Рухани қазына – ұлт болмысы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихымызды түгендеп, ұлтымызға тән рухани кодты сақтауға және ұлттық сананы өзгертуге арналған. Бағдарлама тармақтарына сай, әсіресе, мәдениет саласында ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Осынау ұлттық құндылықтарды сақтауда мұражайлардың орны ерек. Соның бір тармағы – «Қасиетті Қазақстан» кіші бағдарламасы бойынша Амангелді ауданының Бүйректал жалпы білім беретін орта мектебінде мұражай ашылған болатын.
IMG_6704
Жаңашыл мұражай
 
Ауылдың тарихына тереңірек үңіліп, тарихын, киелі жерлерін, ауыл түлектерінің жетістіктерін зерттеуге кіріскен мектеп ұжымы біраз шаруа атқарыпты. Сол жұмыстардың бір нәтижесі – «Өлкетану» мұражайы. Әуелі, мұражай жетекшісі, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Айман Баймағанбетова туралы аз-кем деректерге назар салайық. Айман Күлекешқызы осы өңірде туып, мектепте 30 жылға жуық жұмыс істеп келе жатыр. Он жылдай директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, төрт жыл мектеп директоры болған. Негізі, 1987 жылы Целиноград мемлекеттік педагогоикалық институтының  филиология  факультеті, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына  оқуға түскен. Аталған институтты 1992 жылы тәмамдап, туған жерінде мұғалім болып  еңбек жолын бастады. 2003 жылы қосымша Қостанай мемлекеттік университетінің құқық және тарих факультетін аяқтады. 2004 жылы аудандық «Жыл мұғалімі»  деп танылса, бірнеше мәрте облыстық марапаттардың иегері атанды. 2010 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатына ие болып, 2014 жылы «Еңбегі үшін» облыстық дипломымен марапатталды. 2017 жылы республикалық «Үздік педагог» төсбелгісін тағынған да осы Айман Баймағамбетова. Оның сөзінше, жаңа ғасырға аяқ басқан тұста мектептің бұрынғы директоры Бәкиза Қасымованың бастамасымен «Тарихи-педагогикалық» музей ашылып, жұмыс істеп тұрған. Онда мектепте еңбек жұмыс істеген ұстаздар, атақты түлектер туралы мәліметтер жиналған. Сол кезде де Айман Күлекешқызы жетекшілік етіп, біраз мағлұматтарды сақтап қалды.
Жаңадан ашылған мұражайдың ауқымы кең. Ауылдың құрылуынан бастап, даму жолы, қазіргі күндегі тыныс-тіршілігі қамтылған. Мұражай бірнеше бөлімдерден тұрады. Олар: «Ауыл тарихы», «Даму жолы», «Ауыл шаруашылығының өркендеу жолы», «Еңбек ерлері», «Ауылдан шыққан атақты тұлғалар», «ҰОС ардагерлері», «Тыл ардагерлері», «Мектептің даму жолы». Бұл ауқымды шаралар жыл басынан жоспарланып, аудан көлемінде өз нәтижесін көрсетті. 2019 жылдың басында Астана қаласы ұйымдастырған республикалық «Музей – ел шежіресі» тақырыбындағы интернет-байқауынан бірінші орынды жеңіп алды. Байқауға қатысқан Айман Күлекешқызының еңбегі жоғары бағаланды.
SONY DSC

SONY DSC

Сонымен мұражай несімен құнды? Мектеп қабырғасынан ашылған мұражайдың басты ерекшелігі – жаңашылдығы. Себебі, мұндағы әрбір экспонаттан ұялы телефон арқылы мәлімет ала бересіз. Мұндай жаңашылдықты қолданған мұражайлар облыс бойынша сирек. Мектептің информатика пәнінің мұғалімі Дастан Әбілтаевтың еңбегінің арқасында, ескірген суреттер қалпына келіп, мұражай қабырғасына ілінді. Дастан Саматұлы арнайы бағдарламамен әрбір жәдігерге QR-код орнатқан. Оның сөзінше, бұған екі ай уақыт жұмсаған.
Мұражай – тарихтың куәсі. 1924 жылы Жамбыл ауылында (қазіргі Ақсай) 4 сыныптық бастауыш мектеп ашылған. Айман Баймағамбетованың айтуынша, алғашқы мектепте 4 оқушы оқыған. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Батыр Әлмағанбетов пен Садық Әбділдин, Ұлы Отан соғысында комсомол ұйымын басқарған Хамза Қасымовтар білім алған.
IMG_6710
Мұражайдың тағы бір жәдігері – Бүйректал мектебінің алғашқы ұстаздары туралы деректер. Атап айтқанда, мұнда аудандағы бірінші педагогтардың бірі саналатын Бірмағанбет Қолдасбаев, ҰОС ардагері Тасмұрат Арыстанбеков және  бастауыш сынып мұғалімі Қазкен Ғалиевалар оқыған. 1942-1943 оқу жылдары Арғынғазы Бақкөзов мектепті басқарады. Ал 1947 жылы жеті жылдық мектепке Кәкімбек Әбеуов, 1951 жылы Молдасалық Бөженов директор болып келеді. 1957 жылы жеті жылдық мектеп жабылып, қайта бастауыш болып қалды. Оны Зейнолла Омарбеков басқарады. Айта кетейік, мұражайда Зейнолла Омарбековтің екінші дүниежүзілік соғыста ұстаған заттары сақталған. 1967 жылы  Амангелді аудандық атқару комитетінің сәуір айындығы өкімімен орта мектеп құрылды. Мектеп директорлығына Ізбасар Қамысбаев тағайындалды.
 
Кәсіпкерін көріп, ауылын таны
 
Мұражайдың жетістігі – тынымсыз еңбек пен ізденісте. Бұдан бөлек, Айман Күлекешқызы айтқандай, әуелі осы бастамаға демеушілік жасап, қаржылай көмектерін аямай, ел тірлігінің ұйтқысы бола білген патриот азаматтарға алғыс айтылу керек деп есептейді. Расымен де, Балғураев Қали, Ғалиев Махмут, Шаяхметов Мүбәрәк, Жүнісов Мирасбек, Омарбеков Қайырбай, Молдатаев Сағындық, Шағыров Мылтықбай, Сыздықов Өмірбек, Әбділдин Бүркіт, Шағыров Марат, Торсықбаев Базарбек, Сәдуақасов Шоқан, Алтынсарин Жанай, Атаев Бауыржан, Әлібаев Дәулет, Ілиясов Бағдат, Аренов Болат, Жанайдаров Серік, Хасенов Батырхан, Тасмұратов Шамиль, Смағұлов Марат, Садақбаев Ербол, Әлмағанбетова Зауреш, Шалғынбаева Ақыш, Исабекова Ләйлә, Кулекешов Әлихан, Төлеубаев Руслан, Серікбаев Нұрлыбек, Кенжебаев Марғұлан, Исабеков Елдос, Ершинов Ізбасар, Есекин Сейтбек, Сулейменов Абылайхан, Досжанов Сарсен, Атаев Амангелді, Исабеков Айдос, Ілиясов Асылхан, Ілиясов Әліби сынды ауыл азаматтарының көмегі көп.
– Бұл әлі толық тізім емес, себебі мұражай жұмысы үздіксіз жүретін үрдіс, сондықтан әлі күнге дейін демеушілер көбейіп жатыр. Ал үнемі мектепке және мектеп жанындағы балабақшаға  демеушілік көрсететін ауылдың жеке шаруа қожалықтары және мектептің түлектері Сапарғали Ахметжанов, Аман Аянов, Мүбәрәк Шаяхметов, Нұрылан Молдатаев, Серік Жанайдаровтардың игі істерінен үлгі алатын жастары бар ауылдың болашағы жарқын, – дейді Айман Күлекешқызы.
IMG_6768
Бүйректал ауылының кәсіпкерлері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін қосып келеді. Мұны ауыл әкімі Шоқан Сәдуақасов растап отыр. Мәселен, Қали Балғураев – облысқа танымал меценат. Негізі, атасы Балғурайдың әкесі Жұмасай ауқатты кісі болған деседі. Садық Нысанбаевтың «Өмір өткелдері» кітабында: «Торғайдың бір саласы Аяқмойылды өзенінің бойы арғын Әйдерке руының аталары мекендеген көрінеді. (Осы күнгі Қостанай облысы Амангелді ауданы) Жәдік руында Жұмасай, Нұржан деген дәулетті адамдар болған. Сол Жұмасай Шақа елінде оқыған, ірі медресе бітірген Жәуке деген молда бар екендігін естіп, інісі Нұржанды бірнеше кісімен жіберіп, ескіше сауаты бар Нысанбайдан баласын өз еліне мешіт  ұстауға және бала оқытуға өтінген» деп жазылған екен.
– Жұмасай нағашым сол заманның өзінде елдің қамын ойлап балаларының сауат ашуына ықпал еткен. Өкінішке қарай кәмпескелеу кезінде қудаланып, түрмеге қамалған. Бауырлары  байдың тұқымы деп атылған. Шешемнің айтуынша, әкесі Жұмасай өте жұмсақ, адамгершілігі мол кісі болған. Көмек сұраған адамға тоғайдағы сиырларының ішінен таңдағаныңды ал дейтін көрінеді. Адам қанап, жалшы да ұстаған жоқ, құдайдың бергені шығар, ірі қарасы көп болды. Не үшін халық жауы атанғанын түсінбедік, – деп түсіндірді Айман Баймағамбетова.
IMG_6689
Қали Балғураев еліне демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Мектепке қажетті нәрселерді уақтылы әкеліп, балаларды қуантатыны тағы бар.
– Бір сөзімізді жерге тастап көрген жоқ. Қаржылай көмегін аямайды. Күнделікті ұсақ-түйегін айтпағанда, соңғы жылдары мектептің қоршауына, мұражайдың жиҺаздарына, спорттық жабдықтарға қомақты қаржы берді. Әрине, ол мұнымен тоқтамасы анық. Бастысы, қазақтың  жиен-нағашы арасындағы қалжыңды түсінетін кісі. Қали Жақсылықұлы жақында 61 жасқа толды. Жоғары білімді бола тұра, қиын кездерде де ауылдан көшпеді. Алматы халықшаруашылық институтын аяқтаған. Ауылда бас экономист болып жұмыс істеді. Ел жандылығы сондай, шақыртылған  жұмыстардан да бас тартты. Содан «Нұрылан» жеке шаруа қожалығын ашып, тұрмысын нығайтуға кірісті. Міне, қазіргі таңда ауылдың белді азаматы, ел ағасы, игі істерімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған патриот адам, – деді мұражай директоры.
IMG_6700
Өлкенің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін мұражай қашанда рухани қазына саналған. Сол себепті, шағын ғана ауылдағы ауқымды жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық сананың сілкінуіне үздіксіз қызмет ете беретіні сөзсіз.
 
 
Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓