ҒАЗАЛМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

Ақбар қажы Жолбарыс Баязидтің адамдық пен имандылық хақындағы жырлары ақынның ішкі жан дүниесіне нұр шашқан иман сәулелерінің жылуы мен құдыретінен туса керек. Оның оқырманды ізгілікке үндейтін өлеңдері – терең толғаныстан туған тағылымы мол мөп-мөлдір дүниелер. Қаламгердің өзі де имандылық тақырыбын шынайы жырлау арқылы жаңа бір рухани кеңістікке бойлап, парасат биігінен ой толғайды. 60 жыл ғұмырын поэзияға арнаған қарт қаламгердің әкесі Баязид те халықтың қалың ортасынан шыққан арқалы ақын болған. Меңдіқара өңіріндегі көнекөз қариялар Баязид өлеңдерін күні бүгінге дейін жатқа айтып отырады. Халық жауы атанып, нақақ күйген әке тағдыры ақын жүрегін жиі мазалайды.196648_1426822721
–  Мен 34-ші жылы туғанмын. Әкем 1935 жылы сотталып кетті. 1938 жылы менің 4 жасымда қайтыс болды. Әке мейіріміне қанып, бала болып еркелегенім есімде жоқ. Тағдыр маған ондай сыйды жазбапты. Әкемнен бірде-бір сурет те қалмапты. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен әкеме қатысты қылмыстық істі алып, толық танысып шықтым. Әкем арабша жазған. Қазақы сөздер. Бірақ суреті жоқ. «Мәшһүр жарға» деген бір көлемді поэмасы болыпты. Өзбек деген ағам «Өлеңі бар еді. Жоғалып кетті» – дейді. Сол ағамнан басқа екі апам, МҚК-де жұмыс істеген інім болды. Солардың бірі де әкемнің бір ауыз сөзін құнттап жинаған адамдар емес. Мен 4-ші сынып оқып жүрген кезден бастап ауылдағы шілдеханаларда, той-томалақта айтылатын әкемнің өлеңдерін  тыңдап өстім. Кемпір-шалдар жылап отырып тыңдайды. Сол кезден бастап әкемнің өлеңдерін жинауға серт еттім. Әкемнің өлеңін айтқан кісінің бәріне «аға жазып берші, әже жазып берші» – деп жалынып-жалпайып барып, жазып алып жүрдім. Сөйтіп жинаған азғантай өлеңді 62 жыл өткен соң, «Ақыреттік обалымды арқалар» деген атпен кітап етіп шығардым, – дейді ақын.
Жолбарыс шайырға ақындық өнер тегінде әкесі Баязидтен дарыған. Қаламгер өмірдің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын жан жүрегімен сезіне отырып, күйініш-сүйінішке толы шынайы жырлар жазды. Жолбарыс қажы Баязид шығармашылығының бағасын ақын Қадыр Мырза Әлі: «…айтары бар, шынайы көңіл бар. Сәті келіп қалған жерде ақын сезім шүріппесін кешіктірмей кезінде баса біледі. Көзі жіті, көңілі елгезек. Заманда, қоғамда болып жатқан өзгеріс атаулыны қапы жібермей, қағазға түсіріп отырған. Оны өлеңге айналдыра білген. Бұл жырлар жай қатардағы жырлар ғана емес. Куәгердің қаламынан туған бағалы дүниелер. Ерте ме, кеш пе оқырманын табатын шежіре шумақтар»,- деп салмақтайды.IMG_8468
            Ақынның шығармашылық жолын, өлеңдерінің көркемдік мәні мен мазмұнын һәм тақырыптық аясын зерде сарабына салып,  таразылар болсақ, оның туындылары дәуір, кезең, түсінік, пайым-парасат, құндылықтар алмасу құбылысын бастан кешірген қос ғасыр тоғысындағы замана келбеті мен тынысы барынша кең қамтылады. Қаламгердің өлеңдері мен толғау-дастандарының қай-қайсынан да адамгершіліктің асыл мұраттары, имандылық иірімдері сыр шертіп тұрады. Бұл өлеңдердегі ізгі ойлар мен асыл қасиеттер ақынның өз бойынан да айқын көрінеді. Оған дәлел ретінде оқырманға бір ғана оқиғаны баяндай кетейік.  
            Жолбарыс Баязид біраз жыл облыстық радиода бас редактор қызметін атқарды. Бірде редакцияға 3 бұрышты хатпен біраз өлеңдер келіп түседі. Бейтаныс ақын жолдаған жырлардың ұнағаны соншалық, редактор көп ойланбастан бірнеше өлеңді қатарынан радиодағы кешкі хабардан береді. Кейін сұрастыра келе, әлгі бейтаныс автордың түрмеде жатқан адам екенін біледі. Жолбарыс Баязид бұл ақынды қайткен күнде де тар қапастан шығарып алу керек деген шешімге келеді. Ай жарым уақыт әуре болып жүріп, облыстық ішкі істер департаментінің сол кездегі басшысы генерал Бәкіровтың қабылдауында болады. Бұл оқиға жайында ақын: «Әлгі түрменің басшысына «Жақсы бір күнді белгіле, мен барып поэзия кешін өтіземін. Мен де өлең оқимын, осы түрмеде жатқан жақсы ақын Серіктің де поэзиясы оқылатын болады. Көбіне көп Серіктің өлеңдерін насихаттауымыз керек» – дедім. Сөйтіп темір тордың ар жағында үлкен жыр кешін ұйымдастырдық. Ақыры  ол жігітпен жақсы танысып, кейін мерзімінен бұрын түрмеден шығуына көмектестім. Радиоға  редакторлық жұмысқа  алдым. Қателеспеппін, біраз жыл жемісті еңбек етті. Осында технологиялық техникум болды. Директоры Ғауез Тәжімақин деген кісі еді. Сол кісіге Серікті ертіп апарып, жағдайды айтып, жатақхана сұрадым. Ғауез техникум жатақханасының екінші қабатынан үлкен бір бөлме беріп, Серік өз отбасымен бірге сонда орналасты» – деп еске алады. Ақын жігіт кейін отбасын құрып, көрші облыстардың біріне қоныс аударды.  Ол бүгінде жазушылар одағының мүшесі, өзі тұрып жатқан өңірге белгілі қаламгер. Ақынның ақынға, өлеңге деген адалдығы осылайша тағдырдың бұралаң соқпақтарында  адасқан бір азаматтың қайтадан түзу жолға түсіп,  ғұмырдың шынайы мақсұтымен қауышуына ықпал етті.images (1)
            Жуырда ақынның «Махаббатпен жаралған адамзатпыз» атты көлемді жыр жинағы жарық көрді. Бүгінде 85 жасқа аяқ басқан абыз ақынның 65 жылдық шығармашылық қызметінің қорытынды түйіні іспеттес бұл жинақты ізгілік антологиясы десек, қателеспейміз. Тегінде адамгершілік, имандылық, Алла мен оның ақ дінін аса құрмет тұтып, оны жырға қосу адамзаттың мұратты тірлігі мен тағдыры үшін тиімді әрі сауапты іс-амал. Ғұмырының кемел шағын ізгі ғазалмен өрген Жолбарыс қажы Баязид шығармалары иман бағында өскен жұпар гүлдермен тағдырлас.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓