«Жасыл экономика» жобалары

Қостанай қаласындағы «Золотой фазан» қонақ үй ауласында жасыл технологияларды дамыту тақырыбында әйелдерге арналған семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Жасыл экономиканы дамыту және CGEGD коалициясымен бірлесе ұйымдастырды. Оған облысымыздағы қала, аудан, ауылдардан келген 25-ке жуық әйел қатысты.IMG_4585
Оқыту семинарына Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің экология және экономика департаментінің аға көмекшісі Айгүл Жарас, Жасыл экономиканы дамыту және CGEGD коалициясын қолдау жобаларының үйлестірушісі Елдос Абаканов арнайы келіп, қатысушыларға жасыл технологияларды қолдану туралы мол мағлұмат берді.
-Семинар аясында Қостанай облысындағы жеке бизнесін бастағысы келетін немесе кәсібі бар әйелдерге жасыл технологияларды пайдалану, қолдану туралы ақпарат бердік. Осыған ұқсас тренингтер былтыр Ақмола және Қарағанды облыстарында ұйымдастырылған болатын. Одан кейін Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Арнасай ауылында жалғасты. Соңғы семинарды Қостанайда өткізудеміз,-деді Айгүл Жарас.
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 1992 жылдан бері тұрақты мүше болып келеді. Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі қоршаған ортаны қорғау және жасыл технологияларды қолдау мақсатында тиімді жобаларды жүзеге асыруда. Жасыл экономика тақырыбы еліміз үшін таңсық емес. «Жасыл энергетика», яғни  жаңартылған көздерден энергия алу технологиялары алдағы айларға жоспарланған «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі арқауына айналғаны белгілі. «Жасыл энергетиканы» қолдану, оның пайдасы мен артықшылықтары туралы толығырақ білу үшін астаналық мейман Елдос Абакановпен әңгімелескен едік.
-Осыдан төрт жыл бұрын Елбасының бастамасымен «жасыл экономикаға» көшу туралы Тұжырымдама бекітілді. Аталған Тұжырымдаманы қолдау мақсатында біраз жобаларды қолға алыпсыздар…
-2013 жылдың 30 мамырында ҚР «Жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасы бекітілді. «Жасыл экономикаға» көшу Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде қойылған мақсатына қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Тұжырымдаманың негізгі 7 бағыты бар. Олар: суды, энергияны тиімді пайдалану, ауа ластануын азайту, қоқысты тиімді пайдалану деген сияқты бағыттар. Әр бағыттың өзінің индикаторлары бар. Біздің ұйым осы аталған бағыттар бойынша төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нақты нәтижелерге тоқталсақ, 2015 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Арнасай ауылында «жасыл технологиялар орталығын» аштық. Орталықта 35 техология орналасқан. Біз «жасыл технологиялардың» арқасында жылуға кететін шығынды 40%-ға дейін төмендеттік. Осылайша коммуналдық шығындарға кететін қаражатты үнемдеп жатырмыз. Әртүрлі тиімді әдістерді қолдану арқылы суды 70-75%-ға дейін үнемдедік. Күн коллекторларын қолданамыз. Арнасайдағы орталықта эко қонақ үй, екі жылыжай бар.IMG_4589
Эко қонақ үй жобасын «Coca-Cola»  халықаралық қорының қолдауымен іске асыра бастадық. Жобаның мақсаты – ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті, эко туризмді қолдау. Еліміздің басқа облыстарында тұратын адамдардың бәрі Арнасайға келіп «жасыл орталықтарды» көре алмайды. Сондықтан, әр облыстарда «жасыл орталықтарды» ашуды қолға алдық. Бүгінде мұндай орталықтардың жеті облыста орналасуы жақсы көрсеткіш деп білеміз. Олар: Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Ақмола облыстарында бар. Келер жылдары орталықтардың санын көбейтуге күш саламыз. «Жасыл технологиялар» бағытында белсенді жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдар, мекемелермен бірлесіп, өзіміз меңгерген методиканы, тәжірибені бөлісуге дайынбыз.
-«EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысты пікіріңіз.
«EXPO көрмесінің бізге пайдасы қандай?» деген сауал бәріміздің ойымызда жүргені анық. Біріншіден, халықаралық көрме еліміздегі жасыл технологияларды дамытуға серпін берді. «Жасыл жобалардың» инвестициялық портфельдері құрылады. Өнертапқыштар ұсынған жобаларды қаржыландырудың жолдары іздестіріледі. Жасыл технологияларды күнделікті тұрмыста қолдану арқылы үйдегі жылуға, жарыққа кететін қаржыны үнемдеуге болады. Мысалға, энергия үндемдеуіш шамдар бар. Оның бәрін интернет арқылы немес біздің сайттан https://greenkaz.org/ қарап танысуға болады. Екіншіден, отандық өнертапқыштар халықарылық озық үлгідегі тәжірибелермен танысады.
Біз «EXPO-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтарды күтетін аймақтарды дайындауды қолға алдық. Арнасай ауылының аумағында жасыл технологиялар орталығынан бөлек, «EXPO CAMP» жастар лагері бар. Ол жерде сауықтыру, демалу шараларымен қатар, «жасыл технологиялардың» жұмысымен танысып, экология, спорт, туризм тақырыптарында шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Лагерьдің жастарымен бірге Вячеслав су қоймасына барып, табиғат аясында серуендейміз. Жоспарланған жұмыстарды орындау үшін лагерь қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған, шеберлік сыныптарын өткізу үшін отандық және шетелдік тренерлер жұмылдырылады. Лагерьге 200 жоғары сынып оқушысы мен студентті қабылдаймыз деп жоспарладық. Олар бес күн лагерьде болады. Соның бір күнін «EXPO-2017» көрмесін тамашалауға арнамақпыз.
Арнасайға келген қонақтар жасыл технологиялардың жұмысымен, оларды қолданудың әдістерімен танысады. Экологиялық таза, табиғи тағамдардан дәм таттады.
«EXPO-2017» халықарылық көрмесіне орай Арнасай ауылының ішінде Сарыжайлау этно ауылын жасап жатырмыз. Көрмеге келген шетелдіктер мен Астана қаласының тұрғындары энергияның жаңартылатын көздерімен, баламалы энергиялармен, қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен танысады.
Қостанайда атқарылған жобалар?
-Қостанайдағы біздің негізгі серіктесіміз – «Ожерелье зеленых практик» ҚБ директоры Галина Шнайдер. Галина Борисовна Қостанайда жасыл экономиканы дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген әріптесіміз. Мұнда Хатико орталығымен де серіктес ретінде жұмыс істейміз.
Қостанай облысындағы маңызды бағыттардың бірі – органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыту. Қостанай – Қазақстан бойынша осы бағытта ең дамыған облыс болып есептеледі. Мұнда 30-ға жуық кәсіпорын органикалық өнімдер шығарып, шетелге экспорттайды. Сондай-ақ, қаланың іргесіндегі Золотой Фазан қонақ үй ауласында күн коллекторлары, паньелдері бар. Соның бәрін көрсетіп, таныстыру үшін бүгінгі семинарды ұйымдастырудамыз. Біздің мақсатымыз «жасыл экономиканы» іске асырғысы келетін адамдарды тауып, оларды қолдау, гранттық және басқа да әртүрлі жобаларға қатысуға көмектесу. Қостанайдағы ынталы азаматтар бізге хабарласу үшін Шнайдер Галинаның ұйымы арқылы немесе біздің жеке сайтымыз арқылы байланыса алады.
-Әңгімеңізге рақмет.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓