Көше көркіне әркім жауапты

IKomek орталығына қаңтар айының 13 мен 20 арасында қала тұрғындарынан 1310 өтініш келіп түскен. Оның 1034-і қанағаттандырылып, 276 өтініші бойынша жұмыс жүргізілуде, ал 31-нің орындалу мерзімі кешіктірілген.
Тұрғындар қар мен мұздан тазарту, қоқыс жәшіктерінің толып қалуы және көше жарығының жоқтығына шағым айтқан. Қалалық мердігер ұйымдар қар аршу жұмысымен күні-түні айналысуда. Бірақ осы мәселеге қатысты кейбір меншік иелерінен заң бұзушылық анықталып отыр.
Атап айтар болсақ, Абай даңғылындағы "Алтын Орда" сауда орталығы, Назарбаев даңғылындағы "Фирма" полиграфиясы, Жамбыл көшесіндегі "Шахерезада" сауда үйі, Карбышев 8А мекенжайындағы "Мастер Цвета", "DIA" жарнама агенттігі және ауылшарушылық бөлшектерін сататын дүкен қала аумағын абаттандыру тәртібін бұзған. Яғни, нысандар өз аумағына жауған қарды көше бойына үйе салған. Қала тазалығына жауапты мердігер ұйымдар оған наразы және тазартуға да құлықсыз.
Шаһар басшысы полиция басқармасына аталған мекенжайларға барып тиісті жұмыс жүргізіп, қарды тазартуға міндеттеуді тапсырды.
Әкімнің сынынан кейін Карбышев 8А мекенжайының нысан иелері бірігіп, үйіліп тұрған қарды аршып тастады.
– Қала әкімінің ескертуінен кейін, көріп тұрғандарыңыздай, аумақты қардан тазарттық. Осы жұмыстар үшін 2 камаз, 1 жүк тиейтін көлікті жалға алдық. Барлығы төрт камаз қар шығарылды. Жұмыстың құны 75 мың теңгеге шықты, – деді ауылшарушылық бөлшектерін сататын дүкен иесі Артур Герр.
Әкімдікте жалғыз қар мәселесі талқыланған жоқ. Көшедегі істен шыққан жарық шамдарына қатысты да сын айтылды. Әсіресе, "Юбилейный" шағын ауданының аулаларына қойылған 106 бағанда жарық жоқ. Тұрғындардан орталыққа осы мәселеге қатысты 84 шағым түскен.
Қала әкімі де бұл жағдайдан хабардар екенін атап өтті. Бағаналар орнатылған, бірақ шамдары жоқ көшелерді де тізбектеп берді. Жарығы жоқ аймақтарда қылмыстың да жиілейтінін еске салды.
Марат Жүндібаев қала көшелерінде орнатылған бағандардың 10% жарықшамсыз тұрғанын айтты.
– Мысалы, Кәмшат Дөненбаева көшесіндегі 130 шамның 13-і жанбайды. Қайырбеков көшесінде 361 шам бар, оның 16-сы  күйіп кеткен. Бұл екеуі де басты көше болып саналады. Екінші санаттағы Амангелді, Урицкий, Шаяхметов көшесіндегі шамдардың 20% істен шыққан. Мұхамеджанов көшесіндегі 233 шамның 63-і жанбай тұр. Қалда тіпті 30% астам жарығы жоқ көшелер бар. Жауапты мердігерлер тиісті шараларды қабылдауы керек. Ешқайсысы тегін қызмет көрсетіп отырған жоқ, адам жетпесе жалға алсын, – деді қала әкімі.
Осылайша Марат Жүндібаев мердігер ұйымға қалалық ТКШ бөлімімен бірлесіп шам бағаналарын қысқа мерзімде қалыпқа келтіруді тапсырды.
 
Сералы Мырзабай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓