Өмірімді көркейткен серігім еді
Ол уақытта жасымыз ұлғайыңқырап мектепке баратынбыз. Сондықтан, заман-ға сәйкес құрбысы арқылы хабарласып, біріміз жетінші, енді біріміз тоғызыншы сыныпта танысқанбыз. Сонда Қалқа /Әкімбекқызы/: "Ағай, әр сөзіңіз әр бұтаның түбінде қалмаса болды" деген-ді туфлиінің ұшымен жерді шұқып.
Елде қазақшылық жайлаған мезгіл. Кинода маңына жоламайсың, көшеде басыңды изеумен шектелесің.
Сөйтіп жүргенде Қалқа ЖенПИ-ге оқуға түсті де, мен КазГУ-дегі журналистика факультетінің күндізгі бөліміне ауыстым.
Ауылда "Әжесінің баласы", жердің шал-ғайлығына байланысты бейтаныс адамның үйінде жатып оқығанымда "Кісінің баласын несіне әурелейміз?" десіп, жұмсалмаған мен жатақханада кезекшілік бойынша тамақ әзірлерде, еден жуарда абыржыдым. Содан Қалқаға жағдайды толық баяндап, "Жеті жыл қыз-жігіт болып біраз сайрандадық. Екеуара бірігіп, отау тіксек…" деп емеуірін білдірдім.
Жан-дүниемді іштей ұққан соң сонау Торғайдағы қара шаңырақтың иесі, көкем Оразбайдың қолдауымен 1966 жылғы желтоқсанның 17-ші жұлдызында үйленіп, Алматы қаласының Центральная көше-сіндегі №29 үйдің бір бөлмесін жалдадық.
Оңашада ағынан ақтарылатынбыз. Сондай көңілді отырыста қызықты оқиғаларды ойымызға оралтып, шегіміз түйілгенше күлетінбіз. Тарқатып айтсам, Гоголь көшесін бойлап келеміз. Балмұздақ сатушылар жолымызды кес-кестеп әлек. Қалтама қолымды жүгіртсем, ештеңе ілінбейді. "Институттың талонмен тамақтандыратыны жақсы. Ақшаңды жұмсамайсың" дедім де қойдым.
Сөздің астарын тез аңғарып, Қалқа:
– Ақша бар ғой, бар, – деп әмианын аша берді…
– Зауқайыр өзге адаммен бас қоссам ше?
– Онда Торғайдың орталығынан бір бөлмелі пәтер аламын да, жұмыс істеймін, қарт ата-анамды бағамын, тұрмысқа шықпаймын.
– Көрікті қызсың, маңдайыңа пысық жігіт кезікпесіне кім кепіл?
– Кішкентайымнан жүрегім қалаған өзіңдей болар деймісің.
– Шынында да, уәдеге берік екенсің, Қалқа. Жаратушы иеміз осы күнімізді көпсінбесін, – деп арқасынан қақтым зайыбымның.
Арнайы жолдамамен Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" газетіне орналастым. Ал, Қалқа нәрестесін күтуден артылмады. Жатаған үй белгілі, от жағады, примуспен тамақ пісіреді.
Кешегі ерке қыздың бүгін үй шаруасына маталғанын аяп, күндердің күні:
– Ертеде болашақ журналист үйленетін қызына "Қаланы мекендейміз. Жалақының сыртында қаламақы табамын. Кітабым шығады" – деп бөссе керек, іс жүзінде ауылда қоныстанған. Анда-санда аудандық газетте хабарлары басылған. Қаламақысы ұсақ-түйек. Алданған келіншегі "Алматыда аққайыңның түбінде айтқан уәдең қайда?" – деп кемсеңдеген ғой. Біз ондай күй кешпейміз. Редактордың мәлімдеуінше, жаңа пәтерге кірер күн алыс емес,-деп көңілін орнықтырдым Қалқаның.
Ақыры редакцияның сол тұстағы басшылығының тікелей араласуымен КЖБИ шағын ауданының Ворошилов көшесіндегі №60 үйдің екі бөлмелі пәтеріне көштік.
Қалқаның "Әке-шешемді сағындым", көкемнің "Елге жақында" деген тілектерін ескеріп, 1971 жылы шақыртумен "Торғай таңы" газетіне қызмет ауыстырдым. Еңбегім бағаланып, мұнда бөлім меңгерушілігінен редактордың орынбасарлығына шейін өстім. Қалқа еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің хат тіркеуші-лігіне орнықты. Сонымен қатар, демалыс-қа кеткен корректордың, машинистканың, кітапханашының орынын алмастырады.
Дүние қумай, Қайрат, Дархан, Нұрлан есімді балаларымызды байлығымызға баладық.
Тек қан қысымы шамадан тыс көтерілгенде немесе жүрегінің соғуы жиілегенде "Е, құдай, міндетімді кісіге арта көрме" деп алақанын аспанға жайып жалбарынатын. "Дарханымның перзент сүйгенін, сүт кенжем Нұрланның отбасын құрғанын қызықтасам" деп армандайтын.
"Тірідей әйелінен, күйеуінен ажырас-қандарды жақтырмаймын" деп шаңырағын шайқалтқан ерлер мен әйелдерге кәдімгідей қынжылатын.
Самсатып сақина тағумен әуестенбеді.
Бауырларымды, інісі мен сіңілісінің балаларын жатсынбады. Әрқайсысымен кемі екі-үш жыл бірге тұруға үйрендік.
Күн ілгері дайындалып, ешкімнің көмегіне сүйенбей, жиырма шақты мейманды өзі атқара беретін. Құрдастары тарқар мезетте "Сан түрлі тағамды қалай жасап үлгірдің? Жәрдемдесе қоятын қызың да жоқ" – деп таңданыспен бастарын шай-қайтын.
Демалыс сағаттарында ұлдарын киім жууға, тамақ әзірлеуге бейімдеді.
Тұстастарымен шекісіп қалса, баласын арашаламайтын, қайта ақылымен тату-ластыратын. Мәселен, қайнысы тыныштықты сақтамаған ұлын жағынан тартып жібергенде кейбір әйелдерше долданбай, "Жылама. Өз ағаң" – деп уатып, сабырлылық танытқан.
Барынша ақкөңіл, аңқау болатын. Сатушының қайтарған тиын-тебенін түгендемей, артынан өкінішпен бармағын тістейтін.
Анасына еліктеп, ем қолдануға, көрпеше құрауға құмар.
Ұнатқан шеберіне тіккізген киімі әдемі жарасатын.
Қызметке өрлерде мені жалғызбасты әйелдерге теліп, өсекті гулеткенде қызбалыққа салынбай, "Ботакөз келіншегіңді ұмыттың ба?" деумен қатты ұялтқанын қалай жасырайын.
Мектеп қабырғасында коньки, шаңғы тепкен, қашықтыққа жүгірген, биіктікте секірген, Торғай өңірі тарихында волейболдан алғаш құрылған команданың құрамында Қостанай қаласында өткен жарыс-та бағын сынаған, институтта семсерлесу үйірмесіне қатысқан, соның арқасында шамалы ыңқыл-сыңқылды елемейтін адамды ауру шаршатты дегенге кім сенер?!
"Суға кеткен тал қармайдының" кебін киіп, халық емшілеріне, Алматы, Қарағанды, Қостанай сынды ірі қалалардың білікті дәрігерлеріне қараттық. Амал қанша, үмітіміз ақталмады. Жасы 65-тен асқанда 43 жыл отасқан бәйбішеміз ұйқысынан оянбады…
Жетпісінші жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына құжаттарын тапсырарда туыс қарындастарыммен үйімізде бір ай болғанына ризашылығының нышаны тұрғысында Балдырған атты қыз әдейі дастарқан жайып, Қалқадан мақтау естіген-ді. Тағдырдың жазуымен әлгі Балдырған қазір Қалқаның орнында отыр. Қолынан дәм татқан апасына Құран оқытуға ерінбейді.
Құдіреті күшті Алладан ендігі тілеріміз-сыйлы келін, сүйікті жар, асыл ана Қалқа Әкімбекқызының рухы көкте, орыны жұмақта болғай.
Біз-жанұя мүшелері спорттық жарыстарда бапкерін қуантқан, қызметте "Еңбек ардагері" медалімен, бірнеше Құрмет грамотасымен марапатталған, курорт пен санаторийлерде емделгенде сағы-нышқа толы хаттарын жолдаған, жүзінен мейірім шуағы төгілген оны сапар шеккен жолаушы санап, бірауық қайғы бұлтын сейілтеміз.
Жақсылық Жүнісұлы,
баспасөз ардагері.
Арқалық қаласы.
СУРЕТТЕ: Күйеу жолдас Қуаныш пен қыз жолдас Кәмиланың, замандасымыз Қаламқастың қатысуымен некеге тіркеу кітабына қолдарымызды қойған сәт.