ҮЕҰ: сан мен сапа
Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына бейнеконференция режимінде қалалар, аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдері, ҮЕҰ жетекшілері мен тілшілер қауымы қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыстарды өңірлік деңгейде іске асырудың өзекті мәселелері қаралды.
Бүгінде Қостанай облысында 854 ҮЕҰ тіркелген. Алайда оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 602 ұйым. 2018 жылы тіркеудегі 1001 ұйымның 609-ы іс жүзінде болған еді).
-Қазақстан Республикасының "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Заңына сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында жергілікті атқарушы органдар ресурстық орталықтармен бірлесіп, мемлекеттік емес ұйымдардың қызметі туралы мәліметтерді жыл сайын дерекқорға тапсыру жұмыстарын жүргізді. Мәселен, жұмыс істеп тұрған 602 ұйымның (оның ішінде 157 филиал мен өкілдіктің, 17 жаңа ҮЕҰ) 433-і ұйымның мәліметтерін республикалық дерекқорға жіберуі тиіс болатын. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, базаға 358 ҮЕҰ немесе 83%-ы дер кезінде есеп берді. Салыстыра айтар болсақ, 2018 жылы 446 ҮЕҰ-ның 355-і немесе 79,6% -ы тіркелген. Яғни, көрсеткіштің өсуі байқалады. Бұдан басқа, мәліметтер базасына 36 ҮЕҰ қосымша мәлімет берді, олар мұны істеуге міндетті емес. Оның ішінде: жаңадан тіркелген ұйымдар – 18, қызметін тоқтатқан ұйымдар – 12, тарату сатысында тұрған ұйымдар – 5 және 3 филиал. Осылайша, 75 ҮЕҰ міндеттерін орындамаған. Оның ішінде: Қамысты, Қарабалық және Федоров аудандарында 1 ұйым болса, Рудный қаласында – 12, Қостанай қаласында – 60 (2018 жылы – 91 ҮЕҰ). Аталған ҮЕҰ-ға қатысты жоғарыда көрсетілген қалалар мен аудандардың әкімдіктері 1 маусымға дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауы қажет, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Маусым айында дәстүр бойынша облыстық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі және жергілікті қоғамдастық проблемаларын шешуге бағытталған жобалар конкурсы өткізіледі. Қазіргі уақытта өтініштер қабылдау жүргізілуде.
Сондай-ақ, облыста "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын үкіметтік емес ұйымдар саны артып, 2018 жылдың басынан бастап 84 ұйым мен бастамашыл топтар 125 жобаны іске асырады.
– Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, волонтерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Келесі кездесуді біз шілде айында Науырзым ауданының базасында "Ақ ниет" ҚБ-мен өткізіп, ауылдық ҮЕҰ-ның даму мәселелерін талқылауды жоспарлап отырмыз, – деді Зәуре Әнуарбекқызы.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген "Атамекен" кіші бағдарламасы аясында биыл Іскер жастар қоғамдық бірлестігі ішкі саясат басқармасының тапсырысымен облысымыздың оңтүстік аймағында ҮЕҰ-дар үшін ауылдық ресурстық орталығының қызметін ұйымдастырды. Бірлестік 2011 жылдан бері осы жоба аумағында жүзеге асырып келеміз. Бірақ осы жылдың жаңашылдығы – жобаны жүзеге асыру мерзімінің екі жылға ұлғайтылғаны. Бұл өзгеріс жобаның тиімді орындалуына септігін тигізіп, азаматтық ортаны дамытуға бағытталған ресурстық орталықтың жұмысы кезең-кезеңмен жүргіледі. Жобалық аймақта аудан бойынша ұйымдар 10 ҮЕҰ-ды жүзеге асырып, сапаға жұмыс істеп жатыр, – деді «Іскер жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дархан Кикимов.
ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша, осы саладағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Жуырда арба биінен Нидерланды елінде өткен халықаралық жарыста жерлестеріміз жеңіспен оралған болатын. Аталмыш би қимылдарын «Үміт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сегіз жылдан бері орындап келеді. Соның арқасында шет мемлекеттерге шығып, арба биінің байқауында биіктен көрініп жүрген Аруна Жақсағұлованы шара соңында Марат Қонысбайұлы құттықтады.
Әсел Қибаш