Жаңа жинақ жарық көрді
Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері, жас ақын Батырлан Сағынтаевтың жаңа еңбегі жарық көрді. «Ескі сөз – ел мұрасы» деп аталған жинақтың тұсауы Арқалықта кесілді. Кітап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орайластырылып шығарылған. Бұл туралы Қостанай облысы мәдениет үйлерінің ақпараттық порталы жазады.

«Бұл кітаптың ішінде өңірдегі халық шығармалары жинақталғандықтан, осы елдегі әдебиеттің, мәдениеттің қандай болғанын жан-жақты және әділетті бағалауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – дейді жинақ авторы Батырлан Сағынтаев.
«Бұл жұмыс жалғасуы керек. Өйткені, ел аузында жүрген дүниелер әлі жетерлік. Соның бәрін хатқа түсірсе, ұлт мұрасына қосылған қазына еселене түсер еді» дейді авторға ақжарма тілек айта келген қауым. Кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізу құрметі мәдениет қайраткері Жұмағали Өмірбеков пен Батырланның ұстазы, Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиевке берілді.
Жинақты құрастыруға жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы мен өлкетанушы Мұхтар Қоденұлы үлес қосты. Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұжымы да қолдау көрсеткен.