«Мерейлі отбасы» байқауы мәресіне жетті
Өңірімізде «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Еліміз бойынша алтыншы мәрте ұйымдастырылған байқаудың түрлі деңгейлерінде Қостанай облысынан 600-ден аса отбасы қатысып үлгеріпті. Осы жолы да облыс аумағындағы аудандар мен қалаларда «Мерейлі отбасы» байқаулары өтіп, одан үздік шыққандар байқаудың облыстық кезеңінде бақтарын сынасты. Үздік шыққандарды облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев құттықтап, сый-құрмет көрсетті.



«Қоғамда жақсы қасиеттің барлығы да отбасында қалыптасады. «Мерейлі отбасы» байқауының осыған дейінгі жеңімпаздары болған отбасылар көпке үлгі және ұлттық байлығымыз болып саналады. Биыл отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында "Нұр отан" партиясы "Бақытты отбасы" жобасын қолға алды. Қазір осы жоба бойынша өңірімізде 28 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 14 отбасының пәтеріне күрделі жөндеу жүргізілді. 200-ге жуық отбасына материалдық көмек көрсетілді», – деді Марат Қонысбайұлы.





«Парасатты отбасы» аталымы бойынша 150 мың теңгенің сертификаты Айтжан мен Ерболат Кішкентаевтар отбасына берілді. Айтжан – өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі. Ал Ерболат Кішкентаев ширек ғасырға жуық құқық қорғау саласында еңбек етті. Осыдан бір жарым жыл бұрын ата-ана қамқорлығынан айырылған 3 баланы бауырларына басты.


Бубликтер отбасына облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев 300 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев