ҚХА сессиясы басталды

Елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы жұмысын бастады. Сессияға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.20190429152732
Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан сессияға 1 500-ден астам адам жиналған. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Н.Назарбаев осы айтулы шарада өзінің жаңа орынбасарларын таныстырды.
"Өздеріңіз де білесіздер, біз әрбір сессияда ротация тәртібімен, сіздердің келісімдеріңізбен түрлі этно-мәдени бірлестіктердің атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының екі орынбасарын тағайындаймыз. Ассамблея кеңесінің ұсынысымен ҚХА Төрағасының орынбасары қызметіне "Вайнах" шешен-ингуш қоғамының мәдениетін дамыту Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма мүшесі Юсуп Келигов пен "Дустлик" өзбектердің республикалық қауымдастығының  сарапшысы Шерзод Пулатов Өкіммен тағайындалды", – деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Сессия соңында «Туған жерге тағзым» атты салтанатты концерт болады. Онда қазақстандық жас әншілер Ержан Максим мен Данэлия Төлешова ән шырқайды. Жалпы концерт «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» хореографиялық композициямен басталады. Оған «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі, «Рухсара» би ансамблі солистері, Қ. Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, «Наз» Мемлекеттік би театры, «Мәңгілік» би театры және шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» ансамблі қатысады. Айта кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының  XXVII сессиясы қарсаңында Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен еді. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓