Қазақта Ізбастыдай би өткен

_DSC0280

Ақылбек Шаяхмет Ізбасты би туралы айтуда

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері, міне, жиырма үш жыл уақыт өтті. Ұлттық мәдени мұрамыз жаңғырып, әдеби қазыналарымыз жыл өткен сайын толыға түсуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Мәдени мұра" бағдарламасы құрылып, өш-кеніміз қайта жанып, іздегеніміз табылды. Сондай мұраларымыздың бірі – Ізбасты би бабамыздың ел аузында қалған аталы да баталы сөздері.
Кейінгі ұрпағына үлгі болып, өсиет қалдырған Ізбасты би бабамыз жайында ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет зерттеу еңбектерінде кеңінен тоқталады.
"Қарабалық қыпшақтың Жолтай руынан тарайтын Ізбасты   Есіркепұлы ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген ділмар шешендердің бірі. "Қостанай таңы" газетінде жарық көрген еңбек ардагері Қазақстан Кәкеновтың мақаласында келтірген деректерге қарағанда, Ізбасты үлкен көзді, қара реңді, еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей денелі  бол-ған" (//Білім жарысы, 10 қараша, 2006 жыл),–  деп Ізбасты бидің қай тектен шыққандығын айтады. Одан әрі: "Асылбек Тәшбаевтың шежіресіне сүйенсек, Ізбасты 4 әйел алған, төртеуі 13 бала туады. Бәйбішесі Жапырақ қарақалпақтың қызы, жаугершілік заманда Ізбастының інісі Жауқашты оны қыздай әкеліп, кейін Ізбастыға некелесіп қосылған екен деген сөз бар. Төртінші әйелі Анабике қалмақтың қызы екен. Оны да Жауқашты батыр қалмақтармен болған соғыстан кейін әкелген. Анабикемен бірге Кете және Теке деген ұлдар келген. Жауқашты Текені өзі алып, Кете мен Анабикені ағасы Ізбастыға беріпті" (Сонда), – деп Ізбасты бидің өмірін әңгімелейді.
Сол Ізбасты бидің қалмақ әйелі Анабике елін-жұртын сағынып, күндердің бір күні Кете мен емшектегі ұлы Қалқаманды алып, түн ішінде қашып кетеді. Содан Тобыл өзеніне кеп, арғы бетке өтуге өткел таппай тұрғанда, Кете:
– Түу, мына бала басымызға бәле болды. Қандай машақат десеңші! Тезірек баланы өзенге лақтыр. Қазір қуғыншылар кеп қалады. Қолға түсіп қалуымыз әбден мүмкін, – дейді. Сонда анасы Анабике шошып кетіп:
–  Әй, Кете, Қалқамандай ұл тумас, Ізбастыдай ер болмас, маған осылардан артық жан болмас! – деп райынан қайтып, кері бұрылыпты.
Бұл әңгімені Ізбасты би бабамыздың ұрпағы Жанқұтты Сартов ағамыздан естігенмін. Ол өзінің бабасы Ізбасты биге ұрпақтарынан бір белгі қойып, ас берудің қамымен жүргенде тағы бір жолығысып қалды.
_DSC0266

Ізбасты биге қойылған құлпытас

– Сол Ізбасты атамыз мынау Меңдіқара ауданындағы Жанкелдин ауылының Ақжар қонысында туған, – деп бастады Жанқұтты Сартов әңгімесін шиырлай түсіп. – Ауылдағы үлкен кісілердің айтуынша, дау-дамайды шешкен ділмар кісі болыпты. Кейбір әділетсіз жандарды, байлығына құныққан сараңдарды сынап-мінеген дәуірінің қара қылды қақ жарған биі атаныпты.
– Иә, аға, бұл жайында аз-кем білетін едім. Ыбырай Алтынсариннің "Қырғыз Хрестоматиясында" Ізбасты биге қатысты әңгіме де бар ғой, – дедім.
–  Дұрыс айтасың. Онда Ізбасты атамыздың 10 жасар күнінде ханға айтқан шешендік сөзін келтіреді. Бірақ өз басым бұған се-ңіңкіремеймін. Себебі,  Ыбырай Алтынсарин бұл әңгімені ел аузынан естіген соң осылай айтуы да бек мүмкін. Бір жағынан әңгіме болғаннан кейін нанымды шығуы үшін жанынан қосып, шешендіктің қыр-сырын аша түсу мақсатында қолданған тәрізді. Әсілі, Ізбастыдан қалған осы бір әңгіменің бары рас. Бірақ кімге айтқаны дүдәмәл,– дейді Жан-құтты Сартов.
Ізбастының шешендігі
Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Шоқай шешен жоғалған малын іздеп келген Ізбасты бидің алдын орамақ болып:
Ей, Ізбасты, Ізбасты!
Ізбастыны қом басты.
Екі көзі бақырайып,
Қайдан келді бұл албасты? – деп ірілік көрсетеді. Сонда Шоқайға Ізбасты:
Балқанұлы Шоқайсың,
Өзің кесір, ноқайсың.
Басынайын деп пе едің,
Аз ғана ауыл Жолтайды,
Бұл Ізбасты көп көрген,
Сендей талай қоқайды.
Көп сөзбен басты қатырмай,
Мал алған жоқпын деп жаныңды бер,
Болмаса, малымды бер! –
дегенде, Шоқай да айыбын біліп, кешірім өтініп, малдарын қайтарып берген екен.
(Ақылбек Шаяхмет,
Білім жарысы,  10 қараша, 2006 ж.)
…Сол әңгімені оқырманға толық келтіре кетейік:
"Қыпшақ Ізбасты би он жасар күнінде, көш үстінде көп адаммен бір түлкі қуысып, бәрінен бұрын жетіп, түлкіні соғып алады. Артынан келген жасы үлкен кісілер түлкіңді бізге байла деп еді, Ізбас-ты бермеді. Қазақшылық әдетте жасы үлкенге мұндай соғып ал-ған түлкіні байлаушы еді, мына бала бізге байламады деп заманындағы ханына арызға келісіпті. Сонда Ізбасты ханға айтты дейді:
Ойдан қашты бір түлкі
Тауға қарай дем алмай.
Жабыла қудық көп кісі,
Бірі де қалды ере алмай.
Сол түлкіні кім алар,
Жалғыз жеткен мен алмай?!
Ағайыннан дұшпан жауым жоқ,
Алдына салып айдап жүр,
Алтайы түлкі көре алмай.
Ұялып, тақсыр, жүрмеңіз,
_DSC0374

Ізбасты бидің ұрпақтары

Төресін оңдап бере алмай" (Қазақ Хрестоматиясы. Алматы, Білім, 2007. 21-22 бб.)
Міне, осындай шешендігімен, ақыл-ой, парасаттылығымен көзге түскен Ізбасты Есіркепұлы туралы біраз әңгіме айтуға болады.
Жуырда қазақ салтымен Жанқұтты Сартов бастаған бір топ ұрпақтары бабасының басына белгі қойып, бейіт басында құран оқып, ас берді. Қостанай топырағынан шыққан би-шешендер тарихын зерттеп жүрген Ақылбек Шаяхмет жиналған елге Ізбасты бидің өмірі жайында әңгіме айтты.
Одан әрі баба ұрпақтары Өтеген Сартов пен Қозыбек Өтеті-леуов барша ағайын-туыстарға "көп түкірсе көл болатынын", ұрпаққа үлгі болар осындай игі дәстүрлі істердің жалғаса беруін тіледі.
Нұрболат  
         МЕШІТБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓