Жас та болса, бас болған
Таран ауданының Елизаветин ауылында жергілікті кәсіпкердің көмегімен жаңа балалар алаңы бой көтеріп келеді.
Ертарғын Бұхарбаев – құр сөздің емес, істің адамы. Жас та болса отбасылық кәсіпкерліктің тізгінін ұстап, қайырымдылықтың тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Жуырда ол Тобыл техникалық колледжінің студенттеріне спорт формаларын сыйға тартса, бүгін ауылдың бүлдіршіндерін қуанышқа бөлеп отыр.
– Негізгі жұмыстар артта қалды. Достарыммен бірге бұрын балабақша тұрған алаңды шөптен тазартып, құм төседік. Үйшіктер мен әткеншектер орнатып, орындықтар қойдық. Барлығы қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Енді балалардың ақыл-ой және дене тәрбиесін дамытуға арналған тренажерлар әкелуді жоспарлап отырмын, – дейді Ертарғын.
Набережный ауылдық округінде туу көрсеткіші өсіп келеді. Сол себепті балалардың бос уақытын өткізу мәселесі оң шешімін тапқанына ауылдықтар дән риза. Жас меценат бүгіннің өзінде бұл қайырымды іске 500 мың теңге қаражат жұмсады. Қазақстандық патриотизм осындай көзге көрінерлік істерден басталса керек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ