Қызметінен кетіпті

Үстіміздегі жылдың 6 тамызы күні газеті-мізде "Бір ұжым қалай екіге жарылды? немесе басы дауға қалған басшы" тақырыбымен мақала жазылған еді.
ұрысМақалада келтірілген мәселе ғаламтордағы youtube.com бейнехостинг сервисінен орыс тілінде "Қостанай облысы Сот актілерін орындау департаментінің бастығы қарамағындағыларды балағаттауда" атауымен шыққан аудио жазба мен аталған департамент қызметкерлерінің бастығынан көрген құқайы, орынсыз ұрыс еститіні, ар-намысының тапталғаны туралы  ҚР Әділет министрінің блогына жаз-ған шағым хаттың негізінде қозғалған болатын. Әділет министрі өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің Тәртіптік кеңесіне бұл арызды қарау туралы хат жолдапты.
Екінші жағынан, Әділет министрінің блогына "Қостанай облысының Сот актілерін орындау департаменті ұжымы" атынан атал-ған мекеме басшысы Н.Бимендинді ақтап жазған тағы бір хат жолданған екен.
Осы сауалдар төңірегінде департамент басшысы Н.Бимендиннің түсініктеме беруін сұрап едік, мекеме жетекшісі еңбек демалысына кетіп, жауап алу мүмкін болмады. Хаттың ізін суытпай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаменті басшысы А.Шомановқа жолыққанбыз. Сол мезгілде Н.Бимендиннің демалысқа кетуіне байланысты жоспардан тыс тексеріс тоқтатылған екен. А.Шоманов алдағы күндері тексеру нәтижелері мен қабылдаған шара туралы қосымша хабарлайтынын жеткізген еді.
Енді міне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаменті редакциямызға Н.Бимендинге қатысты тексерудің қорытындысын жолдап отыр. Хатта бұған дейінгі шағымдардың барлығы тексеріліп, сот орындау-шылардан жауаптар алынғаны, сондай-ақ дөрекі сөздер жазылған аудио таспаның тыңдалғаны келтірілген.
Алайда Н.Бимендин тексерудің аяғын күтпеген сыңайлы, кім білсін, ертеңгі күнгі тәртіптік кеңестің қаһарынан қорықты ма екен, әйтеуір еңбек демалысынан орала сала, 13 тамыздан өз еркімен лауазымын босату туралы арызын жазып кетіпті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓