Ең тиімдісі – электронды жолақы

Қостанай автобустары жолақыны қабылдаудың электронды жүйесімен қамтылады. Әзірге мұндай құрылғылар қаладағы алты маршруттық көлікке сынама ретінде орнатылды, деп хабарлайды alau.kz.валидаторБұл пилоттық жобаға қатысу үшін үш маршрут: №3, 5 және 18 автобустар екеуден таңдалды. Валидаторлар жол жүру билетін "есептеуге" арналған.
"Олар сынақ режимінде сыналады. Карточкалар іске қосылып, оған виртуалды ақшалар жүктелді. Сол арқылы жолақы төленеді. Күн соңында олар қанша адамның мініп-түскені, қанша төлегені туралы ақпарат алады. Сондай-ақ, жолаушылар деңгейлерге бөлінеді, яғни кімге жолақының тегін, кімнің жеңілдігі бары көрсетіледі", – дейді Қостанай әкімдігінің ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор жетекшісі Нұралы Есіргепов.
Қанатқақты жоба сынақтан өткізіліп болған соң, валидаторлар Қостанайдағы барлық маршруттарға орнатылады. Әзірше әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның ішінде жол жүру билетінің дизайны жасалуда. Белгілісі, олардың бірнеше түрі болады. Атап айтқанда, балаларға арналған (оларды мектепте үлестіріп береді), ересектерге (билеттерді сатып алуға болады) және жеңілдігі бар жандарға (оларға әлеуметтік қорғау органдары арқылы беріледі) арналған.
"Біз тасымалдаушылар кəсіпорындарының ашықтығын көреміз, жолаушылардың қозғалысын бақылап, олардың қаржылық қызметін қадағалай аламыз. Осы негізде тарифті көтеру немесе төмендету қажеттілігі айқын көрінетін болады", – деп толықтырды Н.Есіргепов.
Мұның сыртында, осы құрылғы арқасында қалалық әкімдікке қандай маршруттарды субсидиялау керектігін саралау оңайға түспек. Айта кетерлігі, жол ақысын қолма-қол төлеу мүмкіндігі де сақталады. Бірақ жолақы билетін тұтыну әлдеқайда арзанырақ болады. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓