«NUR OTAN»: ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ҮМІТКЕР АНЫҚТАЛДЫ

Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Съезді партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашты. Жиын барысында 2019 жылғы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түсетін үміткер анықталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен алдағы президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаев түсетін болды.
Нур отан 1
«Біз өз мемлекетімізді дағдарыс кезеңінде құрдық. Көптеген сарапшылар көп ұзамай Қазақстанда  ұлтаралық қақтығыстар болады деп бөсті. Бірақ біз өз отанымызда бейбітшілік пен берекелі ынтымақты ту етіп, тату-тәтті өмір сүре алатынымызды дәлелдедік. Бірінші – экономика, саясат – содан кейін дейтін мен ұстанған басты қағида баршаңызға белгілі. Бүгін Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірді. Алайда алда күтіп тұрған әлі де қыруар жұмыс бар. Елдегі кедейлік деңгейі 10%-ке төмендеді. Мемлекет кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетіп жатыр.  30-ға жуық жыл бойы халық маған сенді. Қандай қиын кезең болмасын, соңымнан ерді. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз.
Нур отан 3
Жуырда ғана 18 съезде біз еліміздің болашақ дамуына қатысты барлық мәселелерді талқыладық. Ал бүгін президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түсетін үміткерді анықтау үшін жиналып отырмыз. Бұл аса маңызды міндет. Мен ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынамын. Ол маған сенімді серік болды. Мен оған толық сенемін және президенттікке лайықты азамат деп білемін. Ол менен бір мүшел жас кіші. «Nur Otan» партиясы атынан баршаңызды Тоқаевты қолдауға шақырамын» – деді Елбасы.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қалыптасу, даму кезеңдеріндегі  «Nur Otan» партиясының  шешуші қызметін баса айтты. «Тарихтың жаңа тарауын бастаған егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты. Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді. Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын. Баршаңызға көп рахмет» – деді мемлекет басшысы.
Нур отан 2
Жалпы съезд жұмысына Үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ұлттық компания басшылары, саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері мен өңірлерден келген 627 делегат – барлығы 1500-ден астам адам қатысты.
Қостанай облысынан барған 49 делегаттың ішінде облыстық мәслихаттың депутаты Айнаш Даданова да бар. «22 сәуір күні біздің саяси кеңестің отырысы болды. Онда партияның кезектен тыс ХІХ съезінде қаралатын басты мәселе анықталды. Ол президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түсетін үміткерді таңдау. Енді партия съезінде Елбасы сайлауға үміткер ретінде қазіргі президентімізді ұсынды. Бұл ұсынысты съезд делегаттары толық қолдады. Өз басым партия таңдауы қисынды әрі заңды деп білемін. Қасым-Жомарт Кемелұлы 40 жылдан астам уақыт бойы жауапты мемлекеттік қызмет атқарып келеді. Елдің ішкі, сыртқы жағдайын, халықаралық кеңістіктегі аһуалды жетік біледі. Президентікке нағыз лайық тұлға. Президент сайлауы – бұл еліміздің болашағын, саяси-экономикалық даму бағытын айқындайтын демократиялық таңдау. Сондықтан жауапты кезеңде жұрт болып жұмылып, ел болып бірігіп, аса маңызды саяси науқанды ойдағыдай өткіземіз деген сенім бар» – дейді съезд делегаты. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓