АЛПЫС ЖЫЛ ҚОЛ ҰСТАСҚАН
Фазылхан Мауданұлы мен Биғанша Қарақызының өнегелі өмірі хақында
Біздің қоғамда бір шаңырақ астында жарты ғасырдан астам уақыт бірге тұрып, «ищәй» деспей ғұмыр кешу – сирек құбылыс. Әйтсе де аракідік кездеседі. Қостанайда тұратын Фазылхан Мауданұлы мен Биғанша Қарақызының отау тігіп, отбасын құрғанына тура алпыс жыл толыпты. Бір адамның ғұмыры. Осыншама уақыт бірге жасасып, біте қайнасқан жұп өмір бойы бір ғана жұмыс істеген. Фазылхан ақсақалдың еңбек кітапшасында «1956 жылы 10 қазанында жұмысқа қабылданды» деген бір ғана мөр басылыпты. Биғанша апамыздың бар еңбек жолы да байланыс саласымен тығыз байланысты. Телефонистка болған, пошта таратқан. Апай «Алтын алқа» иесі. Он бір баланы дүниеге әкеліп, оларға келісті тәрбие берген қадірлі Ана. Ал Фазекең кәдімгі еңбек торысы. Омырауында «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Үздік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды. Мұның бәріне ақадал еңбек еңбектің арқасында жеткені ақиқат.
Фазылхан аға – 1956 жылы Қаратүбек орта мектебін бітірісімен жұмысқа орналасқан кісі. Әкесі соғыста шейіт болған. Алдындағы екі немере ағасы да жас. Бәрі Қарлығаш ананың қарауында. Әрі қарай оқу оқиын десе қыруар қаражат керек. Оны қайдан алмақ? Сөйтіп, қаршадайынан бірден жұмыс істеуге бел буған. Жұмыс болғанда да анау-мынау емес, білдей бір ауылдық кеңестің байланыс қызметкері , дұрысы – байланыс бөлімшесінің бастығы. Ардагердің еңбек кітапшасында осылай тәпсірленген.
Ол кезде байланыс саласы қайбір жетісіп тұрды дейсіз?! Құрал дейтін құрал жоқ. Бөлімшеде ЕССР деген ескі неміс аппараты болды, сонымен кесте бойынша күніне екі рет – таңертең және түстен кейін ауданмен байланысқа шығады. Ескі генераторды қолмен айналдыра бұрайды. Қолында микрофон, сәт сайын аудан жаққа мәлімет береді.
– Біздің Аманкелді колхозының төрағасы – Қайырбек Нәлібаев деген кісі. Өте сөзшең адам еді, жарықтық. Айырқұмда Нұралы дейтін бөлімше болған. Сонда найзағай түсіп, айнала бір апта бойы жанғаны бар. Техника жоқ, алапат өртті сөндіруге адам күші қайдан жетсін?! Соны Қайырбек: «Оймақтай бұлт шығып, қазандай жәй түсті!» – деп жеткізді. Сөзді қалай ойнатады, ә!,- деп тамсанады Фазекең әңгіме арасында. – Кейін «Паркс» Л-3 деген аппарат келген соң кішкене жеңіл болды. Әлгінің аккумуляторын қуаттап қойсаң жетіп жатыр. «Еңбек» кеңшарында 1967 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы «Торғай» кеңшарына көшіп бардық. Онда он бір жыл тұрдық.
Ол уақытта поштаны ат шанамен таситын. Көлік қат. Қызыләскерде Қозыбақ дейтін пошташы бар еді. Сол ауданнан жеткізілген газет-журналды, басқасын үйіп әкеп тастайды. Әрі қарай жергілікті пошта тасушы Бекмағамбет Сыдықбаев сексен шақырым қашықта жатқан Айырқұмға түйе шанамен жеткізеді. Соңыра ауыл-ауылды кәдімгі Ан-2 дейтін қалтылдақ ұшақ жалғайтын болды.
– Кезінде «Союз посылторг» деген болатын. Жұрт соған тапсырыс беріп, плита, ыдыс-аяқ сияқты толып жатқан тұрмыстық заттар алдырып жатады. Обалы кәне, шұлық, қолғапқа дейін жеткізеді әлгі. Соның бәрін атшанамен тасимыз. Пошта аудандық номенклатураға қарады. Егер пошта уақытында келмей қалса, біттің. Парторг, ауылнай дегендер сазайыңды береді. Ферма бас сайын бір-бір пошташы болды. Қазір анекдот сияқты ғой, бірде мынадай болған: Ол заманда газет-журналды қоржынға салып тасиды. Пошташының бірі сәл қызыңқырап алыпты. Шамасы, қоржын суға тисе керек, ішіндегі газет біткен дым тартқан. Егер біреу-біреу білсе, сол үшін соттап жүруден де тайынбайды. Осындай асырасілтеуден әбден зәрезап болған кез емес пе, айдалада, ешкім жоқ тасалау жерде әлгі кісі газеттерді бір-бірлеп жайып қойыпты. Оған газет тұра ма, жел ұшырып әкете берген. Сонда әлгі жарықтық газеттерді жинап жүріп: «Социалды ауыл» (аудандық газет), ол «Социалды ауыл», сақалды басыңмен, «Социалистік Қазақстан» , саған не болған?» – деп «ренжіпті».
Биғанша апай да өмір көрігінде әбден шыңдалған кісі. Он жеті жасында тұрмысқа шығып, үш үлкен кісіні мәпелеп, бағып-қаққан жан. Ол кісінің мұнысы қазіргі жас келіндерге құдды бір ертегі сияқты. Бірақ, шындығы осы.
– 1959 жылы осы Фазылханның етегінен ұстадым. Қолымда үш енем болды. Фазекеңнің шешесі – Қарлығаш, сіңлісі Балапан, сосын Рахила есімді енемнің енесі бар еді. Ол кезде бар болғаны он жеті жастамын. Жастайымнан келін болсам да, ешбір қиындық көргенім жоқ. Үш енем мені өз қыздарындай күтті. Шаңыраққа түскен жалғыз келіні болған соң, тіпті, төбемнен құс ұшырмады десем қателеспеймін. Өте тату тұрдық. Ол кезде Үкіметтің де жұмысын істеймін, мал да сауамын, қонақ күтуге де үлгеремін. Енелерім жайлы еді, үйге келсем тамағым істеулі, бала бағулы, – дейді Биғанша Қарақызы.
Бұл кісілердің Қостанайға қоныс аударғанына он үш жылдан асты. Әлі күнге апайдың күбісінен көже ажыраған емес. Сексен үшке келген енесі жарықтық, көз жұмарынан бір күн бұрын келінін ымдап шақырып алып, босағада тұрған күбіні көрсетіп: «Биғанша-ау, осы күбіні қаңсытпа», – деп аманат етіпті. Содан бері алғашқы құйған қор әлі үзіліп көрген емес. Міне, отбасы жарастығы деген осы! Бірі он бір баланы дүниеге әкелсе де, қоғам ісінен ешқашан қол үзбеген, бірі елу жыл бір салада табан аудармай қызмет істеген қос қарияның өнегелі жолы осылай өріліпті. Бүгінде қос қария облыстың орталығында, ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің ортасында шалқып отыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.