Елдік тірегі, егемендік нышаны
Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің нышандары – Ту, Елтаңба, Әнұран ұлықталатын күн. Бұл маңызды мерекені қостанайлықтар бүгін ғана тұсауы кесілген "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" саябағында қарсы алды.
"Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда тәуелсіздіктің көк туы. Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар. Лайым бетімізден жарылқасын! Үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабаларымыздың аруағы желеп-жебеп жүре берсін!",– деген асқақ рухты сөзін Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан болатын. Одан бері артымызға 25 белес қалдырдық. Әлем әлпетінде әнұранымыз талай мәрте шырқалып, ту сан мың рет бедел биігінде желбіреді. Мемлекеттігіміздің мөріндей Елтаңба мақтанышымызға айналды.
– Осыншама жыл ішінде Туымызды от шарпымай, Елтаңбамыздың еңсесі жығылмай, бейбіт күн астында абыройымыз асқақтай түсті, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде. – Бұл атаулы күннің мән-маңызы ерекше. (…) Мемлекеттік рәміздерімізді әрқашан ардақтай, құрметтей білейік. Мереке баршаңызға құтты болсын!
(Әлеуметтік желі тұтынушысы Н.Бекентаевтің бейнежазбасы)
Спортшылар, өнерпаздар, оқымыстылар – бір сөзбен, сан саланың саңылақтарының арқасында айдай әлемге абыройымыз тарады. Қазақстан мәртебесінің шыңдарға шығандауына қостанайлықтардың да қосқан үлесі қомақты. Солардың бір парасын өңір басшысы бүгінгі салтанатты шара барысында марапаттады. Өнеркәсіп саласын өркендетіп жүрген өрімдей жас, айрықша қабілетті қолөнер шебері, робот құраудан халықаралық байқау жеңімпазы, жетістікке жеткен ғалымдар, ұстаздар, еңбегі еселі комбайншы, қыруар өмірді құтқарған дәрігер, дарабоз дизайншы, геоглиф жұмбағын шешкен зерттеуші, өжет өрт сөндіруші және ержүрек полицей, сайыпқыран спортшы, алыс-жақын елдерді мойындатқан күміскөмей әнші, т. б. облыстың ғана емес, елдің дамуына үлес қосып жүрген 25 азаматтың есімдері еленді.
Одан әрі, бүгін ғана пайдалануға берілген Тобыл өзенінің жағалауындағы саябақты лық толтырған қала тұрғындарын өнерпаздар әсем ән-күймен құттықтады.
(Материал кейінірек жаңартылады)