Ақсақал
Жастарды былай қойғанда жасамыстарымыздың көбісі шал, қария(қарт), ақсақал деген қазақ сөздерінің бір- бірінен өзгешеліктері бар екендігін біле бермейді. Айырмашылықтары жоқ деп түсінеді. Сондықтан да егде тартқан ер адамға жоғарыда көрсетілген сөздердің бірін айта салады. Көбінесе шал сөзі қолданылатыны жасырын емес. Ол сөз кейбір кісілерге реніш туғызады. Біздің Әулиекөл ауданын көп жылдар басқар-ған Еңбек Ері Қабидолла Тұрғынбаев деген ағамыз шал деген сөзге ашу шақыратын. Ал өз заманында аты елге мәшһүр болған, өзі ақын, өзі жыршы, әрі білікті молла Зекеннің Ахметі деген атамыз шал деген адамға "ой, шалқаңнан түскір" дегенін талай естіген болатынмын. Олай болса, шал деген пәлендей тәуір сөз болмағаны. Бұл жасамыс жан-ға ең төменгі сатыдағы тағылған сөз де, ал жоғары сатыдағысына ақсақал деген біздің қазақ. Әй, "шал",– деп кемпірінің күйеуіне еркелетіп айтқан сөзі де болуы мүмкін. Адамдар ауылының құрметтісі де, қадірлісін еліміздің ақсақалы ғой,– деп отыратыны тегіннен-тегін болмаса керек.
Ал жеке басының қасиеті елдің мүдде-мақсатымен астасып жатса, ақсақалдың атақ-абыройы еселей түсетіндігі және бар.
Ақсақалдық әркімдердің пешенесіне жазылмаған дүние. Олай деп сезімі мөлдір, жүрегі таза, адамгершілігі жоғары пәк жандарды (үлкендерді) айтуға болады.
Жақсының жақсылығын айту, оны елге жеткізу, кісілік қалыптастыру кейін-гілерге міндет. Тіпті оны борыш десек те болғандай. Сондықтан да болар қара өлең шумағында кездесетін "жақсыменен өткізген жалғыз сәтің, өтіп кеткен жаманның өміріндей"– деуі бекер болмағаны.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Сайлаубек Есжанов (облыстық мәслихаттың хатшысы) ініміз "аға, демалып қайтыңыз", –деп "Сосновый бор" шипажайына жолдама берген соң, ем-дом алып келейін деп, тартып кеттім. Ол кезде бүгінгідей емес, көзім қиядағыны шалып қалатын кез. Бірінші күні есіктен жас шамасы сексеннен асқан, үлкен, еңселі кісі, өзіне жарасты сақал қойған, таза қара костюм киген, қасында жас ару бар екеуі менің қасымдағы столға келіп отырды. Анда-санда көзімді салып қоямын. Үлкен кісінің қасығы мен шанышқысын әлгі ару салфеткамен сүртіп, тамақтарын кезегімен алып беріп, өзі де ауқаттануға кірісті. Асықпай дәмдерін ішіп, үлкен кісі дастархан қайырып, жайлап орындарынан тұрып, келген іздерімен қайтадан кетті. Келесі күні таңертеңгі асқа келіншек өзі ғана келді де, ақсақал көрінбеді. Ол оның тамағын өзімен ала кетті. Ал түсте, кешке екеуі де келді. Келесі күні де осылай болды. Таңертең үлкен кісі ұйықтайтын шығар деп ойладым. Үшінші күні бұлар түстіктерін ішіп болғанша, ем-домыма бармай күтіп отырдым да, болған соң сәлемімді беріп, қастарына келіп жайғастым.
– Ағасы, кешірерсіздер! Мен екеуі-ңізге де ғашық болып келіп отырмын. Қай жерден келдіңіздер?
– Осы Қостанайдың Арқалығынанбыз.
– Негізгі туып-өскен еліңіз де сол ма?
– Жоқ. Торғайдың Қызбеліненбіз, – деп үлкен кісі қысқа жауап беріп отырды.
Сұраса келе нағашы-жиен болып шықтық.
– Сіздің аяғыңызды жерге тигізбей, аяулы алақанына салып, жас баладай өбектеп, мәпелеп отырған қасыңыздағы ару кім? Қызыңыз ба, әлде келініңіз бе? Кім болса да, мені тәнті етті. Бұл заманда үлкенге соншама қамқор болып, ерінбей, ренжімей, ренжітпей, уақытын бөліп, осында әкеліп қаратып, емдетіп жүрген ісіне дән ризашылығымды білдірдім. Жастың қарт адамға мұнша құрметі кейінгілерге үлгі ғой…
– Бұл үлкен қызым. Аты Света,– деді.
– Ой, өзіңіз нағыз қазақтың қаймағы бұзылмаған Торғайда жүріп, көпті көрген, өмірдің ащы-тұщысын татқан жанға ұқсайсыз. Қазақ қазақ бола алмай жүргенде , қызыңыздың аты қалай Света болып жүр? Мүмкін, Сәуле шығар?
– Жоқ. Шын аты Света (Светлана). Ол көп әңгіме,– деді.
– Өзім де соны ойлап отырмын,– деп сәл ойланып:
– Аға, бүгін сағат 16.00-де біздің бөлмеге келіңіз (нөмірін айтты). Әкем әңгімені жақсы көреді. Біраз өткен-кеткенді айтып, уақыт өткізіңіздер!– деді.
– Сіздей ару шақырып тұрғанда, уақытында жетермін,– дегенімде.
– Әкем ғой шақырып отырған,– деп Светасы жымиып.
Сонымен, айтылған мерзімде есік қақтым. "Кіре беріңіз, есік ашық", – деген дауыс естілді. Бөлмеге кіре бергенімде Света қарсы алып, төрге шығыңыз, – деп орын көрсетті. Екі бөлмелі люкс екен. Стол жазылған, дастархан жайылған. Үйдегідей жасалған. Оның өзінде де бір мәдениеттілік бар. Көпті көрген, қонақ күте білетіндігі бірден байқалады. Сөйткенше болған жоқ, жуынып нағашымыз келді.
– Ә, келіп қалдың ба? Төрлет! Төрлет! – деп жылы пиғыл білдірді. Қарындасым шай құя бастап: бұйырған тағам, алып отырыңыз. Осы жердің дәмі ғой, елден келгені де бар. Сізге бұйырған ғой, – деп Света қонақжайлығын көрсетіп жатыр. Үлкен кісі жайғасып отырған соң әңгімесін бастады.
– Шырағым, атым Сағындық дедің бе? Үлкейген соң, жасым 84-тен кетті, жаңылып кетпейін,– деп тиянақтап жатқаным ғой. Алдымен сенің манағы сұрағыңа жауап берейін.
Мен бір Аллаға шүкіршілік айтып, тәубеге келіп отырған жанмын. Алты ұлым, үш қызым бар. Үйленгеннен соң бала тууындай туды, бірақ жастай шеті-ней берді. Келіншегімнің аяғы ауырлай бастасымен, енді не болар екен деп қорқатын болдық. Әйелім Светаға босанар кезде, бір кісі ақыл берді. Осы балаң туғанда басқа ұлттың атын қой. Қазақта сондай бір ырым болатын,– деді. Сөйтіп жүргенде өмірге осы балам келді. Кіндігін кескен медбикенің аты Светлана еді. Соның есімін, өзінен рұқсат сұрап, Света деп қойдық. Бұдан кейінгі балаларым біреуден ілгері, біреуден кейін тұрып жатыр. (Бір ұлы өмірден өтіпті). Ең өкініштісі: күйеу балаларым тәуір, өнерлі болып кездесіп еді, өмірлері қысқа болды,– деп ақсақал біраз қамығып отырып қалды. Екінші қызым Наташа; Гуля деген тағы біреуім бар.
– Қазақта үш қыз тәрбиелеп өсірген адам жұмаққа барады деген сөз бар. Сіз жұмақтың төрінен орын алатын болдыңыз ғой, оның сыртында алты ұлыңыз бар,– деп сөздің аяғын жиендікке салдым.
– Ол жаратқанның қолында ғой. Бұл күндері өзім екі қолымды жылы суға салып, мезгілінде намазымды оқып, балаларымның қызығын көріп отырмын, жиен. Әсіресе қыздар ата-анаға , ағайын-туыстарға жақын болады екен. Ер балаларым да жаман емес. Қолдан келгендерін (жақсылықтарын) жасап жатыр. Тәубе!
– Нағашы, оныңыз рас. Мен де ұл, қыз өсіріп, немере сүйіп отырған жанмын, жақында шөбере де көріп қалуым мүмкін. Ер балалар айына бір қоңырау шалса, қыздарым жетісіне амандығымды біліп отырады. Үйге келсе, оны-мұны шаруаны бітіріп, ыдыс-аяқты жуып- шәйіп кетеді. Сіз алты қызым, үш ұлым болмаған екен деп ойлайсыз ба?– деп әзілге көштім.
– Бәріміз де пендеміз ғой, ондай пендешілік болып қалады,– деп ақырындап жымиып қойды.
Иә, ата-ананың көңілін көкке көтеретін де, жан-жүрегін жайнататын да, ой-сезімге сәуле шашатын да , арманына жеткізіп, мүдделі мақсатын орындататын да бала ғой. Менің сезуімше, ағамыздың қыздарына, әсіресе Светасына деген ықылас-пейілі ерекше екендігі білініп-ақ тұрды. Әрине, басқа балаларын көрмедім. Олар туралы айту күпірлік болар. Ал мен кететін күні Наташасы келіп, әкесіне еркелеп жатқанын көрдім. Фотографты шақырып алып, төртеуміз суретке түстік. (ақ киімдісі Света). Наташасы әкесінің аузынан түскендей. Бойы да, түр-әлпеті де аунымай қалған. Тал бойында бір мін жоқ, сұңғақты. Ибалығы мен парасаттылығы да сәйкес келіп тұр. Ағамыздың да шырайлы жүзі нұрлана түсіп: "Келмей-ақ қой дегеніме қарамай, келіп тұрғанын қарашы", – деп қояды. Ой, шіркін, балалардың аузында алалығы болмаса, істерінде шалалығы болмайды деген осы екен ғой, – деп мен отырдым.
– Сен менен бір-екі шымболаттарды сұрадың,– деп ағамыз әңгімесін жалғастырды. Менің ойланып қалғаным: оларды еске түсірдім. Себебі, мен Қызбелде туғанмен де, елден ертерек кеттім. "Адамның басы – Алланың добы" деген ғой. Мен бұрынғы Октябрь ауданының Ушаков деген совхозында көп уақыт тұрып, Арқалыққа көшіп бардым. Бұл күндері заман өзгерді. Жас ұлғайды. Қатарларым сиреді, жоқ десе де болғандай. Кейінгілерді тани да бермеймін. Біз ағайынды екеу едік. Інім Ғалымбек, Ғалым дейтінбіз. Ол ертерек қайтыс болып кетті. Менің шын атым Сапабек, ел Сапа дейді. Фамилиямыз Ермағамбетов. Кемпірім де "о дүниелік" болғанына біраз жыл болды.
Сапа десе сапа. Халық айта біледі ғой. Сөзіне, отырыс-тұрысына, өзін-өзі ұстауына, сөз саптасына, киім киісіне қарап, оның үстіне мұрты басылған, сақалы қырылған. Күтімі жоқ гүлдің маңайын арам шөп қаптап кетеді емес пе. Бұл кісінің жаратылысы солай ма, әлде күтімінен бе, беті түгіл, үстінде бір қылтанақ жоқ. Саясаттан да құр алақан емес. Үлкен қызметте болған шығар деген оймен, – Қандай қызмет істедіңіз?–дегенімде, күлді.
– Ой, айналайын, қайдағы қызмет. Қиыншылық кезде тудым, таршылық кезде өмір сүрдім. Оқи алмадым. Көп жыл мал бақтым. Одан имандылыққа (дінге) бой ұсындым, – дегенде, таңқалып бетіне қарап қалыппын. "Не, сенбей отырсын ба" деп, менің таңқалысымды сезе қалды. Мен шындығымды айтып, ойымды жеткіздім.
– Ұлы Отан соғысына қатысқансыз ба? Жеңістің 70 жылдығы да алыс емес. Мүмкін тірілерге "Мерседес" машинасы тиіп қалар. Көпке шыдағанда, азға шыдаңыз!– деп әзілдедім.
– Мен соғыста болғаным жоқ. Бірақ сол соғыс болған, болып жатқан жерлердін шет жағасын көрдім. Сол жылдары Украина, Молдавияға осы Қазақстаннан, айлап жүріп, мал айдап бардық. Сондағы жолай көрген қиыншылықты сен сұрама, мен айтпай-ақ қояйын. Ондағы елдің күйзелісі, қираған қалалар мен ауылдарды көргенде жанымыз түршікті. Ондай сұмдықты кейінгі жастар көрмесін. Елбасымыз Нұрсұлтан "түсінбестік болмасын, бірлік керек, сонда ғана тірлік болады" деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргені бекер емес….
– Нағашы, жақында облыстық "Қостанай таңы" газетінде (19.02.2010) бауырым Еркін Қожахметовтың мақаласы шықты. Оның жазғанын оқыдым. Тамаша жазылған. Сондағы сіз туралы екен ғой,– дегенімде, екеуі де бастарын изеді. Онда оның әржағын айтпай-ақ қойыңыз. Ерекеңнен артық айта алмассыз,– деп тағы да жиенділікке салдым.
Санаторийге келіп, ем алудың орнына, ақша салып, карта ойнап, арақ ішіп , көздері қызарып, қызойнаққа барып "кустотерапия" қабылдап жүретіндер де кездеседі. Ал өзім бір жылы сабырлы да салмақты Сападай нағашы, екінші жылы лисаковтық қадірлі Қуантайдай құда, үшінші жылы талғарлық мейірімді Мирасбектей аға тауып, олармен кеңес- мәжіліс құрып, әңгімелеріне "семіріп" рухани байлық алып, үлкен олжамен елге оралдым. Есте қалар кездесулер болды. Олармен хабарласып тұрамыз.
Иә, оқырман, осылардай көпті көрген, айтарлары бар, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ақсақал-ағалар маңдайымызға бітсе, сөз жоқ, олар еліміздің ырысы, халқымыздың байлығы мен қазынасы емес пе?! Жастарымызды өлгендердің сөзімен емес, тірілердің өзімен тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Әттең…
Сағындық Досмағамбетов,
Б.Майлин атындағы сыйлықтың иегері,
Әулиекөл ауданының құрметті азаматы.