Виталий Пухкало шаңғысын сайлап отыр. Ол ерлер құрамасымен олимп шыңын бағындыруға дайын дейді мамандар.
Жалпы, биылғы қысқы олимпиадаға Қазақстан 57 лицензия ұтып алған болатын. Мәселен, биатлоннан бес қыз және бес ер адам қатысады. Олар осы спорт түрінің масс-старт, аралас эстафета, спринт, жекелей сын тәрізді түрлері бойынша жарыс жолына шықпақ. Сондай-ақ, шаңғы фристаилінде үш ер және алты қыз кұш сынасады. Шорт-тректе жеті спортшы бар. Шаңғы тебуге де ел құрамасы жеті үмітін үкілеп қосып отыр. Қазақстандықтар, шанамен сырғанау, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы сияқты спорт түрлерінен де қоржынға медаль салуға ниетті.
Айта кету керек, Оңтүстік Корея жерінде өтетін олимпиада ойындарына әлемнің 95 елінен үш мыңнан артық спортшы қатысады.
Әлібек ЫБЫРАЙ