Айып аспаздардан

Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сараптама қорытындысын шығарды. Мамандар Рудный тау-кен технологиялық колледжіндегі асхана қызметкерлерінен стафилококк бактериясы табылғанын айтады.
20 сәуірде колледждің 70 студенті тамақтан уланған еді. Олар жүректері айнып, әлсін-әлсін құсып, іштері тоқтамай жатқанына шағымданған. Жұқпалы аурулар бөліміне жағдайы ауыр 14 науқас жатқызылыпты. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, департамент пен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары жергілікті "S_salta" ЖШС жалға алған асханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді.
«Зертханалық сараптама нәтижелері көрсеткендей, асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды. Дайын өнімнің барлық үлгілері микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Ауруханаға жатқызылған студенттер ағзасынан да аталған бактерия табылды», – деп хабарлайды департаменттің баспасөз хатшысы Гүлмира Мағзұмова.
Мамандар инфекция аспаздардан тарағанын айтып отыр. Оның сыртында, асхананың жалпы қызметінде де олқылықтар көп.
«Тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу деректері де анықталды. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, асты сақтау шарттары мен пісіру технолгиясына жүрдім-бардым қарап келген», – деп толықтырды Г.Мағзұмова.
Мамандар індет ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданбақ.
Ал жағдайлары қалыпқа келген барлық студент 26 ​​сәуірде ауруханадан  шығарылған. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓