Азия Кубогын иеленді
Рудныйлық спортшы Таңсұлу Тілеуберген дзюдодан Азия Кубогының иегері атанды. Кадеттер мен жастар арасындағы байрақты бәсеке Ташкент қаласында өтті. Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің 400-ден астамы үміткері 15 салмақ дәрежесі бойынша өз бақтарын сынады.
– Татамиде төрт қарсыластың барлығын жеңіп шықтым. Ең қиыны финалға шығу болды. Алайда күнделікті дайындық пен жаттықтырушым Бибарыс Шеденовтың кеңестері көп көмегін тигізді. Ендігі мақсатым – Азия Чемпионатына қатысып, жүлдегер атану, – дейді Таңсұлу.
Қаршадай қазақ қызы спорттың бұл түрімен үш жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт аралығында жақсы нәтижелеге қол жеткізіп, спорт шеберлігіне үміткер нормативін сәтті қорғап шықты.
Айта кетейік, Өзбек еліндегі жарыстан қазақстандық спортшылар 31 медалмен оралды. Оның сегізі – алтын. Азия Кубогынан кейін Таңсұлумен қатар рудныйлық Жансая Ерқуанышева мен Дина Балун ұлттық құрамаға қабылданды. Жерлестерімізді құттықтап, алдағы уақытта тек қана жеңіс тілейміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ