Ерлан Рысқали: «Алдағы күн ән мектебім ашылады»

 

 

«Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалінің Тобыл-Торғай жеріне келгені жайында газеттің өткен сандарында жарияланған еді. Осы сапаршылардың қатарында есімі қазір Еуропаға танылған белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали да бар.

Ерланға дәстүрлі ән өнері ата-анасынан дарыған. Ол аздай, ертеректе Рысқалидың үйіне еліміздің небір өнер саңлақтары қонақ болып түсіп жүреді екен. Тіпті, атақты әнші Жәнібек Кәрменов осы әулетте болып, алты-жеті жасар Ерланға ақ жол тілеп, батасын беріп кетіпті. Киелі Семей өңірінің тумасы Санақ Әбеуовті өзінің өнердегі алғашқы ұстазының бірі тұтады. Міне, сол бала Ерлан қазір диапозоны кең, репертуары бай әншіге айналды. Сонау Әміре, Манарбек, Жүсіпбектер салып, бертіндегі Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиевтер үзбей әкеле жатқан дәстүрлі Арқа ән мектебін жалғаушысы. Еуропада бір жыл жүріп келген кейіпкеріміз өткен күзде елге оралды.

рыскали4

– Ереке, елге екі мыңыншы жылдардан «Молдабайдың әнімен» кең таныссың. Байқаймыз, қазір желдірме әннен гөрі Ақан Серінің «Маңмаңгер», Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», «Дариға сол қызы» қатарлы ойлы әндерді жиі орындап жүрсің. Бұл – адам жас қосылған сайын философиялық терең туындыларға бұрылады десем, қателеспейтін шығармын.

– «Молдабайдың әнін» баяғыдан айтып жүрмін. «Екі жирен», «Бозқараған», «Қанапияның әні», «Ақ сиса» әндерін қайта түлеттім. Әр ән уақытына қарай келеді. Рас, бүгінгі таңда сахнада ойлы, мұңды, сұлу сазды, мәнді әнді қабылдамайтын дәрежеге жетті. Бәрі ойнақы, жұлып тұрып айтқысы келеді. Өнерпаздар да жүрек қылын шертетін, ой салатын әнді айтудан қашады. Мұндай әндерді жеткізу үшін үлкен күш, жүрек, қайрат керек. Оның үстіне халықтың да ырғақты әнге үйреніп қалғаны соншалық, эстрадалықтардың есін аударып жібергені соншалық, мұңды, қайғылы ән айтып жатып, арасында ырғағы бар қайырмасын айтсаң, жұрт соған қол соғып кететін болды. Мәселен, мына біз қатысқан фестивальде Манап (Манапбек Кәдіровті айтады – Қ.Қ.) ағамыз халық әні «Самалтауды» орындады. Бұл қасіреттен туған ән ғой. Енді соның қайырмасы «Әке-шешем бар еді, Жасы жеткен кәрі еді. Осынау әнге салдыртқан, Он алтының зары еді» деп сәл ойнақы орындалады, соған жұртшылық шапалақ соғып жатыр. Міне, бұл эстрадалық даңғырлақтың бізді ойландырмай тастағанының кесірі, философиялық мәні бар шығарманы қабылдай алмай қалғанымыздың көрініс. Сол желпінген дүниені аңсайды, халықтың көңілінен шығамын деп, біздің де әншілер алқынған-жұлқынған әндерді айтуға үйір болып кетті. Сай-сүйегіңді сырқырататын, әуені тұла бойды жаулап алатын әнді айтуға ешкімнің жүрегі дауламайды. Сол себепті, мен қазір осындай ойлы шығармаларға көбірек бет бұрып жүргенім содан. Мәселе көрерменнің тыңдағанында емес, мәселе сенің оларға тыңдата алғаныңда.

«Сұқтанып тұрып жанарың, Сұрыма неге қарадың? Солай да, солай, қарағым, Отыздан асып барамын» деп басталатын Мұқағалидың өлеңін мазақ қылып айтып жүрміз. Тойдың деңгейіне түсіріп жібердік. Ал біздер тойда осы әнге өлгендей билейміз. Клипінің сиқы анау. Сол қайран өлеңге кімдер ән жазбады? Тұрсынғазы Рахимов соған ән жазды. Қандай ғажап! Толған мұң, тұнған философия.

– Еуропада ән жинағың жарық көрді. Англияда тұсаукесері өтті. Бұл таспаны «Маңмаңгер» деп атауыңның себебі бар ма? Және шетелде бұл іске кімдер демеуші болды?

– Біріншіден «Маңмаңгерді» өзім ерекше жақсы көріп орындайтын әнім. Жаныма жақын. Ақан атамыздың бұл әні Еуропада көбірек танылуыма себепкер болды. Мына бір жайтты айта кеткім келеді. Германияның Кельн қаласында Ирина Мюллер есімді неміс режиссері Ақан Серінің шығармашылық өміріне байланысты «Ақан. Ілияс. Құлагер» спектаклін сахналады. Сол қойылымда Ақан шығармалары менің репертуарымдағы ән таспадан берілді. Ең басты жері – Ақан бәйгеге келгенде, осы «Маңмаңгерді» қояды. Осы ән арқылы Еуропа жұртына танылып қалдым. Дискіні шығаруыма да осы себеп болып отыр. Содан ән жинақ Еуропадағы музыка жазу студияларында жазылды. Мұның сапасы өте жоғары. Бағасы да қымбат. Оны өз қаражатыңмен шығару мүмкін емес. Демеушілер – әкелі-балалы Медғат пен Шыңғыс Құлжановтар, Жомарт Омаров. Ұлыбританиядағы елшіліктің ұйымдастыруымен үлкен тұсаукесерін жасадық. Қазір ән жинақты Қазақстандағы «Меломан» компаниясына өткізіп жатырмыз. Облыстарда концерттер беріп келемін. Алғашқысын Қызылжардан бастадым, себебі, ол өңір сал-серілердің отаны. Одан соң өзім туып-өскен Семей мен Өскеменге бардым. (Ал 17 сәуірде Ақтөбеде Ерлан Рысқалидың шығармашылық кеші өтті – Қ.Қ.)

рыскали3

– Осы «Маңмаңгерді» тағы заманға лайықтаймыз деп бұзып алмай тұрғанда, өзің халықтық сарынға жақын етіп эстрадалық нұсқасын шығарып алмадың ба. Бізде де дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп эстрадаға икемдеген алдыңғы буын әншілер бар. Бекболаттың «Асылболаттың әні», «Япурайы» немесе Рамазанның «Дариға-дәурені» қандай! Мәселен, Рамазаннан кейін ешкім «Дариға-дәуренді» жүрегі дауалап жаза қойған жоқ. Тіпті, Қуандық Рақымның «Молдабайдың әнін» эстрадаға салуы өзіме ұнады…

– Болады ол да. Оны жазсам, мүлдем басқаша, сапалы етіп жазар едім. Біраз уақыт керек.

– Ал енді көзіңмен көріп келген Еуропа жұртының біздің мәдениетімізге, өнерімізге деген көзқарасы қалай екен?

– Еуропа жұрты талғамы жоғары, мәдениетті халық. Мықты өнерпаз болсаң кез келген өнерді қабылдайды. Мен Англияда бірқатар концерттер бердім. Бізде концерт бітсе, көрермен сенімен суретке түсу үшін ұмтылады. Ал еуропалықтар кәдімгідей алғысын жаудырып тұріп, алған әсерімен бөліседі. Маған айтатындары: «Сіз ән айтып тұрғанда, біз шетсіз, шексіз далада жүргендей күйде боламыз» дейді. Бұл біздің қазақтың әнінің кеңдігінде ғой. Кезінде Мәскеудегі онкүндікте Манарбек Ержанов ән салғанда, залда отырған академик-музыкатанушы әрі композитор Б.В.Асафьев «О, мынау әнші ғажап қой! Мәскеуге қазақтың кең даласын көшіріп әкелгендей болды» деп тамсанғаны бар.  

– Еуропалықтар осындай ойлы әндерді құлай тыңдайды дегеніңе қарағанда, олар эстрадалық даңғырлақтан әбден жалыққан болып тұр ғой?

– Олай дей алмаймын. Біздің эстрада – тойдың деңгейінде. Ал олардың эстрадасының деңгейі де өте жоғары. Мәселен, Батыстың Адель немесе Эд Ширэн, болмаса Уитни Хьюстон – қазіргі заманның эстрадасының жарық жұлдыздары. Солардың әндерін тыңдап отырсаң, біздің эстрадада жүрген әншілер жолда қалады. Адельдің даусы қандай! Төрт рет Грэммиді алды. Бізде бәрі той, ақша табу. Сол эстрада деңгейін көтерейін деген құлық жоқ. Сол себепті шетелдіктер нағыз өнерді керемет бағалайды.

– Біз Еуропа жайлы сөз қозғағанда, өткен ғасырда Париж сахнасын дүр сілкіндірген Әміре Қашаубаев атамыз ойға оралады. Германияда Әміренің даусы жазылып алыныпты деген әңгімені жиі естіп жүрміз. Осы жағын сұрастырып көрдіңдер ме?

– Әміре атамыз немістің бір алпауытының студиясына барып ән жаздырыпты дегенді естідім. Нақты білмеймін. Егер шынымен де осы жағына қаржы бөлініп, іздеуші болса, оны тауып алуға болады. Немістер өте ұқыпты халық. Ол жазбалар сақталып қалуға тиіс. Хронологиясы бойынша іздестіру қиын емес.

– Репертуарыңнан Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатайдан бөлек, Мұхиттың  «Зәуреш» «Паңкөйлек», «Айнамкөз», «Үлкен айдайын» да тыңдап қаламыз. Тағы бір күрделі мектеп – Сыр мақамы. Өз басым қазаққа кең танылған «Балымша» әнінің орындалу кезінде соншалықты күрделі екенін бұрын білмеппін. Тыңдағанға жеңіл, бірақ ыңғайға келмейді. Өзіңнің икеміңе келмейтін осындай әндер бар ма?

– Әсілінде көзге, құлаққа қарапайым, жеңіл болып көрінетін әндер орындауға келгенде өте қиын болады. Сондай әндер ел арасына өте кең тарап кетеді. Оны ауыл арасында той-томалақтың әні қылып жібереді. Ал ол әнді кәсіби деңгейде айтайын десең, қиынның қиыны. Мысалы, бүкіл қазақ білетін «Күміс құмған-ай». Осыны домбыраны сабалап жүріп «Айналайын көзіңнен ашып-жұмған-ай» деп той әні қылып алдық. Бірақ оның кәсіби жағынан орындалуы мүлдем басқаша. Және сөзі де «Айналайын көзіңнен ақыл тұнған-ай». Көзді ашып-жұмғанда не мағына бар? Ал өкінішке қарай, кәсіби деңгейде айтсаң, ол тыңдаушыға өтпей қалуы мүмкін емес. Жәнібек Кәрменовтің «өнерпаз өрелі болса, өнері нәрлі болады» деген керемет сөзі бар.

Рас, қоржынымда әр өңір мектептерінің біраз шығармасы бар. Мәселен, Батыс әндерін Арқаның иірімімен айтып жүрмін. Бұл әндерді Арқа иіріміне кезінде Жүсіпбек, Жәнібек аталарымыз әкелді. Қазір оларды орындап жүрсем, бәлендей жаңалық ашқан болмаймын. Бүгінде консерватория болсын, «Шабыт», Өнер университетін бітірген кез келген Арқа мектебінің өкілі Мұхиттың бір-екі әнін игеріп шығуға міндетті. Тағы бір қосқаным, Мұхиттың «Дүние-ай» әні. Оны маған дейін Арқаның бірде-бір әншісі орындаған жоқ. Әуен Батыстікі, қағысы Арқаныкі. Әр мектептің өзінің жөн-жоралғысы болады. Деталіне дейін игеруің керек. Орап қағу, төпелетіп, төгіп қағу. Арқада теріп, шертіп, іліп, көсіп қағу бар. Домбыра қағысының өзі сол мектептің ашық көрінісі іспеттес. Мен қазір Батыстың қағысымен айтатын болсам, Ғарекең орындағандай шықпайды. Біздің кейбір өнерпаздар бар «біз айтып жүрміз ғой» деп. Мен айтар ем, ол сол мектептің қадір қасиетін білмейді, я оның менмендігі басым. Өнер де ғылым ғой. Естай атамыз айтады: «Әншінің домбырасы – қолғанаты» деп. Сол себепті, домбыраның да рөлі өте маңызды. Былай қарасаң, аспап саған ілесіп отыру керек.

– Жәнібек Кәрменовті жиі айтып отырмыз. Кезінде бұл кісі Ақселеу Сейдімбекпен өте тығыз байланыста болды. Екеуі эфирде бір-бірін толықтырып, қандай келелі сұқбаттар құрушы еді. Хабар жүргізді. Бірінің сөзін бірі іліп әкетеді. Қазір сенің жаныңда сыр ашатын, бүкпесіз әңгіме құратын Ақселеу бар ма?

– Мен ақындармен, әнші, күйшілермен, өнер саласындағы қай азаматпен де араласамын. Опера, эстрада саласындағы жігіттер, қыздар болсын, ешкімді бөлектемеймін. Өйткені, олардың барлығы маған титтей болса да кеңесші, ақылшы, жанашыр. Шәкәрім «сөзі – жан, әні – тән» дейді. Әннің сөзі – жан. Сондықтан әдебиетшілермен араласу керек. Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазин, Ақберен Елгезек сөз қадірін білетін жігіттер. Осылармен терең әңгіме құрамыз.

рыскали2

– Оны сұрап отырғаным, кезінде Ақан Әбдуәли жүргізген «Қазақтың 100 әні» телебағдарламасы жоқ, ол аздай, мәдениетімізді дәріптеп келген телеарна жабылды. Жаңағы азаматтармен оңашада емес, эфирге жиі шығып, ойды ортада тастап, өнер-мәдениетіміздің жай-күйін көтеріп отыру керек сияқты. 

– Шығып тұру керек-ау. Ішімізде қаншама айтар әңгіме жатыр. Біз қанша қалағанымызбен, оны арна басшысы да қалау керек. Басшы үстінен қамшы салып, адам салу керексің. Ол шын пейілімен жасамағасын, қажетті қаражат бөлінбегесін, шынайы хабар шықпайды. Және прайм-тайм болу керек, таңғы, түскі, кешкі ас уақыттарында көрермен жаппай теледидар алдында отыратын кезде рухани саладағы хабарлар ұсынып, неге рейтинг көтермеске! Әйтпесе, түн ауғаннан кейін ондай жобаларды кім көреді? Егер басшылық тарапынан шынайы жанашырлық танытатын болса, бәрін жасауға болады. Жаңағы айтқан Жәнібек пен Ақселеу ағаларымыз Кеңес дәуірінде де айтарын айта алды емес пе? Яғни, ол бір жағы телерадио басшыларының немесе олардан жоғары отырған Өзбекәлі Жәнібеков, Еркеғали Рахмадиев аталарымыздың ұлтымызға деген шын жанашыр болғандығында. Шын ниетімен жол ашып берсе, бізде әдебиет, өнер саласында небір мықты қыз-жігіттеріміз бар. Әйтпесе, Жәнібегіміз де, Ақселеуіміз де бар ортамызда. Көзін ашып, жағдайын жасап, мойнын бұру керек. Біреуге қамшы салдырмау керек. Ол өз жан-тәнімен ниетте болу қажет.

– Алдыңғы буынның өнерін өзің жалғастырып келесің. Жасың қырыққа таяды. Пістің, жетілдің. Ерлан Рысқали мектебінің ашылатын кезі келген сияқты…

– Уақыт өте келетін дүние. Арқа ән мектебінің алтын діңгегі – Жүсіпбек Елебеков. Біздің соңымыздан көш ілесер. Қай жерге барсаң да қазір қарқын жақсы. Сол аталарымыз салған жол үзіліп қалған жоқ. Әзірге ешқайда қызметте емеспін. Кезінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс берген шәкірттерім қазір әжептәуір әр жерде жүр. Алды филармония, жоғары оқу орындарында дәріс береді. Мен бірнеше жыл бұрын елордаға көшіп келдім. Содан бері Өнер университетіне, «Шабыт» шығармашылық сарайына жұмысқа жиі шақырады. Сөздің шыны керек, қазір қағазбастылық көз ашпай қалдық. Балаларды бағдарламамен ғана оқытуың керек. Егер өйтсең, зардабын шәкірт тартады. Сен өз методикаңмен үйреткің келеді. Өзім жүріп өткен жолдың, оның ой-шұңқырын өзгеден гөрі мен жақсы білем ғой. Менің әнімді қағаз орындамайды. Ал неге мен өз тәсіліммен оқыта алмаймын? Қайта Жүргеновте жүргенде, балаларды демалыс кезінде үйге шақырып алып дәріс беретінмін. Астанаға келгенен кейін бәрін қойдым. Бірақ қазір өзім елордада өзімнің жеке сыныбымды ашсам деп жүрмін. Ол студия болып ашылуға тиіс.

– Сөз соңында біздің Қостанайдағы ұлттық өнердің аяқ алысына бір ауыз лебізіңді білдірсең.

– Осыған дейін Қостанай жеріне бірнеше рет келдім. Бұл өңір әріден атақты Тәтіқара, берідегі Нұжан Наушабайұлы, Басығараның Қанапиясы, Нұрхан Ахметбеков, Елубай Өмірзақов аталарымыз ізін салып кеткен әннің, жырдың құйқалы мекені. Соңғы жылдары аймақта атқарылып жатқан рухани саладағы игі істерден хабардармыз. Мәдениет саласына Ерлан Қалмақов басшы болып келіп, жас та болса іскерлігін көрсетіп жүр. Ал бүгін Манапбек Кәдіров ағамыз, өзімнің консерваторияда бірге оқыған курстас досым Талғат Молдағалиевтердің соңынан жақсы әнші қыз-жігіттер еріп келеді екен, соған марқайып бара жатырмын. Алла сәтін салса, алдағы күндері әлі де игі бастама, шаралар өткізіледі екен бұл жерде. Іргелі елде ілкімді істер молынан болғай деген тілегім бар.

рыскали1

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓