АҚМЕШІТ КҮМБЕЗІ 3 МЕТРГЕ БИІКТЕЙДІ

Лисаков Тобыл тарихы және мәдениеті музейі «Рухани қазына» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен байқауға 300-ден астам мәдениет және өнер ұйымы қатысып, 16 аталым бойынша жеңімпаз анықталған. Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында журналистермен кездескен мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов осындай жағымды жаңалықпен бөлісті. IMG_1947«27 мамырда Қостанайда мәдениет және өнер ұйымдарының «Рухани қазына» атты республикалық форумының облыстық кезеңі өтеді. Бұл шара өңірде биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Форум аясында облысымыздағы ең үздік мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлері анықталады. Сонымен қатар бұл форум аясында облыстық көркемөнерпаздар фестивалінің қорытындысы шығарылады. Бұл шара биыл Жастар жылына орайластырылып, «Өнеріміз саған, Қазақстан» деген атаумен өтті. Өңірде көркемөнерпаздар шығармашылығы мейлінше дамып келеді. Оған обылстық әкімдік тарапынан да қолдау бар. Биылдың өзінде жоғарыда аталған фестивалді ұйымдастыру шараларына жергілікті атқарушы билік 140 млн теңгенің үстінде қаржы бөліп отыр. Бұл қаржы өнер ұжымдары үшін жаңа музыка аспаптарын сатып алуға, киім жаңартуға, мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады», – деді мәдениет басшысы.
Облыстың мәдениет саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белсенді жұмыстар қолға алынған. Өңірде бұрын-соңды болмаған тың жобалар қолға алынды. Оның ішінде жуырда ғана өткен халықаралық дирижерлар форумы бар. Биыл тұңғыш рет «Наурыз достарын шақырады» атты халықаралық би фестивалі, «Айналдым сенен, Атамекенім» деген атпен қызғалдақтар фестивалі өтті. Бұл жобалардың барлығы өңір тұрғындары тарапынан лайықты қолдауға ие болды.
Бүгінде облыста мәдени қызмет көрсететін 277 ұйым, 355 кітапхана, 10 музей, 5 кинотеатр, 4 театр, 1 филармония жұмыс істейді. Биыл облыстық филармонияға 75 жыл толады. Өнер ұжымының мерейтойы күзде халықаралық музыка күні аясында аталып өтеді. 1 маусымнан бастап филармония ұжымы Жастар сарайына қоныс аударатын болады. Мұндағы кәсіби сахна мәдени шараларды жоғарғы деңгейде өткізуге, сондай-ақ облысымызға шетелден, өзге өңірлерден келетін өнерпаздарды лайықты қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінде облыстық филамонияның гастрөлдік сапарларға шығу белсенділігін арттыру мақсатында 1 үлкен автобус, 1 микроавтобус  сатып алынған.  Соның арқасында филармония әртістері аудандарға, өзге өңірлерге жиі баратын болды. Бүгінге дейін Қарабалық, Федоров, Аманкелді аудандарында концерт қойып қайтты. Қазір облыстың барлық өңірлерінде филармония ұжымының концертін өткізуді жоспарланған. Сонымен қатар, биыл филармония жанынан «Либерто» академиялық ән студиясы ашылды. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдуллина жетекшілік етеді.IMG_1952
Баспасөз жиынында Ерлан Қалмақов Марал ишан атындағы Ақмешіттің тағдырын қозғап өтті. акмешит«Ақмешіт ғимараты 1893 жылы салынғанын білесіздер. Ғимарат бүгінде «Тарихи сәулет ескерткіштері» мен «Қасиетті Қазақстан» жобаларының тізіміне енген.  Облыс әкімінің шешімімен бұл ғимарат облыстық тарихи-өлкетану музейінің балансына өткен.  Өйткені музей мәдени-тарихи мұраны сақтаумен айналысады. Қазір мешіт ғимаратына реставрациялық жұмыстар жүргізетін ғылыми-жобалық құжат дайын. Өткенде ғана облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлу туралы ұсынысымыз мақұлданды. Енді республиканың ең мықты деген сәулетшілеріне мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс беріп, ғимаратты қайта жаңғыртамыз. Басты мақсат – мешіт ғимаратының бастапқы кейпін қалпына келтіру. Біздің мамандар Орынбор, т.б. қалалардағы архивтерден Ақмешіттің бұрынғы суреттерін, құрылыс жобасының сызбаларын тапты. Бұл құжаттарда мешіт күмбезі қазіргісінен үш метр биік. Біз мұны да қалпына келтіреміз. Ал енді Ақмешіт болашақта қандай мақсатқа қызмет етеді деген мәселе қазірше толық шешілген жоқ. Бұл мәселе мешіт ғимаратына қайта жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң белгілі болады», – деді басқарма басшысы.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓