ЕТ ДЕГЕНДЕ…
Еліміздің "ranking.kz" сараптамалық орталығы Бекболат Тілеухан ағамыздың "қазақ пен қасқыр ешқашан еттен қайтпайды" деген сөзін тағы бір деректерімен растады. Айтулы агенттіктің есебіне жүгінер болсақ, әрбір қазақстандық жылына 78 келі ет жейтін көрінеді. Бір қызығы, қалалықтар етті ауылдықтарға қарағанда 9 пайызға көбірек тұтынады екен.
Осыдан да болар, соңғы айда ет және ет өнімдерінің құны 0,4–1,4%-ға, ал бір жылда 5%-дан 15,2%-ға дейін қымбаттаған. Мәселен, 2019 жылғы сәуірде қой етінің бағасы 1,2%-ға, яғни, келісі 1501,8 теңгеге дейін (бір жылдағы өсімі – 7,1%) өсті. Сиыр еті мен шошқа еті бір айда 0,8%-ға, тиісінше, бір келісі 1575,1 теңгеге және 1341,9 теңгеге дейін қымбаттады. Бір жылда сиыр еті 5,3%-ға, шошқа еті-6,6%-ға көтерілген.
Сәуір айында жылқы етіне деген сұраныстың төмендегенін аңғаруға болады. Пайызға шаққанда, өткен айда жылқы еті – 0,5%-ға, ақшамен есеп қылғанда – 1789 теңгеге көтерілген екен. Сондай-ақ, сәуірде бағасын тұрақты ұстаған өнімдердің қатарында тауық еті де бар. Құс еті бір айда 0,4 % көтерілген. Жалпы, құс пен жылқы еті жыл басынан бері күрт қымбаттағанын айта кеткен абзал. Сараптамалық орталық келтірген мәліметтерге жүгінсек, жылқы – 9,1 пайызға, құс еті – 15 пайызға қымбаттаған.
Қостанайлықтардың да еттен қашпайтынын айта кеткен жөн. Тұрғындардың тәбетін қанағаттандыру мақсатында, өңірде бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Атап айтқанда, (Қостанай облысы әкімінің жыл басында ел алдында берген есебінен алынған мәлімет) өңіріміздің агро өндірістік кешенінде (АӨК) 5,9 млрд. теңгенің 11 инвестициялық жобасы іске асырылыпты. Солардың арасындағы неғұрлым маңыздысы – Арқалықтың "Торғай ЕТ" ЖШС ет комбинаты базасындағы ет кластері.
Жобаларды жүргізудің нәтижесінде, аймақтағы мал басының өсімі байқалды: ірі қара – 3,3%, жылқы – 7,8%, қой – 4,1%, құс – 4,2% өскен. "Сыбаға" бағдарламасы бойынша импорттық аналық мал басын сатып алу жоспарында көзделген 1850 бас ірі қара және 2500 бас ұсақ қара мал орнына, импорттық 2087 бас ірі қара, 4019 бас ұсақ қара мал тасып әкелінді.
Ет өндірісі 5,0% (96,8 мың тг), сүт 6,8% (408,4 мың тг) ұлғайтылды. Нәтижесінде, 2018 жылы 1802 тонна ет экспортталды, өсімі – 14,0%, соның ішінде сиыр еті 1619 тонна (108%), қой еті 20 тонна (103%), шошқа еті 163 тоннаға (258%) жеткен.
Өңірдегі ет бағытындағы ауқымды жобалардың тағы бірі – «Ақылды ет фермасы» жобасы «Қостанай облысының ет кластері» жобасының операторы болып табылатын ірі және технологиялық жағынан дайындалған «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фермасының базасында жүзеге асырылуда. Жалпы саны шамамен 9 мың ірі қара мал басын құрайды. Қазіргі кезде шаруашылықта цифрландырудың келесі элементтері енгізілген: RFID (Ерефайди) құлақ биркілерін орнату, азықтандыруды бақылау жүйесі, тиімсіз жануарларды анықтап шығару, ұшқышсыз ұшу аппаратымен мал жайылымын бақылау. Экономикалық тиімділігі – бір жылда 122 тонна қосымша ет алу және жемнің 10% үнемдеу.
Ал «Ақылды сүт фермасы» «Олжа Садчиковское» ЖШС-нің 770 сауын сиыры табынына арналған мал шаруашылығы кешені базасында іске асырылуда. Биылғы жылғы сәуірде ірі қара малдың физиологиялық жай-күйлері мен PH-ортасын, аналық мал басының уақтылы ұрықтандырылуын және оның өнімділігін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін «СМАКСТЕК» (Smaxtec) австриялық автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Аталған іс-шаралардың тиімділігін біз жыл қорытындысы бойынша бір сауын сиырдан сауылатын сүттің 6-дан 7 тоннаға дейін ұлғайғандығынан және 100 аналықтан төл алудың 70-тен 90-ға дейін ұлғайғандығын бағамдауға болады.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ