ЖАЗБА АЙТЫС: Серікжан мен Ержан
Әуелі Алла тәңірім
Одан соң Расұл пайғамбар, үмбетке төккен махаббат.
Одан соң тұрған Алашым,
Талай бір жылғы сордан соң,
Басына тұрған бақа-бақ,
Осындай қазына болғасын,
Көкірек көзі ашықтар біздерді мына жер басқан,
Қалайша сорлы атамақ.
Айналайын туған жер,
Белімді бекем буған жер,
Қадіріңді ел тұрмақ,
Білетін қызыл шақалақ.
Бісміллә, Алла қолдасын,
Еш жамандық болмасын,
Жолыңды сенің ұлы елім,
Шапағатшың оңдасын,
Бастырып Алаш таңбасын,
Бетке алдым өлең ордасын.
Кеудеде тұрған жүрегім
Сен деп соғады, ұлы елім.
Мәңгі сені жырлайын,
Жер-бесікке жатқанша,
Тасл бесіктік жамбасым…
Қом суларың менен қоғалың,
Жасыл желек орамың,
Бірлікті бекем ұстап тұр,
Астықты шапқан орағың.
Кешегі өткен Ыбырай,
Амангелді, Әліби,
Шыңғыс пенен Шоқаның,
Ахмет пенен Омарың
Көз алартқан жауыңа,
Бет қаратпас бораның.
Бораның солар бораған,
Солар ғой аққан Обаған.
Айналайын ерлерім,
Белгісіз жатқан көрлерің,
Ел үшін кешкен өмірмен,
Ел үшін қиған жаныңа,
Садаға кетсін садағаң.
Деп қазақ айтқан басынан,
Топырағыңда туған ерлерге,
Айналайын Қостанай,
Бас ұрам тағы, бас ұрам.
Құсмұрында мекендеп,
Тобылды суға жуынған,
Қазаққа мәлім бұрыннан,
Уәлихандай еріммен,
Айғанымды қалай жасырам.
Солардың арқасы деп білдім,
Қазақтың аты шыққанда
Омар деген ақының,
Жауыңа салған батырың,
Дауыңа салған ақылың.
Махамбеттің жебесі,
Өлең де сөздің төресі,
Дәуірдің болған жыршысы,
Омардай ұлын ұлы елім,
Білмейді екен неге осы?
Осыны ойлап көңілім бір босап тағы мұңданды,
Ұлы ұлдары елімнің алға тартқан кемесі,
Мәңгілікке жол тартқан қазақ деп тұрған өресі,
Жерімде солар жатқанда,
Біз мәңгі болмай кім мәңгі.
Ержан:
Біссміллә, бастадық қой жайдары істі,
Ақындармыз сөз айтпас жай жабысқы.
Торғайымның тарихын жырлап беріп,
Кеудедегі ояттың бай намысты.
Мақтап тұрып арқаға оқ ататын бар,
Қай кезде пенделерден айла ауысты.
Ассалаумағалайкум, аға ақын,
Сездім, таңба басқандай тайға күшті.
Таң ата, айып қылма, қол тимеді,
Мектептегі ҰБТ-ға байланысты.
Бастасам сөз мағыналы, дариялы,
Қостанайым, армысың қариялы?
Фариза, Омар сыңды ақындарға
Айтыс жасап беріп жатсың жариялы.
Иншалла, имани бай халықпыз ғой,
Бақыт құсы қоныстансын əр ұяны.
Ассалаумағалайкум, жас ақындар,
Жастар жылы көбейіп жас отбасы,
Əр қыз-жігіт болсыншы жанұялы.
Шығыстың ақыны едің дүр атағы,
Өленіңді бар халық ұнатады.
Оқыдым мен де өлеңді бірнеше рет,
Астарлы ой. Сезім сыры жылатады.
Шығыстың атын емес, бірақ қазір
Астананың атын көпке жырлатады.
Серікжан:
Кіріпсің ҰБТ-ға, саспа, бала,
Алдыңда алатын көп асқар ала.
Шығыстан шыққандығым рас менің,
Содан соң көшіп келдім астанаға.
Астана одан кейін нұрға айналып,
Тарихты тізіп тұрып таспалады, ә?
Шығыстан шайыр болып келдім көшіп,
Шайырлық ұлы көштен бастала ма?
Ақын боп қалдым кетіп жаққа мына,
Елден кеттің деп, інім, тақпа кінә.
"Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан", –
Деп Мұқаң айтып еді ақтарыла.
Бөлмеймін туған жерді "шығыс, батыс" деп мен,
Мен үшін қымбат оның батпағы, сатпағы да.
Ақын боп өлең сөзді бастадық біз,
Жүректерге тағдырдан бақ дарыды, ә!?
Бұл елді тірі тұрып жырламасақ,
Ақын болып өлуден сақта, құда…
Ау, барсың ба, Ержан бауыр қостанайлық?
Өзіңді күте-күте қас қарайды.
"Дау басы – Дайрабайдың сиыры" деп,
Айтамыз біраз болды баспанайды.
Семейден шыққан жандар өр еді ғой,
Астанаға көшкенім сол еді ғой.
Ау, бауыр, сөзді лайықта,
Өмір дейтін қайықта,
Байбалам салма, бауырым,
Бармай жатып байыпқа.
Шығыстан шыққан дейсің ғой,
Көп ақындар аңсаған.
Астанамды жырласам,
Ақындығыма айып па?
Ержан:
Жүрегім қалап отыр шаппа-шапты,
Неге ағам босқа басқа жаққа лақты?
Қыран менен торғайды айқастырып,
Қарсы қойған екен ғой бапқа бақты.
Кұдаңыз құдай ма еді сақтайтұғын?
Ағатай, аң-таң болдым бұл қылыққа.
Манадан жырлап едің "раббым бір" деп,
Құдаға сиынып жын ұрып па?
Ақынсыз бағындырған көп белесті
Сонда қалай түкірдің құндылыққа?
Жырлаңыз астананы, айыбы жоқ,
Көшуге адамдардың байыбы көп.
Есіңізде бірақ та болсын, аға,
Бас қалада адамдар тұра алмады,
Балконда үрлемелі қайығы жоқ.
Серікжан:
Құда дегенім – құдайым,
Құдай сөзінің қаңқасы.
Сенбесең қара жырларды,
Қазақтықтың жартасы.
"Сақта, құда" деп айтатын,
Қазақтықтың салты осы…
Былғап сөзді бөтенмен,
Ұқпадым жөнді көтерген.
"Лақтың" деп отырсың,
Бет албаты лағатын
Әнші емеспін, көкем, мен.
Ержан:
"Ай, құданың құдіреті" деп айтатын,
Құдай жоқ деп үйреткен заманда.
"Сақта, құда" қалып па сол кездерден?
Есітпеген ондайды шамалы адам.
Бір тақырып бастаңыз үлкен болып,
Шаппа-шап басталмаса бағанадан.
Ал, бауырым, жырлағын
Басқа бақтың тұрғанын.
Алты алаштың құрбанын,
Нөпір елдің мұңдарын,
Ал, бауырым, Ержаным,
Бұлақтай таза жасынан.
Айтыс деген аламан.
Аламанда шабайын.
Тереңге сүңгіп қарайын.
Қартайға айтқан кезінде
Әсет ақын жұмбағын бір есіме алайын.
Бірақ та Қартай емессің,
Ақын боп туған жөргектен,
Суырыла шығар дүрмектен.
Мен де Әсет емеспін,
Бірақ та айтар сөзіміз
Солар салған бір мектеп.
Ау. бауырым. бауырым. мерейіңді асырам,
Ал, тыңда, жұмбақ жасырам,
Бұл жұмбақты шешсеңіз,
Ақылға толар текшеңіз.
Сал-серідей күн кешіп,
Жерге тимес өкшеңіз.
Бетіңді бері бұр-дағы,
Жұмбағымды тыңдағын,
Өлім дейтің мұң бар ед,
Оны жеңген кім бар ед?
Қандай бар бір құдірет?
Құдайдан кейін шебер кім?
Ау, бауырым, бауырым,
Өлең болған каруың.
Бұл ағаңа жат сынды
Күту менен зарығу.
Жіпсіз байлап ағаңды,
Көрсеттің біраз шамаңды.
Жалтыратып табанды,
Бұл айтқаным қайрау ғой.
Жаман ойлап қалмағын,
Сөзіңнің аңды салдарын,
Айтысқа қосшы жүйрікті,
Ерттеп мінбей шабанды.
Жүйрікке мін де тоқтамас,
Қарамай шапқын, саңлағым.
Бастан кетпей жайт әлі,
Ақынның көп қой айтары.
Сынаушының қашанда,
Байқары көп, байқары.
Ау жүректен шығып туласын,
Бір сөзіңе қайтарым.
К өзіңнен өлең жағылар,
Жармаспас саған жабылар
Байтал түгіл бас қайғы,
Айтар сөзім тағы бар.
Бір жусан шықса қозыға,
Сөзіңе жауап табылар.
"Сақта, құда" деп айтқан
Кезінде халық ішінде,
Ескі жұрттан тауып ал.
Бұл сөзімді әр қилы
Айтады ғой ауыл әр.
Әр жылқының қашанда
Бөлек болып жүрісі,
Сол секілді әр елдің
Бөлек болар тұрысы,
Шығыс, батыс ұқсамас
Бір болса да ырысы.
Бабадан қалған сөзді айттым,
Ұқпаған жанның менімен
Болмай-ақ қойсын жұмысы.
Жұмбаққа қандай жауабың?
Өлеңнің жаққын алауын.
Әлде жауап қата алмай,
Құлады ма жалауың?
Жас та болса бас болғын,
Әсеттің айтқан өсиетін
Мен өзіңе айтайын,
Сауабың тиер, сауабың,
Мықты ақын боп өсерсің,
Ақ кіреуке жағалым,
Ал құлақ тос, бауырым,
Жіберейін сен жаққа
Өлеңнің соққан самалын.
Ой дегенің желін ғой
Сауып қалсаң төгілер.
Сөз дегенің сенім ғой
Ақиқаты көрінер.
Өлім дейтін мұң бар ед,
Оны жеңген кім бар ед?
Жалғанда жалғыз ақиқат
Өлім дейтін еді ғой.
"Туған жерде қазылсын көрім" дейтін еді ғой.
Өлеңге шапқан құланым,
Алаш дейтін ұраның,
Мен өзіңнен кешесін
"Өлімді жеңген кім бар?" деп
Сұрадым ғой, сұрадым.
Тосқаныма көп болды,
Жауап ақыр жоқ болды.
Жұмбақтың басы сұрау ғой,
Оған жауап мынау ғой :
Оны жеңген – арыстар
Елі үшін қиған жандарын.
Көтеріп ауыр салмағын,
Тәуекелге барысқан.
Кешегі өткен Бейімбет
Елі үшін жүрген егесте
Өлімді жеңді емес пе?
Елі үшін жанын қиярын жақсы сезген Кеңесте.
Халқы үшін қызмет істеген
Күрескен алып күшпенен.
Жандарды мынау, жандарды
Өлімді жеңді демеске
Қалай болмайды, қарайла.
Қызмет қылған талайға.
"Сөз қалдырған артынан
Адамды өлді демейді"
Деп айтқан ед Абай да.
Екінші тағы айтарым,
Жібіп кетер жұмыр ет,
Қандай бар ед құдірет?
Ол, әрине, сөз, қалқам,
Тербеткен сәби-қартыңды.
Сонымен туып бұл әлем.
Өсіп келеді қарқынды.
Сөз құдіреті емес пе,
Мақұлықтан айырмаң
Далада жүрген сан түрлі.
Бұны ұқса игі қоғамың,
Мінберге қоймай олағын.
Сөзімен есте қалды ғой
Кешегі өткен Омарым.
Амангелді ерлігін,
Ыбырайдың кеңдігін,
Жеткізген мына халыққа.
Сол еді ғой жоралым,
Сөз деген сол керемет
Құдіреттің шапқан томарын.
Ержан:
Сұрағын қояр көлденең,
Ешбір жан естіп көрмеген,
Құмары қанбай айтысқа,
Жан екенсіз шөлдеген.
Өмірдің құны мүлде өтелмейді,
Бескүндік ғұмыр ертең өтер мейлі.
Жиренше баба айтқандай,
"Ғалымның хаты өлмейді,
Жақсының аты өлмейді".
Жылататын, жұбататын, жібітетін,
Ойландырар бір мақал түседі еске.
Қап-қара мұз боп қатқан сұр жыланның
Жүрегін жылытатын сөз емес пе.
Ал үшінші сұрақтың
Жауабы адамзаттың жүру керек басында,
Əлемдегі сұлулықтың құпиясы осында.
Жүрсін ата айтқандай,
Əйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол шебер.
Бақытты сенде болмайсың,
Əйелің сорлы болса егер.
Серікжан:
Құдайдан кейін ең шебер –
Ақын дейтін ғаламат.
Залым біткен сол жанды
Жан-жағынан таламақ.
Құдіреттіндей құдайдың
Қолында оның қаламы.
Ғұмырынан бағалы.
Жүрегінде сайрайтын
Ғалам әні, ар әні.
Құдайдың бір сызбасы –
Үстелдегі парағы.
Әулиелігі бойында
Тұрған сондай адамды
"Құдайдан кейінгі шебер емес" деп
Айтуға қалай болады!
Ержан:
Ақындардың шектеулі уақыттары,
Шектеулі қозғалатын тақырыптары.
Болмаса да бұрынғыдай сөз бостандық,
Айтыс үшін шарықтап тұр бәрінің бақыттары.
Иə, міне, келгендей қоштасар сəт,
Бəлкім, өтіп-өтпеспіз. Сен бір тіл қат.
Амандықпен, ағатай, жолыққанша,
Болашақты "құдаңнан" сен тілеп жат.
Біздер енді, тыңдаңыздар, көш бастарың,
Бауыр болып өтейік бұл ғұмырдан,
Көтер басты. Самға биік, жас достарым.
Бөлінбеңдер, шекерадан аңдиды жау,
Қазаққа керек қазір бас қосқаның,
Көтер басты, ояныңдар жас достарым.
Серікжан:
Ал, бауырым, ақыл тында ағаңнан,
Сөз парқын біл, озам десең заманнан.
Біле білсең, өлең дейтін ғажайып,
Дүниеде сен мінетін жол арбаң.
Тұрғанда өмір алмасып,
Қалмасын жанды қар басып.
Құдама сыйынып жатсам да,
Ешкімнің болмас шаруасы.
Дүние мәңгі тұрмайды,
Уақыт құстай зырлайды,
Ақынның айтар бір сөзін
Қазір кімдер тыңдайды?
Асқақтап мәңгі жүр мейлі,
Дүние перде түр мейлі.
Жазба жасты көбіне,
Қазірде халқым білмейді.
Айтысты жаны қалап-дүр,
Көп ақындар жарысқан.
Соларды елге танытқан,
"Қостанай таңы" жарап тұр.
Өлеңнің болып орманы,
Көтеріп сөздік дорбаны,
Ақындар, аман болыңдар,
Бақытым, барым қолдағы.
Қостанай, сенде аман бол,
Ахметтер күресіп,
Тәшеніп атам тіресіп,
Кесел, дерттен ап қалған,
Қазақтың алып қорғаны.