ОБЛЫС ӘКІМІ АЛТЫНСАРИН АУДАНЫН АРАЛАДЫ
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Алтынсарин ауданындағы Щербаков және Силантьев елді мекендеріндегі жолдарды жөндеуге 270 млн теңге қаржы бөлінбек. Бұл туралы өткен аптаның соңында Алтынсарин ауданына барған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты. Өңір басшысы ауылшаруашылық және бизнес нысандарында болып, кәсіпкерлермен кездесті. Бірнеше білім ошағына аялдап, оқушылардың білім сапасымен, оқу ғимараттарының жай-күйімен танысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында жергілікті тұрғындарды қабылдап, көпшілік көкейінде жүрген бірқатар түйткілді сауалдарға жауап берді.
Модульді қасапхана іске қосылады
Облыс әкімі алдымен Шербаков ауылындағы жаңа салынған мал сою цехында болды. «Темте» агроөндіріс кешенінің меншігіндегі сою цехының құрылысы былтыр аяқталған. Бір ауысымда 25 ірі қараны іреп-сойып, дайын ет қылатын модульді мал сою орталығы іске қосылса, 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бірақ бел шешіп жұмысқа кірісіп кетуге мал союға қажетті құрал-жабдық сатып алатын қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Керегі – мал союға арналған екі ара, ішек-қарын жуғыш, тоңазытқыш сияқты қымбат құрылғылар. Бұларды сатып алу үшін, кем дегенде, 50 млн теңге қажет. Шаруашылық басшысы Есентай Ишмұхамбетов облыс әкіміне осы жайтты баяндады. А.Мұхамбетов қасапханаға қажет құрылғыны сатып алу үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану керектігін айтты: «Алтынсарин ауданы соңғы үш ай ішінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірде-бір жоба ұсынбаған. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша осыдан 7-8 жыл бұрын 2-ақ жоба іске асқан. Қазір үшінші бесжылдық басталып жатыр, ал сендерде бірде-бір жоба жоқ. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бар емес пе? Сол арқылы шешу керек бұл мәселені. Кепілдікке осы ғимараттың өзі жеткілікті. Егер банктен 14%-пен несие алсаңдар, біз оның тең жартысын субсидиялаймыз. Яғни несиенің 7%-ін ғана төлейсіңдер. Мынау дайын дүние ғой. Жеделдетіп іске қосу керек. 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. жергілікті бюджетке салықтан қаржы түседі. Аудан әкімі ретінде сіз әрбір жұмыс орны үшін күресуіңіз керек» – деген облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Тәукенов пен аудан әкімі Ерлан Жамановқа қасапхананың тез арада іске қосылуына күш жұмылдыруды тапсырды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы – жергілікті тауарға қолдау
Облыс әкімі одан кейін Силантьев ауылындағы «SVM.18» серіктестігіне барды. Жергілікті кәсіпкер Валерий Шалыгин былтыр ауыл орталығындағы үлкен ғимараттың бір жағына жиһаз дүкенін ашыпты. Екінші жағында наубайхана жұмыс істеп тұр. Серіктестіктің жиһаз цехында аудан тұрғындарының тапсырысы бойынша тұрмыстық жиһаздың 10 шақты түрі жасалады. Оған қажет материал Қостанайдағы жергілікті өндірушіден сатылып алынады. А.Мұхамбетов кәсіпкерге мұнымен ғана шектеліп қалмай, мемлекеттік сатып алуға да белсенді қатысу керектігін түсіндірді. «Үкімет жуырда «Қарапайым заттар экономикасы» деп аталатын жаңа бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама импортты азайтып, отандық тауар өтіміне қолдау көрсетеді. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан компаниялар мен бюджеттік мекемелерді жергілікті тауарды сатып алуға міндеттейді. Бұл бағдарлама сіз сияқты кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік. Қатысыңыз. Біз қолдау көрсетеміз» – деді облыс әкімі.
Жиһаз дүкенінің жанынан жаңа піскен ып-ыстық нанның иісі бұрқырайды. Валерий Шалыгин бұл жерге наубайхана ашып қойған. 17 адамды жұмыспен, аудан тұрғындарын, «Сосновый бор» және «Жайлау» демалыс орындарын ыстық нанмен қамтып отырған наубайхана тәулігіне 3 мың бөлке нан пісіреді. Наубайхана тіпті сонау Жітіқараға да нан жеткізеді екен. В. Шалыгиннің айтуынша, ары-бері жол шығыны 100 мың теңге, сатқан наны өзін-өзі ақтамайды. Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж.Тәукенов пен аудан әкімі Е. Жамановқа кәсіпкерді шалғайға нан тасуға міндеттеу қисынсыз екенін айтты: – Сіздер тұрақтандыру қоры бойынша, бұл наубайханаға Жітіқара ауданын белгілепсіздер. Іргеде Қостанай, Сарыкөл аудандары тұр емес пе? Жітіқараға қайтіп нан жеткізеді ол? Қостанайға дейін 40 шақырым, әрі қарай 250 шақырым. Қып-қызыл шығын ғой. Бизнесті қолдаудың орнына, қорлап отырсыңдар, – деген өңір басшысы аудан әкіміне мәселені шұғыл реттеуді тапсырды.
Облыс әкімі аудандық балалар шығармашылық үйіндегі робототехника кабинетіне бас сұқты. Бұл кабинет былтыр 1,5 млн теңге бюджет қаржысына күрделі жөндеуден өткізіліп, оған жергілікті демеушілердің 8 млн теңге қаржысына қажетті робототехника құрылғылары сатылып алынған. Мұнда 2-10 сынып аралығында білім алып жатқан барлығы 85 бала ІТ-технологияның қыр-сырын меңгереді.
Өңір басшысы одан кейін аудан тұрғындарын қабылдады. Қосқұдық ауылының тұрғыны Айша Рахметова ауылға көгілдір отын тарту мәселесі қашан оң шешім табады деген сауалын қойды. «Қосқұдыққа тиіп тұрған Шербаков ауылы толық газбен қамтамасыз етілген. Бұл игіліктен біз де үміттеніп отырмыз. Осыдан үш жыл бұрын Қосқұдыққа ауыз су құбыры тартылды. Әрине, қуаныштымыз. Ауыл тұрғындарының ендігі тілегі – газға қол жеткізу» – деді зейнеткер. Қосқұдықта 58 түтін бар. 207 адам тұрады. Аудан әкімінің айтуынша, шағын елді мекенді газбен қамту жобасы дайын тұр. Жоба құны – 50 млн 500 мың теңге. Облыс әкімі газ тарту бойынша қазір Аманқарағай, Әулиекөл, Федоров, Пешков сияқты халық көп шоғырланған ірі елді мекендерге басымдық беріліп отырғанын, бірақ бұл мәселені қарастырып, Қосқұдыққа қай жылы газ тартылатынын жазбаша түрде хабарлайтынын айтты.
Обаған ауылында тұратын Нина Тютинникова Силантьевтегі аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, іргелес Обаған мен Силантьевканың арасына жаяу қатынайтын халық көп. Жаяу жүргіншілер үшін, әсіресе, қыстың боранды күндері жол қатынасы қиындайды. Кешкілік жұмыстан қайтқан жүргіншілерге, әсіресе, балаларға күре жол үстімен ағылып өтіп жатқан автокөліктер қауіп туғызады. Нина Тютинникова осы жайтты баяндай келіп, аталған жол аралығын жарықтандыруға қол ұшын беруді сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені бұған дейін қарастырғанын. Екі ауылдың арасындағы жолдың бойына жаяу адамдарға ұзындығы 3 шақырым, ені 1 жарым метр болатын арнайы қоршалған тротуар төсеп, оны жарықтандыру туралы дайын жоба бар екенін айтты. Жоба құны – 138 млн 806 мың теңге. Облыс әкімі жобаны тағы бір қарап, әбден пысықтап алған соң, мәселені шешіп беруге уәде етті.
А. Мұхамбетов жолай Қостанай ауданына қарасты Октябір ауылындағы Совхозный орта мектебіне соқты. 1962 жылы салынған бұл мектептің аты да, заты да ескіріп, әбден тозған. Білім ошағын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 337млн теңге қаржы бөлініп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Болат Бекеновтың айтуынша, биыл мектеп ғимаратының шатыры мен едені, жылу және электр жүйесі толығымен жаңартылады. Спорт залына күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұған қосымша тағы бір спорт залы салынады. Жөндеуден өтетін мектепті толық аралап шыққан облыс әкімі екінші спорт зал артық ететінін айтты.
«Ғимараттың ауданы – 3587 шаршы метр. Оған қосымша тағы бір спорт залы салынса, кейін қақаған қыста оны қайтіп жылытасыздар. Мектептің өз спорт залы да кең. Даңғарадай қылып екінші зал салғанша, осыны жақсылап жөндеп, оңдап алу керек» – деді ол.
А.Мұхамбетов одан кейін ауылдың дәрігерлік амбулаториясына кірді. Ауыл дәрігерлері бұрынғы балабақшаның ескі ғимаратына орналасқан. Алдағы уақытта бұл ауылда жаңа емхана салынатын болады.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев