Атақты “Динамоға” 95 жыл
Биыл "Динамо" спорт қоғамының құрылғанына 95 жыл. Осыған орай Қостанай облысының "Динамо" спорт кешенінде чемпиондардың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан құрметті спортшылар, ардагерлер мерейтойлық медальмен марапатталды. Мерейтойлық төсбелгі ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Иван Дычко, сондай-ақ қысқы спорт шеберлері – Денис Кузин мен Александр Жигинге де табыс етілді.Іс-шараның ашылуында сөз алған облыстық ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев "Динамодан" соңғы 10 жылда үш Еңбек сіңірген спорт шебері, 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 7 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы тәрбиеленіп шыққанын айтты. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қауіпсіздік және құқық қорғау органдары үшін спорттық ұйым ретінде құрылған "Динамо" ФСО бүгінде ел спортының ажырамас бөлігі және қозғаушы күшіне айналды.Спорт қоғамын 17 жылдан астам басқарып келе жатқан "Динамо" ФСО төрағасының орынбасары Виктор Чернявский полиция қызметкерлері арасында спорттың дамуы туралы баяндады.
Иван Дычко барлық ардагерлер мен спортшыларды маңызды мерекемен құттықтады.
– Мен өз мансабымды көптеген атақты чемпиондар сияқты "Динамо" қабырғасында бастадым. Бұл жерде жеңіске жетелейтін спорттық рух орнағанын атап өткім келеді! "Динамо" қабырғасында спортшылар олимпиадалық спорттың 44 түрінің 36-сы бойынша дайындалады, – деді И.Дычко.
Сонымен қатар, Қостанай облысы ПД қызметкерлері спорт шебері Әлібек Боранбаев, Жәнібек Мұхамеджанов және Аманбек Жаманқараев марапаттарға ие болды.