Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Қостанайда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Қаралы жиынға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының туыстары, облыстық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.

– Әр мемлекеттің соның ішінде біздің елдің тарихында қарқынды даму, шарықтау кезеңдерімен қоса, зобалаңа кезеңдер де орын алады. Бүгін біз осыдан жиырма екі жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың арнайы жарлығымен бекітілген дата – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, өткен ғасырдың отызыншы жылдары халқымыздың тең жартысынан астамы аяусыз қырғынға ұшырады, жазықсыз жапа шекті, қуғындалды, ату жазасына кесілді. Сол сияқты өзі ауыр қайғыдан күйзеліп, жадап-жүдеп отырған халқымыз тағдыр тәлкегіне ұшырап, қуғындалған мыңдаған өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Сондықтан, бүгінгі күн біздің бәріміз үшін қаралы күн болып есептеледі, – деп атап өтті облыс әкімі А. Мұхамбетов.





"Әкемнің Жантөре деген ағасын бар-тын. Бәріміз папа дейтінбіз. Бірде шәй ішіп отырғанда : «Мен сені папа деп жүрмін, бірақ, сен менің әкем емессің ғой, әкем қайда?" – деп сұрадым. Ол кезде он жастамын. Жантөре ұзақ ойланып отырды да: «Осы сұрақты түбі бір қоятыныңды біліп едім», – деді. Содан әкемнің қалай ұсталғанын, атылғанын бастан-аяқ айтып берді. Әкемнің ұсталуына бір-ақ ауыз сөз себеп болыпты. Әуелі Бейімбет Майлин ұсталады. Бейімбет пен менің әкем Уфада «Ғалия» медрессесінде бірге оқыған. Бірде көпшілік ортада отырғанда: "Үкіметте әділдік жоқ, әйтпесе еш жазығы жоқ Бейімбетті ұстап әкете ме?! Ол кісі таза адам. Ешқандай халық жауы емес", – дейді ғой. Міне, осы сөз үшін әкемді түнгі сағат екілер шамасынада ұстайды. Кейін ату жазасына кескен", – дейді Стахан Нұрханұлы.


Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.