Қасиетті айдағы қайырымды шара
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облыстық өкілдігі Рамазан айының құрметіне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Бүгін бір жағынан ерекше күн – күндердің сұлтаны қасиетті жұма әрі мың айдан да қайырлы қасиетті Қадыр түні қарсаңы. Облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінің сыртында жұма намазы оқылып болған соң өңірдің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет бастаған Діни басқарма өкілдері көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасыға азық-түлік таратты. Ал 10 отбасының балаларына велосипед, тағам өнімдері сыйға тартылды.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қасиетті Рамазан айында жолдаған үндеуінде рақымға толы Рамазан айында отандастарымызды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырды. Бұл үндеуге Қазақстанның барлық мешіттері, жомарт азаматтары атсалысуда. Біздің мешітімізге қаржылай, заттай демеушілік жасап жүрген жомарт жамағатымыз баршылық. Сол ізгі жандардың қол ұшын беруімен тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға материалдық жәрдем жасау үрдіске айналған. Мұның сыртында «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы да қарқынмен жүргізілуде. Қайырымдылық шарасы жыл он екі айдың ішінде апта сайын жалғасып келе жатқан игі дәстүр, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.