Серпінді сегіз жоба таңдауға түсуде
Қыркүйек айының басында Жітіқара ауданында өңірдегі алғашқы индустриалдық аймақ ашылады. Облыстың сегіз кәсіпкері өздерінің жаңа жобаларын осы маңға орнықтыруға өтінім беріп қойды.
Облыстағы тырнақалды индустриалды аймақтың ауқымы – 76,2 га. Соның 63 гектары – бизнеске арналған жер телімдері. Аталмыш аймақтың басты ерекшелігі – жаңа кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті барлық коммуникациялармен қамтылғандығы. Газ, су, электр желісі, құбыр тартылған. Қазіргі таңда қатынас жолын төсеу жұмыстары тәмамдалуда. Ал, 2017 жылға қарай мұнда темір жол әкелмек. Ол, өз кезегінде, жергілікті кәсіпорындар үшін тың тыныс болары сөзсіз.
Жер телімдерін беру екі механизм бойынша жүзеге асады: 49 жыл мерзімге жалға беру, не болмаса,салық төлемдерінен босатуға негіз болатын инвестиция туралы Заң аясында. Бүгінде индустриалды аймақ шартты түрде 18 учаскіге бөлінген: әр өтініш берушіге, орта есеппен, 2,5 гектардан келеді. Дегенмен, нақтылы жобаның спецификсына байланысты, алаң ұлғаюы немесе кемуі мүмкін. Ал, енді, өтініштерді арнайы комиссия қарап жатыр. Алғашқы кезекте, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және өсімдік шаруашылығы бағытындағы жобаларға екпін берілмек. Алайда мақұлдануы мүмкін жобалар қатарында құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ жылыжай нысандарын іске асыруды көздейтіндер бар.
Жандос Жүсіпбек