Миллионерге сәукеле сыйлады
Қостанайлық кәсіпкер Евгения Домбаева Қазақстан іскер әйелдердің делегациясы құрамында Дубайға барып келді. Тігін ательесінің иесі Біріккен Араб Әмірліктеріне қолдан тігілген сәукеле апарып, сапардан пайдалы тәжірибе және беделді фэшн-көрмеге шақыртуды алып қайтты.
Біріккен Араб Әмірліктері – әйелдер кәсіпкерлігі үшін қолайлы мемлекеттердің бірі. Жергілікті бизнес-ханымдар кәсіп жүргізуде көптеген қолдауға ие. Сондықтан Қазақстан іскер әйелдер кеңесі бірнеше жыл қатарынан Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер әйелдер кеңесімен тығыз жұмыс істеп келеді.
"Егер әйел Біріккен Араб Әмірліктерінде кәсіп ашқысы келсе, үкімет оның кез келген елдегі оқуын төлеп береді. Сонымен қатар әйелдерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осындай мүмкіндіктер қызықтырды", – дейді Евгения Домбаева.
Форумның Бас демеушісі – Арабтың бизнес-ханымы, миллионер Риид Аль Дхахери. Евгения Домбаева жеке ательесінде қолдан тігілген әшекейлі сәукелені Риид ханымға сыйға тартты. Қазақ қыздарының ұлттық бас киімінің сән-салтанаты форум қатысушыларын тамсандырды. Евгения да араб қолөнершілерінің жұмыстарын бағалады. Қостанайлық кәсіпкер жоғары сән көрсетіліміне шақырту алған.
"Бұл ер адамдар қатыспаған жабық іс-шара болды. Сондықтан, хиджабтар болған жоқ. Кешке, тойға арналған көйлектер өте әдемі болды. Осы шарада мені ұлттық стильдегі көрмеге модельер ретінде қатысуға шақырды. Аталған көрсетілім пайдалы іскерлік байланыс орнатудың бастауы болады деген үміттемін", – деді Евгения Домбаева.
Кездесу нәтижесінде БАӘ іскер әйелдер кеңесі және Қазақстан іскер әйелдер кеңесі арасында ынтымақастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында бірлескен жобалар мен бағдарламалар әзірленеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ