Батыр рухына тағзым
Қазақтың жаужүрек батыры, алғашқы Тарханы, мәмілегер Шақшақ Жәнібектің ескерткішінің облыс орталығынан орын тепкеніне екі жыл.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша, батыр ұрпақтары осы еңселі мүсіннің түбіне тағы жиналды. Мақсат – баба рухына тағзым жасап, құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып, құрмет білдіру. Сол үшін Тарханның үрім-бұтақтары облысқа қарасты аудандар мен қалалардан арнайы келген. Олар зияраттан соң өзара сұқбат-кеңес құрды.
"Баһадүр бабамызға ел-жұрт болып құрметімізді сездіріп тұрсақ артық емес. Ұлттың қалыптасу тарихына көз жүгіртсеңіз, Шақшақ Жәнібектің қазақ даласына қылған еңбегі өлшеусіз. Ал оны елеп-ескермеу – бүгінгі ұрпаққа сын. Енді, халықтың қаржысына орнатылған ескерткіш төңірегінен батыр атына бір көше берілсе деген көкейде арманымыз бар. Бірақ, әлі де болса ниетсіздік пен немқұрайдылық байқалады. Неге екені түсініксіз", – дейді батыр ұрпағы Өмірзақ Бекұлы.