Өрттен құтқарылды
Таран ауданының полицейлері өртеніп жатқан үй ішінен ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі маманы Сәуле Нүрпейісоваға сілтеме жасап.
Таран аудандық полиция бөлімінің аға сержанттары Нұрболат Тілеубергенов пен Руслан Мұқанов Тобыл ауылындағы үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын көреді.
«Полицейлер оқиға орнына жеткенше үй шатыры отқа оранған. Аға сержант Тілеубергенов терезеден қарап, іште ер адамның жатқанын көреді. Ол терезені сындырып, үй ішіндегі барлық бөлмені тексеріп шықты. Тілеубергенов пен Мұқанов ес-түссіз жатқан ер адамды сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін аудандық орталық ауруханаға жеткізілді», – деді Сәуле Нүрпейісова.
Осылайша, тәртіп сақшылары ауыл тұрғыны Иван Тихоходты үй өртінен құтқарды. Таран аудандық өрт қызметінің қорытындысы бойынша, үй өрті отты абайсыз пайдаланудан шыққан.