Уақтылы шешім
Меніңше, бұл дер кезінде қабылданған шешім. Байқап отырсыздар, бүгінде билік халыққа етене жақындады. Ел-жұрттың мұң-мұқтажы айрықша назарға алынып, тұрмыстың түйткілдер кешенді түрде шешілуге бет бұрды. Нақты іс-шаралар тиянақты жүргізіле бастады. Алайда мұның бәрі, шынтуайтына келгенде, әлі пәрменді күш алған жоқ. Сол себепті де қоғамды дамытуға серпінді қадамның бірі – сайлау. Мемлекетіміздің бүкіл халық таңдап алған президенті болса, батыл қадамдар жасауға жол ашылары анық.
Екіншіден, қазіргідей әлемнің алмағайып кезеңінде жайбарақаттыққа жол беруге болмайды. Еліміз дамудың сапалық жаңа деңгейіне көтерілген кезеңде бәрінен бұрын ең қымбаты – уақыт. Оны зая жібермеу аса маңызды. Көп векторлы саясат жүргізіп отырған мемлекетіміз үшін сыртқы эконмикалық байланысты анағұрлым тиімді жүргізу еліміздің әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететіні анық. Бұл үшін де бір қолдағы нақты билік керек.
Жоғарыда айтқанымыздай, халықтың әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөлініп отыр. Ұлт дамуының шешуші факторларының бірі отбасы десек, көп балалы аналарға қамқорлық мейлінше тегеурінді жүргізілу керек. Ал сайлау осы қозғалысқа тың серпін бере ме деген ойдамын. Өйткені сайлау кезінде қарапайым халық өзінің ой-көзқарасын, ішкі пікірін ашық айтуға қолайлы сәт туады. Әрине, сайлау беталды бола салатын саяси науқан емес. Ол елдің конституциялық заңдарына, талаптарына және қағидаларына сай келуі шарт. Сайлау кезінде әр азамат өзі үшін ғана емес, өз елінің болашағына алаң болады.
Сайлау – азаматтардың саяси құқығына жол ашатын фактор. Сайлау бәсекелестікті арттыруға септігін тигізеді. Бәсекелестік кезінде сапа артады. Топ жару үшін саннан сапа маңызды. Бұл орайда халық немесе халық қалаулыларының қателікке бой алдырмауына мүмкіндік туады.
Ендігі негізгі діңгек – ашық және әділ сайлау. Халық оған даяр.
Жанұзақ Аязбеков,
"Қостанай таңы" газеті редакциясы" ЖШС Директоры-Бас редакторы