Бүгін Қостанай қаласында барлық мекеме-ұйымдар сенбілікке шықты. Жыл сайынғы дәстүрге айналған қоғамдық іске "Қостанай таңы" газеті редакциясының қызметкерлері де үлес қосты.

"Әркім өз ауласын сыпырса, біздікінен таза ауыл болмас еді", – дейтін Л.Толстойдың сөзі бар еді ғой. Сол айтпақшы, біздің ұжым қаламдарын бір уақ күрек-тырмаға ауыстырып, бірлікті іске білек сыбана кірісті. Редакция маңайын, жылан жалағандай қылмаса да, қар астынан қарайып шыққан қоқыс-қалдықтардан тазалады.

Жалпы, жергілікті әкімдік үндеуімен басталатын сенбілікті әдепті әдет, үлгілі үрдіске балауға болады. Былайша айтқанда, мұндай жалпықалалық сенбілік тұрғындарды қоқыс қыруға емес, тазалық сақтауға дағдыландыратындай. Өйткені тазалық – жиналған жерде емес, шашылмаған жерде.