Түтіні түзу ұшсын десек…

Әркімге өзінің туған жері  мысыр шаһар емес пе! Туған жер-ол сенің ата қонысың. Менің кіндік қаным тамған жер –  екі көлдің ортасында орналасқан, жүз шақты үйлі шағын ғана  ауыл. Бір жағы «Қошқар», екінші жағы « Орыс өлген» деп аталады. Сол екі арада биік дөң болатын.  Біздің ауыл сол. Қазір онда ешкім жоқ. Бәрі тып-типыл.  Тек, ата-бабаларымыздың зираты қалды. Жыл сайын екі-үш мәрте соғып, құран бағыштаймын. Айтайын дегенім, әлгі  дөңге көтерілгенде жүрек солқылайды. Білмеймін неге екенін?! Туған жердің құдіреті деген сол шығар, бәлкім!
САЙРАН БУКАНОВ
Менің өмірімнің көп бөлігі «Харковский» кеңшарында өтті, бірақ, балалық шағымның ізі қалған ауыл маған өте ыстық көрінеді.
 «Елу жылда ел жаңа…» дейді біздің қазақ. Бәрі өзгерді. Ертеде  әжем марқұм: «Осы Маркс екі рет өліп, екі рет тірілді»,- деп айтып отыратын. Ол кезде баламыз, сөзге онша мән бере қоймаймыз.  Біздің қазақтың тамыры ауылмен байланысты. Салт-дәстүр, рухани байлықтың бәрі ауылдан басталады. Өкінішке қарай, қазақ қазір қит етсе қалаға көшеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында міне осы олқылықтың орнын толтыру керек дейді. «Туған жерге-туың тік!» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Негізі, халыққа жұмыс тауып берсе, жақсы жалақы төлесе, лайықты жағдайын жасаса ауылдан ешкім кетпесі анық. Бұл бір мәселе. Екіншіден, ауылға бала бақша, мәдениет үйі, керек. Жол, ауыз су қажет.
Қазір мұғалімдер неге ауылға бармайды? Онда қаладағыдай көп сынып жоқ, Сағаты да аз.  Сондықтан жалақысы да мардымсыз. Ал қалада бір сыныптың өзі бірнешеуге бөлінеді. Мұның сыртында қосымша  сабақ беруге болады. Адамды тұрмыс билейді. Қазір дәрігер, мұғалім сияқты мамандық иелері ауылға барып, от жаққысы келмейді. Демек, жас мамандарды өңірлерге жіберу үшін, алдымен оларға лайықты үй-жай салып беру керек. Шалғай елдімекендердің әлеуметтік жағдайына жіті мән беру қажет. Сонда ғана туған жердің түтіні түзу ұшады.
Сайран Бұқанов,
Қазақстанның Еңбек Ері,
облыстық мәслихаттың депутаты.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓