Бар табысы – кәсібінде
Заречный кентінде тұратын Гүлсара Әлмағамбетованың төрт баласы бар. Осыдан біраз жыл бұрын ол балабақшада жұмыс істеген. Ол кезде өз балалары да кішкентай еді. Қазір зіңгіттей жігіт болған. Ал Гүлсара үйде қол қусырып отыра беруді қаламады. Осылайша ол 44 жасында өз кәсібін ашты.
Гүлсараның үлкен ұлы «Бастау» курсында оқыды. Сертификат алысымен курсқа анасын да ертіп әкелді.
-Басында қиын сияқты көрінген. Мен ешқашан кәсіпкерлікпен айналысып көрген жан емеспін. Сөйтсе, бәрі мен ойлағандай емес екен. Бизнес-жаттықтырушым Ақмарал Бекмұрзаеваның арқасында көп нәрсені түсіндім, оқу да жеңілдей түсті, – дейді Гүлсара Әлмағамбетова.
Қысқа мерзімді оқуды бітірісімен көпбалалы ана 3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, оған он сиыр сатып алды. Оған дейін Әлмағамбетовтер отбасы тек құс өсіріп келген. Сондықтан, бастапқыда сәл қиынға соқты. Абырой болғанда, Гүлсараға күйеуі жәрдемші. Ұлдары сыртта – біреуі басқа облыста қызметте, екіншісі әскерде борышын өтеп жүр.
– Әзірге сауын аз, бірақ, болашақта оның көлемін ұлғайтсақ па деп отырмыз. Сүтті өткізуде ешқандай кедергі жоқ – қабылдау пунктіне тапсырамыз. Есеп-қисапты жүргізуге кәсіпкерлер палатасының филиалы көмектеседі. Тек, бір ғана мәселе бар, ол – жайылымның жоқтығы. Бір жерді шиырлай береміз. Енді мамыр айында жақсы болатын шығар деген үміт бар, – дейді кәсіпкер.
Құдай қаласа, келешекте Гүлсара отбасылық кәсібін кеңейтіп, сүттен басқа да өнімдер шығаруды көздейді.
Әлібек ЫБЫРАЙ