Қазақтың баласы

Ayazbekov_10"Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір  қарашы. Танисың ба сен мені?  Мен қазақтың баласы!" (Қасым Аманжолов) деген  осы бір ауыз сөздің қазақы бойыңызды қуалай кететін бір құдіретін тілмен жеткізу қиын. Қазақтың небір арда емген жақсы-жайсаңдардың осы сөз жан тұмары, рухани кредосына айналғаны аян. Дүние әлі де тәкаппар,  дүние  әлі де қатыгез, әлі де қатал. Адамзат  өзін де, өзгені де өзгертті.  Қазақ баласы да өзгерді. Бірақ ұлттың осы саф қасиеті    жоғалған жоқ.

Осыдан отыз бес жыл бұрын Мәскеудегі  Олимпиадада  Жақсылық Үшкемпіров боз кілемге ойқастап шыққанда ұстазы Қабден Байдосов ақтық сәтте: "Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны!" – деп, айқай сал-ғанда, Жақсылық болгар Павел Христовты  алып ұрып, жаурынын жерге тигізген! Сонда Қабден ағасы жүгіріп келіп, кілемнің үстінен қапсыра құшақтаған күйі  тұра жөнеледі. Жылап келеді.  Қазақтан  тұңғыш Олимпиада чемпионы шықты!  Соңынан қоса қуа жүгірген тілшілерге таңдайы кеуіп, қаталаған чемпион: "қымыз беріңдерші, қымыз ішкім келеді!" дей беріпті.  Міне, қазақы жан, қазақы қасиет!  Шүкір, содан бері әлемдегі небір байрақты бәйгеден озған оғылан мен саңлақ алаш баласы бар.

Ал кешегі желтоқсан көтерілісінде (1986) небәрі жиырма бір жастағы  "қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жанын" садақа етіп: "Қазақ деген затым бар, еркек тоқты құрбандық. Атам десең  атыңдар!" – деп сот үкімін қасқая қарсы алған Қайрат Рысқұлбеков нағыз қазақтың баласына, Халық қаһарманына тән рух көрсеткен еді!

Көршіміз көкшетаулық 12-ші сынып оқушысы Әйгерім Әйтім көлікті күн сәулесімен жүргізуге болатынын дәлелдеп, ойыншық машина жасап шығарды. Әйгерімнің тағы бір жобасы – күн қуаты арқылы үйде электр энергиясын өндіріп, пайдалануды көрсетті.  Осы білім ұясының тағы бір оқушысы Мадияр Шарипов көмірдің күлінен құрылысқа қажетті бетон жасап шығарған.. Міне осындай жаңалықтарды естіген сайын  қаршадай қазақ балаларының есімдерін естіп, теледидардан  дидарын  көргенде жаның жадырып, әлдебір  мақтаныш  сезімі жүрек басын жылытып қоя береді.

Ұлттық арнамыздағы "Шетелдегі қазақ балалары"  арнайы жоба авторы Жанар Байсемізова сонау Америкадан қазақ балаларын іздеп қайтты. Сұхбатында: "Америка Құрама штаттары мен Канаданы қосқанда бір айдың ішінде отыз шақты баламен кездестік. Сан түрлі тағдырлар. Кезінде туған анасы қоқысқа тастап кеткен қыз бен бір кезде Алматы қаласындағы көшелердің бірінде шырқырап жылап жатқан сәбидің де тағдырларының қалай қалыптасқанын көрдік.  Қазақстан олар үшін енді жат ел саналады.  Тілді білмейді, ағайын-туысы жоқ, олар не істемек?…

Бәрібір қазақ баласы  жаратылған жерінің тілмен жеткізе алмайтын құдіретті күші барын жұдырықтай ет жүрегі сезеді.  АҚШ-тың Род Айленд деген штатында Сара атты қазақ қызын асырап алған американдық әйел  Сюзен Саксон қазақ ауылын құрыпты . Жыл сайын  сол ауылда "Жайлау" деп аталатын жазғы лагерь ұйымдастырады екен. Бұл жерге  Американың барлық штатындағы қазақстандық балалар жиналады. "Жайлауда" олар қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән-жырын үйренеді", – дейді. Америкалықтар  нағыз адам болу үшін бала түбірінен ажырамау керектігін  біледі.

Алаш  азаматына ұлттық намыс – рухани құндылық . Сәбетқазы Ақатаев марқұм:  "Қазағым халқым! Ана тіліңді құдырет тұт. Ұлттың ұлы болып мерейіңді үстемдет. Қазақ ұлығы! Әлемге қазақ ұлтының бар екендігімен санастыру жолын тап. Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол – сенің алтын қазығың. Әділет жолын іздестіруден танба", – деп өсиет сөздері  құлағымызда.

Қазақ радиосынан ән төгілуде: "Ананың сүтін арда емген, атадан бала кем болмас. Қазақтың қара баласы, біріне-бірі қас болмас..".

Жанұзақ Аязбеков

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓